26.10.2022
  9021


Автор: Қасым-Жомарт Тоқаев

Республика күні құтты болсын

Қымбатты отандастар!


Қадірлі қауым!


Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын!    


Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің  тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. 


Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті.  


Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді.


Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ.  Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын.  


Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы  – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында.


Біз әділеттілік туралы айтсақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің егемендікке жетуіне қосқан елеулі үлесі жөнінде айтуымыз керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздікке қалай қол жеткізіп, баянды ете алғанымыз маңызды.  Өкінішке қарай, бұл күн елімізде біраз жыл өз деңгейінде атап өтілген жоқ. Бірақ, тарихи әділдік орнады.  


Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді.


Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ.


«Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды. 


Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын.


«Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек.


Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек.


Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.


Опыт государственного строительства, сама история и вызовы времени рождают истинные символы. Недавно, на встрече с общественностью Карагандинской области, мы говорили о том, что основным ориентиром или своеобразным «маркером» нашей общенациональной идентичности должен стать бирюзовый паспорт гражданина Республики Казахстан.


Наш паспорт уважаем во всем мире, ему не чинятся никакие препятствия. Граждане Казахстана получают визы иностранных государств, пересекают границы, свободно выезжают за рубеж по служебным и личным потребностям. Это результат нашей политики укрепления межэтнической толерантности и дружбы, а также последовательного курса на обеспечение международной безопасности и сотрудничества.


Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал.


Конституция – мемлекеттігіміздің кепілі. Соған сәйкес еліміздің әрбір азаматы біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі әрі ел тағдырына ықпал ететін қоғам мүшесі. Ата Заңымыз әр адамға осындай құқық беріп отыр.


Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ – мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз – бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді. Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етуде. Бұл – нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар.  


Мен бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырдым. Ол қауіп-қатерге қарамастан, туымызды және елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. 


Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес.


Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді. Өздеріңізге мәлім, Менің тапсырмам бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі  өзгертілді.  Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ.


Біз домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар дейміз. Бұл – дұрыс. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз.  Біздің туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Оған елдің терең тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, бір сөзбен айтқанда, ұлт құндылықтарының барлығы сыйып тұр.  Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.


Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес.


День Республики, как главный национальный праздник, должен стать поистине всенародным. Я вижу, с каким воодушевлением граждане восприняли идею Дня Республики. Во всех регионах состоятся торжественные концерты, научные конференции, творческие конкурсы, спортивные состязания, будут организованы патриотические, волонтерские и благотворительные акции.


Мы должны наполнить этот праздник глубоким идеологическим содержанием и практической значимостью. Нам нужны общенациональные инициативы, которые бы максимально отражали дух и смысл Дня Республики.


Бабаларымыз бостандыққа қол жеткізу үшін күресті. Біздің буын  егемен елдің негізін қалап, тұғырын бекіту үшін  қызмет етіп жүр. Ал, ендігі ұрпақ қастерлі тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау үшін  еңбек етуге тиіс. Бір сөзбен айтсақ, біз  бұған дейін мемлекеттілігімізді нығайтуға  баса мән бердік. Енді азаматтардың мемлекетшілдік сана-сезімін арттыруға да  жете көңіл бөлуіміз керек.          


Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тұлпар мініп ту алған» жалпыұлттық эстафетасы өткенін білесіздер. Астанадан Түркістанға дейін жалғасқан «Ұлы дала жорығы» атты аламан бәйгеге  бүкіл ел көз тікті. Жақында Amanat партиясының «Жастар рухы» қанатының бастамасымен «Менің елім – менің туым» атты акция басталды.


Мұның бәрі – елдік рух пен ұлттық ұстанымды ұрпақтың санасына сіңіруге арналған маңызды жобалар. Біз жастарды отаншылдыққа баулитын осындай ұтымды әдіс-тәсілдерді іздеуіміз керек. Елімізде мұндай мысалдар көп. Бұл саладағы ең озық тәжірибені халық арасында кеңінен дәріптеуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – Республика күні өнегелі бастамалар арқылы жалпыхалықтық мейрамға айналады деп сенемін.


 


Уважаемые соотечественники!


За три с половиной года благодаря конструктивному диалогу и гражданской консолидации мы добились ощутимых успехов в политической модернизации и демократизации страны. Сумели серьезно укрепить систему защиты прав человека. Запустили процесс кардинальной трансформации и обновления государственного аппарата. Значительно расширили возможности для созидательной общественной активности и политического участия.


Мы предприняли решительные шаги для повышения качества жизни граждан, демонополизации экономики, развития честной и открытой конкуренции. Проголосовав на республиканском референдуме за поправки в Конституцию, мы придали ей дух истинной справедливости и подлинной демократии.  Голос нашей страны на международной арене стал звучать еще весомее.


Мы последовательно укрепляем свою роль в региональной и глобальной политике, неизменно продвигая ценности мира и сотрудничества, взаимного уважения и доверия. В условиях беспрецедентной геополитической напряженности мы твердо придерживаемся фундаментальных принципов миролюбивого и конструктивного внешнеполитического курса.


Многие духовные лидеры, крупные государственные деятели, выдающиеся ученые и бизнесмены неизменно подчеркивают наш уникальный вклад в построение гармоничного будущего и устойчивый прогресс человечества. Все это стало возможным благодаря единству и сплоченности нашего народа, стабильности и согласию в обществе.


Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын. Біз қастерлі тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсуге тиіспіз. Сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы кедергінің бәрінен арылуымыз керек. Одан әрі даму үшін жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды. 


Соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынды. Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру.  Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. 


Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын. Біз ауқымды конституциялық реформа жүргізіп, елімізді түбегейлі қайта құруға кірістік.   


Результаты выборов, которые пройдут 20 ноября, заложат новую политическую традицию ответственного президентства, ограниченного однократным семилетним сроком. Эта традиция утвердит механизм цивилизованной и регулярной смены верховной власти, поставит заслон для попыток ее монополизации.


Намеченные на следующий год выборы депутатов Мажилиса и маслихатов всех уровней станут важным водоразделом в развитии казахстанского парламентаризма. Их результаты станут прямым отражением проводимой нами политической модернизации, которая направлена на расширение участия граждан в управлении государством, обеспечение инклюзивного представительства всех социальных групп.


Таким образом, мы перезагрузим и укрепим ключевые институты нашей политической системы, зададим устойчивый вектор для долгосрочного государственного строительства.


Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын орнықтырамыз. Еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі мақсаты – барша азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету болмақ. Бұдан былай қолдан жасалған барлық монополиялар келмеске кетеді.


В экономике Справедливого Казахстана не будет места фаворитизму. Наша экономическая политика будет нацелена на достижение реальных целей во имя долгосрочных интересов государства. Ее суть заключается не в погоне за абстрактными цифрами экономического роста, а в создании широких возможностей и равных условий для самореализации граждан, неуклонном повышении качества жизни всех соотечественников.


Мы продолжим реформу судов и правоохранительной сферы с тем, чтобы на деле обеспечить верховенство права. Закон и порядок станут базовым фактором повышения доверия граждан к государству.


Люди – наше главное богатство, главный двигатель экономического и общественного прогресса. Поэтому мы будем наращивать стратегические инвестиции в человеческий потенциал, всячески поддерживать нашу молодежь и социально уязвимые категории граждан. В конечном счете, мы должны перезагрузить всю систему ценностей и сформировать новое качество нации.


Қадірменді қауым!


Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз.  Біз ұлт болып ұйысып, парламент дәстүрі барынша орныққан, президенттік республика құрамыз. Жаңа Қазақстанның түпкі мәні де – осы.


Ұлттың шынайы ұлылығы дегеніміз бұл – ең алдымен, оның азаматтары, олардың Отанға деген сүйіспеншілігі және елдің өркендеуі үшін жасаған адал еңбегі. Осы ұлық мереке қарсаңында ерлігі мен еңбегін ел мойындаған бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым.


Биыл еліміздің ең жоғарғы «Халық  қаһарманы» атағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Шошанұлы Сүлейменовке берілді. Ол ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет етіп, заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ерекше үлес қосты. Қазір де қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге атсалысып жүр.   


Ал, қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабеков  руханиятымызды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Сексеннің сеңгіріне шығып жатқан әйгілі жазушының шығармашылық жолы қалың жұртшылыққа мәлім, шетелде де танымал.   


За выдающиеся достижения в производственной деятельности звания «Қазақстанның Еңбек Ері» удостоен главный директор агрохолдинга «АтырауАгроӨнімдері» Владимир Розметов.


Маусым айында мен қазақ руханиятында өшпес із қалдырған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанымды білесіздер. Бұл – шын мәнінде, әділ қабылданған шешім деп ойлаймын. Қазақ әнінің патшасы, қайталанбас құбылысқа айналған даңқты композитордың әндері халқымызбен бірге мәңгі жасай береді. Әнұранымыздың авторына арналған жоғары мемлекеттік марапат оның ұлы Мұхтар Қалдаяқовқа тапсырылады. 


Бүгін танымал өнер қайраткері Гүлжаһан Әспетова «Отан» орденімен марапатталды.  Белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов және танымал жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. 


Екінші дәрежелі «Барыс» ордені Семейдегі Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаеваға және ақын Өтеген Оралбаевқа берілетін болды. 


Заңгерлер қауымдастығының төрағасы Серік Ақылбай, халқымызға белгілі әнші Татьяна Бурмистрова және қоғам қайраткері, экономист Жақсыбек Құлекеев үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.


Еліміздің руханият саласына зор үлес қосқан бір топ азамат Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.


Осы сыйлыққа талантты ақын Ғалым Жайлыбай, танымал қаламгерлер Кәдірбек Сегізбай мен Тұрысбек Сәукетаев, дарынды опера әншісі Кенжеғали Мыржықбай, белгілі актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбай, суретші-мүсінші Сембіғали Смағұлов және күйші-композитор Секен Тұрысбек ие болды.


Алматыдағы балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаева, қызылордалық меценат Марат Дүйсенбаев және Петропавлдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Константин Рыб  «Парасат» орденімен марапатталды.


Почетное звание «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» присуждается директору музыкального колледжа имени Құрманғазы Нуржану Сертекову, художнику Евгению Смурыгину, а также заместителю главного редактора журнала «Простор» Любови Шашковой.


За большой вклад в сотрудничество между Казахстаном и Россией орденом «Достық» ІІ степени награжден президент компании «Татнефть» Наиль Ульфатович Маганов.  


«Жауынгерлік өнер» қауымдастығының бас директоры Сәрсен Құранбекке, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдырға және Ұлттық құрылтайдың мүшесі Сергей Худяковқа «Құрмет» ордені тапсырылады.


Металлургия саласындағы отбасылық еңбек өтілі 442 жыл болатын әулеттің үлкені Мұханбет Әйтеновке екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені беріледі.  Елімізді дамытуға күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Әділетті Қазақстанда оларға әрдайым құрмет көрсетіледі. Біз мұны игі дәстүрге айналдырамыз. Осыған орай бүгін бірқатар еңбек адамдары үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталатын болды.   


«Бір адамның өмірін құтқару – бүкіл әлемді құтқарумен тең» деген сөз бар.  Бейбіт өмірдің өзінде батырлық пен ерлік жасауға болады. Біздің ортамызда осындай батырлар бар.   Сәбит Шонтақбаев көп қабатты үйдің терезесінен құлауға шақ қалған сәбиді аман алып шықты. Ал, Райымбек Медетбек қоғамдық орында шабуылға ұшыраған әйелді өлімнен құтқарды. Бұл азаматтарға «Ерлігі үшін» медалі тапсырылады. Басқа да көптеген азаматымыз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды


Қадірлі қауым!


Бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Еңбектеріңіз жемісті болсын! Бәріміздің мүддеміз – бір, мақсатымыз – ортақ. Біз Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын бекітіп, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Осы қастерлі міндетті бәріміз бірге орындаймыз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Ендеше, әрдайым бірге болайық, ағайын! Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!  Сіздерді Республика күнімен тағы да құттықтаймын!   Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!





Комментарии

Анар
Анар 25.10.2023 11:20
керемет

Пікір жазу