14.10.2022
  460


Автор: Қастек Баянбай

Торсық

Жол шеккен кезде қиырға
Жаяудың жалғыз сенгені -
Толтыра сусын құйылған
Торсығы ғана белдегі.

Сол жаяу құсап бүгін де
Келемін жылжып жүріп мен,
Белдегі торсық түьінде
Сақталған тәтті үмітпен.

Батса да тастақ табанға,
Бөгемек емес бұл мені.
Үміттен ұрттап алам да,
Ұмтыла түсем ілгері.

Қалғанда сусыз жапанда,
Жібітер торсық таңдайды.
Шықсаң да қанша сапарға,
Сарқылып,
Кеуіп қалмайды.

Таусылса егер үмітің,
Тағдырмен нең бар таласар.
Қайтесің сүйреп,
Жігітім,
Торсықты теуіп жара сал.





Пікір жазу