Өжет көжек
Үш тармақ
Бірі қорқақ,
Бірі өжет,
Ағайынды сұр көжек,
Тумысынан қаңғыбас,
Мекен де жоқ,
Үй де жоқ.
Даладан дәм бұйырса,
Тоғайға кеп бұғынса,
Бірі бастап,
Бірі еріп,
Жүйтки бермек құйынша.
Көз ашып,
Жер басқалы
Бұлар кімнен қашпады.
Кейде қырға,
Кейде ойға
Домалатты бас қамы.
Бейғам жатып
Қос пері
Бір күн белін шешпеді.
Бақ пен соры қоянның
Бұлтпен бірдей көшпелі.
Ембей ене уызын,
Көрмей көке қызығын,
Балаусаны бір үзім
Талшық еткен күн ұзын.
Қашқан қиып қонысын,
Көк шалғынды өрісін
Сыпырғанда
Бір аңшы
Көкесінің терісін.
Тоғай іші түнерді,
Күндер туып үрейлі.
Бауырларын ұялас
Бытыратып жіберді.
Дәме бастап,
Дәм айдап
Кеткенімен бәрі аулақ,
Осы екеуі қалыпты,
Бір-біріне қарайлап.
Аяқтарын қаз басқан,
Екеу жұбын жазбастан,
Аман жетті бүгінге
Айнымастан,
Азбастан.
Тас қиядан не қилы
Таймай өтіп,
Жетілді.
Көжек болса біреуі,
Біреуі елес секілді.
Түр-тұлғасы аумайды,
Қиық көз,
Дөң маңдайлы.
Екеуін ел қашаннан
Ажырата алмайды.
Бірдей басқан шиыры
Кешкен ыстық-суығы.
Екі түрлі сөйтсе де,
Мінездері,
Қылығы.
Біреуі өжет жасынан,
Бойында қан тасыған.
Астамсыған жау сөзін
Асырмайды басынан.
Қисық көзі көреген,
Жүйрік өзі жебеден.
Екі қолы тырнауық,
Екі аяғы тебеген.
Ыға бермей жаулардан,
Кейде ашады қан майдан.
Өкшелеген түлкіні
Тебеді қақ маңдайдан.
Арлан төнсе арылдап,
Қашады бұл шарылдап.
Жан шошырлық ащы үні
Жаудың бетін қайырмақ.
Бірі – қорқақ белгілі,
Бес өлетін кей күні.
Сылдырлатып қурайды,
Қорқытады жел мұны.
Қанша қорқақ дегенмен,
Қалмақ емес елден кем.
Қиын-қыстау сапарда
Бауырына көп ерген.
Бірге қызық сейілі,
Бірге қиын жорығы.
Осы ғана Өжеттің
Ең сенімді серігі.
Соған арқа сүйейді,
Соның жолын тілейді.
Бір томардың түбінде
Құшақтасып түнейді.
Дәндейді екен,
Татса кім
Жемісінен бақшаның.
Шығар емес сәбізден,
Жесе бұлар сәт сайын.
Көрсең болды бір қабат,
Тұрады менмұндалап.
Сопаң етер сәбізі,
Қазсаң аздап тырналап.
Тапқан майлы өңірді,
Екі көжек көңілді.
Tic қышуы қанғанша
Жас сәбізді кемірді.
Құлақтарын жымырып,
Тұмсықтарын шүйіріп.
Тойғанша жеп жемісті,
Жата берді бұғынып.
Қарауыл қарт мылтықты
Жайбарақат жүр тіпті.
Маңайдағы құстарды
Қолын сермеп үркітті.
Алыпты өзі қос тігіп,
Жоқ түрінде сестілік.
Үйренген жан сияқты
Ерте жатып,
Кеш тұрып.
* * *
Бірі – қорқақ,
Бірі – өжет,
Ағайынды сұр көжек,
Кірді барып бақшаға,
Шыр байлаған,
Күнде жеп.
Жалмаңдатып ауызды,
Қыршылдатты сәбізді.
Екі езуден шырынын
Сорғалатып ағызды.
Жырық ерні жыбырлап,
Қорқақ айтты сыбырлап:
– Жасырынып жатпаса,
Көрінбейді бүгін қарт.
Жарқылдап қос жанары,
Желпілдеп қос танауы.
Өжет кенет желігіп,
Бауырына қарады.
Қолындағы әлі ұзын,
Тастай салып сәбізін,
Сөйлеп кетті шаңқылдап,
Сүртіп қолмен ауызын.
– Көрінбейді дедің бе?
Болса саған сенуге,
Істеу керек бірдеңе
Қалдырмастан кейінге.
Түсінбейсің қалайша,
Жаутаңдайсың жай аңша!
Өмір сүрсек қайтеді,
Енді екеуміз адамша.
Сен не дейсің осыма,
Басып кіріп қосына,
Алсақ болды мылтығын,
Ар жағынан шошыма.
Онда бақтың қонғаны,
Бақша біздік болғаны.
Қасқыр,
Түлкі табанда
Құлға айналар қолдағы.
Күнім шықты оңымнан,
Кім қалдырар жолымнан.
Аттанайық тезірек:
Ер,
Бауырым,
Соңымнан!
Өжет өстіп шаттанып,
Тұрмастан тым сақтанып,
Ойындағы мақсатын
Шабыттанып айтты анық.
Қорқақ санын бір ұрып,
Жата кеткен бүгіліп.
Басын енді көтеріп,
Жауап қатты күйініп:
– Сыйып қана теріңе,
Жүрмейсің бе жөніңе.
Отырмай-ақ қояйық
Қарауылдың төріне.
Елігіп құр айқайға,
Лаға берме шалғайға!
Ғұмыр кешу адамша
Жазылмаған маңдайға.
Пиғылыңнан қайт енді,
Аңғарсаң өз қатеңді.
Сені аяйды деймісің,
Атқан адам әкеңді.
– Жараспайды,
Жарқыным,
Маған ақыл айтуың.
Қалдырсаңшы өзіңе,
Ең болмаса сарқынын.
Қайтер еді әрқашан
Аяғымнан шалмасаң!
Жауға жалғыз шабайын
Жат осылай,
Бармасаң!
Тәуекелге бел буған
Өжет тұрды орнынан.
Қалтыраған Қорқақ та
Ермек болды соңынан.
– Бас сауғалап амалмен,
Қайтіп жалғыз қалам мен.
Бара жатса бауырым
Айқасуға адаммен.
Басқан сайын ілгері,
Бойды үрей биледі.
Қос алыстап кеткендей,
Көріп жүрген күндегі.
Дірілдеген тақымы,
Қорқағы мен батылы.
Санап басып аяқты,
Қосқа жетті ақыры.
Босағада кідіріп,
Құлақтарын жымырып,
Үңірейген қуысқа
Қарай берді үңіліп.
Қос ішіне қараңғы
Төрт көз ұзақ қадалды.
Анық көрді барлығын,
Көре алмады адамды.
Паңдық бітіп өңіне,
Пісіп енді деміне,
Батыл басып
Шықты Өжет
Қарауылдың төріне.
Масайрады бұл тіпті
Көрген кезде мылтықты.
Қалың елдің алдында
Бір атуға ынтықты.
Жіберместей тірі енді,
Сан ұшырған үрейді,
Суық темір тұр еді
Қабырғаға сүйеулі.
Көрген кезде алыстан,
Секілді еді майысқан.
Ағаш екен құндағы,
Бау тағыпты қайыстан.
Басып ішкі желігін,
Орнықтырып көңілін,
Тістеп көрді ағашын,
Ұстап көрді темірін.
Шығарарда сыртқа алып,
Қарай берді сұқтанып.
Құдіретті қаруын
Көрсетпекші жұртқа анық.
Қара темір сүйекті
Үзетіндей білекті.
Сезген сәтте осыны
Жүрегі бір су етті.
Әкетпесе сүйрелеп,
Бар жоспары күйремек.
Ұстап қайыс бауынан
Қорқағы да жүр демеп.
Сыртқа, әйтеуір, шығарып,
Қалды ептеп қуанып.
Тетіктерін тексеріп,
Көру керек бір ауық.
Тілін біліп алмаса,
Мылтық ұстау далбаса.
Онда сенен ықпайды
Сұңқар түгіл,
Сары маса.
Әлемдегі бар мықты
Қоюы үшін жаулықты...
Кенет...
Мылтық тарс етіп,
Айналаны жаңғыртты.
Көрген Қорқақ көп өліп,
Кеткен мүлде көгеріп.
Қос алдында көлденең
Сұлап жатыр серейіп.
Өжетке де бір қатты
Соққы тиген сияқты.
Қара мылтық қасында,
Шалқасынан құлапты.
Қалай сонда мұнысы?
Тоқтамаған тынысы.
Кеңсірікті кесердей
Көк түтіннің иісі.
Құлап түсіп қас қағым,
Көтерісті бастарын.
Кейін ұқты
Сол сәттің
Көзді қалай ашқанын.
– Атқан кім деп бұл оқты? –
Аң-құс бірден шу етті.
Бейғам елді шошытып,
Жаралапты жүректі.
Қарға түйіп қабақты,
Жұртты аузына қаратты:
– Көжек бопты қарауыл! –
Деген хабар таратты.
– Келе атса мылтығын,
Бермес елге бұл тыным! –
Деді түгін дүрдитіп,
Ақсақалы кірпінің.
Борсық шықты інінен,
Жан шошырлық түрінен.
– Тәтті ұйқымды бұзған кім,
Кешірмеспін мұны мен!
Жүрген жаңа әзілдеп,
Қатты ашынды қаз-үйрек:
– Кім тартады кінәні,
Кетсек егер жазым боп!
Аттан қосты ойбайға
Әнші бұлбұл,
Торғай да:
– Біз көнбейміз қорқытып,
Өнерпазды қорлауға!
– Бастап жүрген сұмдықты
Шықсын бері бұл мықты! –
Деп көктегі қалың құс,
Жердегі аң дүрлікті.
Шошытам деп жауларын,
Шулатып бар аймағын,
Ағайынды сұр көжек
Тасқа соқты маңдайын.
Жанарлары жаудырап,
Құлақтары салбырап,
Құр қол қайтып барады,
Көңілдері жай бірақ.