05.11.2022
  277


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Құдаша

Хош келдіңіз құдашажан, құдағай,
Той болған соң ән бастадым шыдамай.
Осы тойды тамашалап отырмын,
Қонақ болып жатыңыз бір жұмадай.
Осы тойға көрік бердің құдаша,
Екі көзге ерік бердім құдаша.
Досымысың, бауырымысың жеңгейдің,
Қалай ғана еріп келдің құдаша.
Осы тойда тілдесейік қалайда,
Құдашажан айналайын жарай ма?
Сәті түсіп тіл табысып кете алсақ,
Алғысымды жаудырар ем ағайға.
Құдашажан лағындайсың еліктің,
Сізді көріп осы тойда желіктім.
Бір басыңа теңеу іздеп құрбыжан,
Ал ішімнен «елігім» дей беріппін.
Жібектің бір талындайсың құдаша,
Ақ маралдың лағындайсың құдаша.
Біз екеуміз тіл табысып кете алсақ,
Жар таңдаудан жаңылмайсыз құдаша.
Күн нұрындай жып-жылы екен дидарың,
Щуағыңды өн бойыма сыйладың.
Өліп-өшіп отырғанмен мен байғұс,
Көзіңнің бір қиығында қимадың.
Ынтық болдым құрбым сізді көргеннен,
Айналайын сізді ерткен жеңгемнен.
Сізді көріп мазам кетті құрбыжан,
Басқа жанға көңіл қосып сенгенмен.





Пікір жазу