Ерекше күн
Бүгінгі күн
Бір түрлі,
Түс сияқты,
Сиқырлы.
Өздігімнен ояндым
Қандырған соң ұйқымды.
Түс емесін білгенмен,
Түсіне алмай бірден мен,
Қарай бердім бөлмеме,
Көзім әбден үйренген.
Қалай екен мұнысы?
Неге күңгірт үй іші?
Қорқынышты көрінді
Қараңғы төрт бұрышы.
Ұшып тұрып
Мен жылдам
Жатқан жылы орнымнан,
Терезеге ұмтылдым,
Перде тұтқан торғыннан.
Шетін аштым перденің,
Тек ештеңе көрмедім.
Жаңбыр жауып тұр екен,
Байқағаным сол менің.
Болар мұндай
Күн сирек,
Жүрегім тұр дүрсілдеп.
Оятпаған болды ғой,
Бүгін үйде жүрсін деп.
Кім құмартар
Жауында
Балабаққа баруға.
Ойнап қана отырам
Мен әжемнің жанында.
Ерекше екен
Бүгін күн,
Деп қуана жымидым.
Жастығымды теңкиген
Жұдырықпен бір ұрдым.
Ұйқым бүгін қанды анық,
Қайтем жатып жайланып.
Жүгірдім үй ішінде,
Үстелді шыр айналып.
Дүңкілдетіп еденді,
Қарғып көрдім мен енді.
Тер шығарып,
Өзімше
Сергіттім сәл денемді.
Содан кейін жуынып,
Асықпастан киініп,
Соқпақ болып ойынды,
Алдым жеңді түрініп.
Тайбуырылдай ақылды
Ерттеп ағаш атымды,
Аттандым бір айқасқа,
Қысып қалып тақымды.
Асып туған батырмын,
Арыстанша ақырдым,
Қарсы келген дұшпанды
Шөпше шауып,
Жапырдым.
Жұрт ермесе соңыңнан,
Түк шықпайды ойыннан.
Сәлден кейін
Жалықтым
Тіпті батыр болудан.
Атым жатыр болдырып,
Мен отырмын ой қуып.
Терезенің түбінде,
Сыртқа қарап,
Телміріп.
Жаңбыр үнсіз себелеп,
Тынар емес,
Не керек!
Үйдің іші көңілсіз,
Болып кетті керемет.
Мына жаңбыр бірақ та
Жауа қоймас бір апта.
Көп ұзамай,
Ойнармыз
Асыр салып шуақта.
Айналаның бәрі бұлт,
Кеткендей үй тарылып.
Жылардай боп отырмын,
Бала бақты
Сағынып.