Заманың түлкі болса, тазы боп шал: инфосығандар
«Доктор Фокс» эффектісі атты қызық феномен бар. Бірде психолог, психотерапевт мамандар мен осы бағытта жоғарғы білім алып жатқан студенттердің үлкен жиналысына Доктор Фокс есімді математик, ғылым докторы деп таныстырылған лектор қонаққа келіп, сөз сөйлейді. Алғашқыда математик психологтардың арасына келіп ақыл айта ма деп таңқалған халық аяғында ол кісіге тәнті болып, хошемет көрсетеді.Көрермендер өз әсерлерімен бөлісуге шақырылған кезде олар ғалымның білімін, ғылымға қосқан үлесін және көрерменді баурап алу қабілетін жоғары бағалады. Мазмұнды дәрістен қанағаттанғанын және жағымды әсер алғанын жеткізді. Біреулер тіпті доктор Фокстың мақалаларын оқығанын есіне алды. Алайда бұл арнайы эксперимент болатын. Біздің ғалым өнер академиясының актері еді. «Түлкі эффектісі» лектордың харизмасы мен экспрессивтілігіарқылы сөйлеудің мағынасыздығын немесе банальдылығын бүркемелейтін психологиялық құбылыс болды.
Мұндай адамдар бүгінгі қоғамда жоқ емес, тіпті көбейіп кеткен. Оларға әлеумет «инфосығандар» деп айдар таққалы қашан. Айтып отырғанымыз адамның арманынан ақша жасаушылар. Әрине «арман» иесінің игілігі үшін емес, өз қалтасы үшін тыраштанады олар. Инфосығандар өмірге құлшынысы жоқ клиентке мотвация беріп, оны мақсат қоюға, ақша табуға үйретеді-мыс. Олардың «тибет монахтарынан» немесе еуропалық зерттеуші-коучтардан үйренген әдіс-тәсілі бар. Немесе инфосығандардың ішіндегі өте ізденімпаздары өз ұлтыңыздың дәстүріндегі байлық, еңбек түсінігіне негізделген «индивидуал» әдіс жасап шығарады. «Егер ақшатөлеп, сол тәсілдерді үйреніп алатын болсаңыз, алдыңызда даңғыл жол жатыр. Еш қуанышы жоқ сұрғылт өміріңізді ертегіге айналады да кетеді» - деп уәде етеді тырнақша ішіндегі бизнесмендер. Әрине білімге ұмтылу, іздену дүрыс-ақ. Бірақ бұл жерден ешбір ерекше әдіс-тәсіл емес, өзіңіз бұрыннан-ақ білетін дүниелерді алып шығасыз. Тек олар сізге бұл ақпаратты өңін аударып, заманауи терминдермен түсіндіреді. Қысқаша айтар болсақ, ауа сатып, ақыл емес клиентке айламен амал жасайды инфосығандар.
Бұл салада төрт түрлі адам жұмыс істейді. Талантты, кәсіби алаяқтар; Инфосығандардың өздерін оқытушы жоғары деңгейдегі инфосығандар; Бір кездері бизнес жасап, одан түк шығара алмағандар. Бірақ ол өз аудиториясына бизнесінің банкрот болғанын, дұрыс жүргізе алмағанын айтпайды. Ол бұл тақырыпты айналып өтеді немесе сол бизнесі автоматтанып, жүріп жатқанын жеткізеді. Және төртінші топтағы инфосығандардың легін үйде отырған аналар қауымы бастайды да, тізімді жалпы жұмыссыздар мен бір кездері инфосығандардың алдауына түскен адамдар жалғастырады. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі соңғылары. Олар инфосығандардан алданғандарын өздері толық түсінбегендер. Бірақ дәл осы бизнес айналасында ақша бар екенін аңдаған адамдар.
О бастан-ақ қаржылық сауаттылыққа емес, дұрыс ойлануға үйретемін деп жарнама жасайтын олар алдар көсенің бір оқиғасын еске түсіреді. Бір бай өзінің жеке асханасының табалдырығында тұрады. Сонда әлгі қожайын Алдарға келіп: «тамақтарымның иісіне әбден тойып алдың, алаяқ, енді ақшасын төле» деген кезде, Көсе кептелместен алтын теңгелі әмиянын алып байдың құлағына апарып әрлі-берлі сықырлатады да: «Мен тамағыңның иісіне тойдым, сен ақшаның сыңғырын қалтаңа салдың» - деп жүре беріпті. Бұл да дәл солай, инфосығандар сізге тамақтың иісін иіскетеді, бірақ сіз сыңғырмен құтылмайсыз, ақшаның өзін төлейсіз. Ее, тіпті жер наны қарық қылмай түрып несие рәсімдейтін ізденәмпаздар бар, алданғанын сезбейді-ау бір кем дүние.
Сыздықова Әсел Қанатқызы