14.10.2022
  299


Автор: Қастек Баянбай

Көршілер

Төбесі көк тіреген
Тарамыстай ұлы емен
Қысқа қарай қуарып,
Жазда қайта түлеген.

Жүз жасаған бұ күнде,
Сол еменнің түбінде
Түлкі бикеш тұратын
Жерден қазған
Жылы үйде.

Орта түспей бүйірі,
Осында өтті ғұмыры.
Тазы қуып,
Бұл қашып,
Созылған жоқ сіңірі.

Алғашқы қар қылаулап,
Ағарғанда бұл аймақ,
Түлкі жүні бозарып,
Шыға келер сылаңдап.

Бәйшешектер гүл жарып,
Ұзарғанда шырмауық,
Түлкі қайта түлейді,
Жота жүні сұрланып.

* * *

Сол еменнің діңінде,
Көне алғаш үйінде,
Қайғысы жоқ,
Қарны тоқ,
Тұрушы еді Тиін де.

Тықылдатып таңдайын,
Ұшып-қонып әрдайым,
Өзі жинап алатын
Қарағайдың жаңғағын.

Үйінді жоқ бір бұйым,
Үстінде сол сұр киім.
Түнде ұйықтай кететін,
Жамылып өз құйрығын.

* * *

Сәл биікте бұлардан
Мұраты бар бір алуан,
Тоқылдақ қарт тұратын,
Орманды ойлап мұңайған.

Басы ауыр балғадай,
Тұмсығы дәл қайладай.
Кірісетін жұмысқа,
Тарағанда таңғы арай.

Сақтап салтын,
Бір қалпын,
Ала жаздай тынбайтын.
Құртын жойып ағаштың,
Жүректерін тыңдайтын.

* * *

Бұлар
Емен түбіне
Жиылатын іңірде.
Мынау жалпақ орманның
Жаңалығын білуге.

Тиін айтса серуенін,
Тоқылдақ құрт тергенін,
Түлкі бикеш көлбеңдеп,
Көрсететін көйлегін.

Күзде орман сарғайып,
Қарашада қар жауып,
Кешкі жиын қалады,
Мезгіл қысқа айналып.

Қар борайды айнала,
Қаңырайды аула да.
Кездескенде көршілер
Бас шұлғиды жай ғана.

Ыстық-суық алмасып,
Өте берер жалғасып.
Бірақ осы көршілер
Көрген емес жауласып.

* * *

Түлкі түгі нұр жайнап,
Тыста жүрген жылмаңдап.
Тиді келіп,
Тырс етіп
Төбесіне бір жаңғақ.

Тауып әлгі жаңғақты,
Түлкі бикеш зар қақты.
Сипай берді төбесін,
Тас тигендей салмақты.

Қатты ашуы байқалып,
Шабатындай
Балта алып,
Қарт еменге қарады,
Суық жүзбен
Шалқайып.

Бір тепкендей бүйректен,
Бұзақылық бұл неткен!
Егер Тиін болмаса,
Жаңғақ атпас
Жын көктен!

Мазақ өтіп бүгінгі,
Қапаланды,
Күйінді.
Шаңқылдап жүр тынбастан,
Жеп қоярдай
Тиінді.

– Тиін!
Жылдам түс бері!
Сырың мәлім іштегі!
Жаңғақ ату төбеден
Саған лайық іс пе еді?

Сен еменнің діңінде,
Мен тұрамын түбінде.
Көршіміз ғой іргелес,
Сонда сенің мұның не?
Бұрын-соңды
Аулақтан
Жасырынып жауды атқан.
Сенің маған жаттығың
Көрінді осы жаңғақтан!

Тиін бейғам жүр еді,
Ұшып кетті үрейі.
Түлкі түссе соңына,
Қайтерін кім біледі.

Терезесі тең елмен,
Аң емес пе,
Дегенмен.
Барды
Түлкі қасына,
Қарғып түсіп еменнен:

– Ащы шықты айғайың,
Басынып жүр қай жауың?
Айтсаң етті әуелі
Немене боп қалғанын.

– Қарашы!
Түк білмеуін!
Бәріне де бұл бейім!
Сен болмасаң,
Төбемнен
Жаңғақ атқан кім дейін?!

– Соған түсің бұзылып,
Тұрғаның ба қызынып?
Өздігінен бір жаңғақ
Түскен шығар үзіліп.

– Тоқтат, Тиін!
Немене,
Мені алдағың келе ме?
Жалғыз жаңғақ
Қалайша,
Түседі дәл төбеме?
Қуанбады манадан
Тұрғанына әлі аман.
Жеңіл еді өлгені,
Түлкі жапқан жаладан.

– Көршім!
Қатты қинадың!
Бітпес сенің бұл дауың.
Кетейін көз көрмеске,
Батпай тұрып тырнағың.

Тастамақ сол күйінде,
Қоймасын да,
Үйін де.
Қарт емен де,
Көрші де
Керек емес Тиінге.

Қысым көріп
Қай уақта
Кім кетпеген қай жаққа.
Шүйке жүндей
Жел қуған,
Қашты
Тиін аулаққа.

* * *

Түлкі қолға балта алып,
Шабатындай қайқайып,
Қарт еменге өшігіп,
Қарап тұрды
Шалқайып.

Мына қара орманы
Оған пана болмады.
Жаңғақ атып төбеден,
Көршілері қорлады.
Білмейді екен
Ол бұрын
Көршілердің кейбірін.
Тоқылдақ та оңбады,
Жаңғақ атқан сол
Бүгін.

Сөйлесуге ол кейде
Келуші еді кең жерге,
Тоқылдақты бұл жолы
Шақырды бір тергеуге:

– Сен тұрасың төбемде,
Мен тұрамын төменде.
Бүгін сөйтті дегенге
Былайғы жұрт
Сенер ме?

Қорып жүрген аймақты
Құс едің бір ардақты.
Қайтіп маған лақтырдың,
Жаңағы бір жаңғақты?

– Не деп тұрсың?
Қой әрі!
Мұның ұят болады.
Бүйтіп нақақ күйдірсең,
Қасыңа кім қонады!

– Болсаң егер періште,
Қалай бардың сол іске!
Ал мойныңа кінәңді,
Үлкенмен көп керіспе.

Жалақорға мынандай
Тура қарап тұра алмай,
Жылады іштей
Тоқылдақ,
Көзінен жас шығармай:
– Қимас көрші деуші едім,
Бекер екен сол сенім.
Кеттім безіп біржола
Маңайыңнан
Мен сенің!

Қолын бұлғап еменге,
Емендегі көп елге,
Тоқылдақ та жөнелді,
Бір қарамай төменге.

* * *

Таныған бар аймағы
Аң болса да айлалы,
Батты түлкі жанына
Жұртта жалғыз қалғаны.

Тоқылдақ та,
Тиін де
Безіп кеткен бүгінде.
Жалғыз өзі жабығып
Жүр еменнің түбінде.

Болып жұртқа ұятты,
Тоқылдақты жылатты.
Қазір соның тоқылын
Сағынатын сияқты.

Жайып күлте құйрығын,
Соқтыратын бір құйын,
Ұшып-қонған Тиіні
Түсіне еніп жүр мұның.

Отыратын топтанып,
Көршілері кетті ауып.
Қашты ақыры Түлкі де,
Қу даланы бетке алып.
Көршілердің тағдыры
Тынды осылай,
Қайғылы.
Соқыр көздей
Үш жерде
Үңірейіп қалды үйі.





Пікір жазу