14.10.2022
  730


Автор: Қастек Баянбай

Сағыз

Алматыға тәулігіне бір қатынайтын үлкен автобус таң ата осы ауылдың үстінен өтетін белгілі аялдамасы болмаған соң, әр жерде қол көтеріп тұрғандардың ешбірін қалдырмай, жинап-теріп алып кететін. Алдында адам қарасы көрінбесе, кідірмейді. Сондықтан қалаға баратын жұрт жол бойына ертерек келіп, көлікті күтіп алуға үйренген.


Сол автобусқа үлгеру үшін фермер үйі бүгін таңсәріден оянып, келіні мен немересін қалаға шығарып салудың қамына кіріскен. Оларға беретін сәлемдемелерін қол қапшықтарына құнттап салып, дастарқанды жайната жайып, самауырдың буын бұрқыратып қайнатып қойған. Қаладан кеше түс ауа келген келіні де ел қатарлы тұрып, жуынып-шайынып, таранып-сыланып үлгерген. Бойжеткен қыздай сылаңдап, біресе сыртқа шығып, самауырға еселеп су құйып, оттығына жаңқа тастайды. Біресе үйге кіріп, дастарқанға тағы бірдеңелерді қойып кетеді. Есікті ашқан сайын үйге салқын леп соғады. Жаздың соңы, күздің басы дейтіндей мезгіл ғой. Бірақ бөлменің қақ төрінде қаперсіз ұйықтап жатқан ұлы бұлардың дауысын да естімейді, таңның салқынын да сезбейді. Өзі бір жақта, түнде жамылған көрпесі бір жақта.


Немересін ортаға алған бір жапырақ қара қатпа шал мен жалпақ сары бәйбіше «қарағым», «шырағым», «тұра ғойдан» әріге бармайды. Мына маймөңкеден түк шықпасына мана көзі жеткен келіннің шыдамы таусылса керек, аяғын жылдам-жылдам басып, баланың бас жағына келіп, екі қолтығынан көтеріп, оны тікесінен отырғызды. Бірақ басы бұлғақтаған бала төсегіне қайта сылқ ете түсіп, теріс қарап бүк түсіп жата қалды. Атасы мен енесі кері қарай ығысып, келінінің еркінірек әрекет етуіне жағдай жасағансыды. Екі көзін тарс жұмып, қабағын қарс түйіп, аузын бұртитып алған ұлына ашуы бұрқ ете түсті.


— Жетер, Қамбартай! — дегенде дауысы әдеттегіден қаттырақ шығып кетті. Соны өзі де сезе қойып:


— Кәне, тез тұра ғой, автобус өтіп кетеді. Біздің мұнда тағы бір қонатын уақытымыз жоқ. Мен ертең жұмысқа шығам. Сен мектепке дайындалуың керек, — деп дауысын жұмсартып, жаймашуақтап әкетті.


«Мектеп» деген сөзді құлағы шалғанда қатты «ұйықтап» жатқан бала шошып кетті:


— Мектебіңе бармаймын, ал қайтесің! Мен осы ауылда қалам! Сен өзің қалаңа қайта бер, керек болса! Осы жердің балалары айтады, фермер болу үшін оқудың керегі жоқ дейді. Менің де оқығым келмейді. Тек сендер ұрыспасын деп, құлағыма тыныштық берсін деп тырысып жүргем. Соның өзіңде үздік оқи алмағанымды ұмыттың ба?! Мұнда маған ешкім ештеңе айтпайды. Шешең он жеті жыл, мен он бес жыл оқыдым демейді. Ауылда мектепке мүлде бармайтын балалар бар, ендеше! Маған сен де жиырма жыл оқы, тоғыз жыл оқы дейсіңдер, жағдай бар дейсіңдер! — деп бала бақырып жіберді.


Ұлының мына сөздерін естігенде состиып тұрып қалған анасы енді екі алақанымен бетін басып, косыла жылады. Осының бәрін үнсіз бақылаған атасы отырған орнынан көтеріле беріп, кімге айтканы белгісіз:


— Осы баланы біз көбірек еркелетіп жібермедік пе екен? — деп немересінің касына тізесін бүгіп, басынан сипады. Түсі қашқан сары бәйбіше де ұшып тұрып, баланы жұбатуға ұмтылды.


Қатулы келін бойын тез жинап, көзінің жасын саусақтарымен сүртіп-сүртіп тастады да, Қамбарды екі қолынан жұлқи тартып, тік тұрғызды. Қауқарсыз қара бала қуатты жас әйелдің алдында қаңғалақ қақты.


— Тоқтат жындануды! Ұқтың ба? Егер автобусқа сенің кеселіңнен үлгере алмай қалсақ, жынданудың көкесін мен саған сонда көрсетемін! Ұқтың ба? Ендеше, тез сыртқа шығып жуын да, киін! Жол бойына шығуымыз керек!


Ол ұлын арқасынан қаттырақ итеріп жіберді. Мұндайды күтпеген бала жығылып қала жаздады. Артына бұрылып қарамастан, сылбыр басып, шыға берді. Іштей жүні жығылғанын сезсе де, бірден айтқанға көніп, айдауға жүргісі келмеді. Қайткенде де анасына қарсы бірдеңе істемек. Оны да ойлап таба қойды. Қолжуғыштан бір алақанына ғана су ағызып алып, бетіне шаша салды. Су тисе, орамалмен сүртінсе болды емес пе, шешесі оның қалай жуынғанын қайдан білсін.


Ұлы жуынуға кеткенде келін ата-енесін тікелей кінәлауға батпай, алыстан орағытып, бұл үйде жоқ әлдекіммен сырласқандай, ойындағысын ақтарудың амалын тапты:


— Мына Қамбарға не болған?! Мұндай мінезі жоқ еді. Айтқаныңды бұлжытпай орындайтын. Мектепке бармаймын дегенді қайдан тапқан, масқара-ай! Осының бәрі ауыл балаларының теріс әсері. Мұны енді қолдан шығармаспыз.


Бүгін таң атқалы баланы бетімен жіберіп алғандарын іштей мойындап, мойып, момақансып отырған шал мен кемпірге келінінің мына оспағы қамшыдай тиді ме екен, алдымен енесі көтерілді:


— Әй, қарағым, қолдан шығармаспыз дегенің не сөз бұл? Сонда біз немеремізді жылына бір-екі ай бауырымызға баспай, бетінен сүймей қалай шыдамақпыз? Қалаңа барып, аунап-қунап жатып, иіскеп құмардан шығатын уақытымыз жоқ. Бұрын колхоз жұмысынан босай алмасақ, пермер болғалы өз шаруамыз шаш-етектен. Бір қора ұсақ мал, бір табын ірі қара мына шалдың мойныңда. Мен күні бойғы үй шаруасынан ұшып жығылам. Сиыр сауам, оның сүтін ұқсатам, құсқа жем шашам, жұмыртқа терем, құдықтан күніне екі дүркін су әкелем. Осылардан артылып бара жатсам, бау-бақшаға қараймын. Аудандағы ұлдан көп қайыр жоқ. Шөп шапқанда тасып, үйіп бергенге қол ұшын тигізген болады. Осы малға өзің иелік ет, келешегіне қор жаса десек, жүре тыңдайды. Кеңсесі мен телефонын қимайды білем.


Бұл заманда тер төгуге кім құмар дейсің. Ақша табудың оңай жолдарын іздейді, түге! Мен Қамбарды еркелетіп, емшегімді емізіп отырғам жоқ, шырағым. Қайта бір мезгіл еңбекке баулимыз. Жұмыртқа жинатамын, ашық-шашық жатқан есіктерді жаптырамын. Мұның әкесін де өстіп өсіргенбіз.


Енесінің ұзақ-сонар әңгімесі Қамбар бөлмеге кіргенде кілт тыйылды. Оған ештеңе сездірмей, бетіндегі ызғарын кетіріп, жайдары қалпына түсті. Келінге де керегі осы еді. Дәл қайтар алдында немерелеріне ессіз берілген екі қарияның көңілдеріне қаяу түсіруді қаламайды.


Бүйтсе, өзіне ауыр тимек қой. Сол үшін келіні де енесінің ауанына құлап, лыпылдап жүріп ұлын киіндіріп, мана құйып қойған жарты кесе салқын шайды жұтқызып жіберді.


— Болды, кеттік. Таңғы асымды іштім деп сана.


Келіні білегіндегі тырнақтай сағатына қарағыштай берген соң, әрқайсысы жаюлы дастарқанға атүсті еңкейіп, саусақтарымен іліп алғандарын ауыздарына салып, сыртқа қарай лап қойысты. Жұрттың бас-аяғын шолып, бірдеңенің ұмыт қалмауын қадағалауға пысық келін үйден ең соңынан шыққан енесінің сыртқы есікті ішке қарай серпе салғанын көріп:


— Апа, құлыптамадыңыз ғой, — деп сыпайы ғана тық ете түсті. Бәрін көріп-біліп тұратын келініне іші жылыған ене жауабын жайдақтау қайырды:


— Осы үйде бір құлып бар сияқты еді. Керегінде көзге түспейді. Мейлі, қазір қайтып келеміз ғой.


Үлкенді-кішілі топ жолға қарай жеделдете жүрді. Әлі де қыртысы әбден жазылмаған Қамбар атасының қолынан ұстап алған. Басын бұқитып, жерге қарап, үндемей келе жатыр. Шешесінің дегеніне еріксіз көнгенмен, әзір татуласа қойғысы жоқ. Егер автобус өтіп кеткен болса, менің жазам таяқ жеуге дейін барар ма екен деп ойлап үлгерді.


Сөйткенше бір үйлі жанды таң атпай дүрліктірген автобус бұлардың тұсына жете тоқтап, артқы есігін айқара ашты. Қапелімде абыржыңқырап қалған атасы мен әжесі әуелі келіндерінің бетінен сүйіп, сонан кейін Қамбарды екі жағынан қамап, алма-кезек құшақтап, екі бетінен сүйгіштеп, жасаураған көздерін сүртіп әбден берекелері қашты. Әр нәрсенің мөлшерін қапысыз білетін келіні ата-енесінің құшағындағы ұлын жайлап босатып алып, лып етіп автобустың ішіне енді. Бос орындарға қатар жайғасып, екеуі сыртта қалған қарттарға қолдарын бұлғады. Қамбар жүзін терезеге бұрып, жағын таянып отырды. Автобус орнынан жылжи бастағанда-ақ ұйықтап кетті. Түнімен мазасызданып шыққан, таңсәріден анасымен қақтығысып қатты күйзеліске түскен бала ұзақ ұйықтады. Анасы оның әрі ашулы, әрі аянышты жүзіне қарайды да, күрсінеді. Сөйтіп отырып өзі де қалғи бастаған.


Қамбар шаңқай түс мезгілінде бір-ақ оянды. Ұйқысы қанып, бойы сергіпті. Терезеден күн сәулесі құйылып тұр. Автобус іші адам айтқысыз қапырық. Таянған қолын төмен түсірейін десе, жағына жабысып қалыпты. Кері тартқан сайын біреу шымшып созғандай жақ еті ауырады. Әйтеуір ары-бері ырғап, алақанын жағынан зорға ажыратты. Бала түкке түсінбей, жағын сипалап еді, баттасқан бірдеңені байқады. Саусағының ұшымен абайлап сыдыруға кірісті. Сүйекке жабысқан піскен ет секілді. Атасы Қамбарға талай жілік ұстатқан. «Қолыңа пышақ алмай-ақ қай, қолыңды қанатып аларсың, етін тісімен, саусағыңмен сыдырып же де, жілікті тазалап мүжі. Сонда келіншегің сұлу болады» дейтін мұртынан күліп. Жас етке де, сұлу келіншекке де қарсылығы жоқ немересі бар өнерін салатын. Соңынан атасы жілікті балтамен шағып, майын жылп еткізіп аузына салып жіберетін. Осы жайлар оның есіне еріксіз түсті.


Қамбардың жағынан сыдырып алғаны даланың кәдімгі қара сағызы болып шықты. Бармақтың басындай. Сенер-сенбесін білмей, аузына салып, шайнап көрді. Сағыз!


Таңертеңгі ашуы қайтыпты. Оң жағында алға қарап ойланып отырған анасының қолынан тартып:


— Мама, мына сағызды қарашы! Кәдімгі ауылдың қара сағызы! Қайдан тауып алғанымды айтайын ба? Бәрібір нанбайтын шығарсың. Жағыма жабысып жүр екен. Мұндай қызық тек ертегіде ғана кездеседі. «Ер Төстік» есіңде ме?


— Сен ұйықтап жатқанда аузыңдағы сағыз жастыққа түскен, жастықтан жағыңа жабысқан. Бұл жерде ертегіге ұқсайтын ештеңе жоқ. Ал оны ешкімнің көрмеуі шын ғажап нәрсе.


Жуынғанда қалай қолыңа ілінбеген. Демек, сен таңертең жуынбағансың. Сыртқа шығып, жуынған адамша қайта үйге кіргенсің. Өтірік деп көрші, кәне. Асығып отырғанымызды пайдаланып, бізді алдағансың. Әйтеуір, сенің таңертеңгі мінезіңнен мен шошынып едім.


— Алдаған жоқпын, мама! Жуындым. Тек бұл жолы суды бетіме шашып жуындым.


— Түсінікті! — деді анасы жайсыз әңгімені қайта қозғаудан қашып. — Сағызыңды шайнап отыра бер. Алматыға жеткенше саған ермек табылды. Айтпақшы, сеңдер жинаған сағыздарыңды шайнар алдында дұрыстап жуасыңдар ма?


— Жоқ, мама. Оны жуа алмайсың. Біз қолымызға шәйнек ұстап жүрмейміз ғой. Ауызға салып шайнай береміз. Өзі тазарады. Тек түкіріп тастауды ұмытпау керек. Сен бала кезінде сағыз термедің бе?


— Сұмдық! Қазір топырақ таза емес. Ауа да лас. Мұны білгенде саған бір қапшық «Стиморол» сатып әперетін едік қой.


— «Стиморолды» қалада шайнайды ғой. Бәрібір ол даланың шын сағызына жетпейді.


— Жетер, Қамбар. Бұл әңгімені үйге барған соң, папаң үшеуіміз қайтадан талқылаймыз. Әзірше тамақтанып алайық. Сен таңертең де түк татқан жоқсың. Қарның ашқан шығар.


Шешесі екі тізесінің үстіне қос қабаттап орамал жайып, оған бір ширек таба нан, екі кесек суық ет қойып, бір уыстай қызыл ірімшік салды.


Кешеден бері бойына ас батпай, қандай амал тауып ауылда қалсам екен деп аласұрған бала ет пен нанды қарбыта асап-асап жіберген. Әдеттегіше шешесі ескерту жасап та үлгерді:


— Асықпа, Қамбартай, шағындап тістеп алып, әбден шайнап жұт. Қақалып қалсаң, алды-артымыздағы жолаушылардан ұят.


Шешесі жол қапшығындағы қол бақырдай ғана термостан жарты тостақан шай құйып берді.
— Үстіңе төгіп алма.


Қамбар орындық арқалығына шалқайды. Жағына жабысып келген жаңағы сағыз оқиғасынан кейін ауыл есінен шықса ше. Көңілі алаң. Артында бір қимас асылы қалған сияқты. Бірақ оның не екенін өзі де анық білмейді. Мұнысы әлде қазіргі қала баласының көбі іштей аңсайтын еркіндік пен кеңшілік пе екен? Мұнда кейде кешке дейін қараңды көрсетпесең де ештеңе етпейді. Ұйқыңды қандырып, сәскеге таман үйден шықсаң, Дарқан мен Дәурен де осы төңіректен табыла қояды. Бұлар Қамбардың жаңа достары. Осы ауылдың балалары.


Дарқан аузы-мұрны қайқайған, арық ұзынтұра. Әзірге әлі ешқандай кітап оқымаған. Не қазақша, не орысша қатесіз жаза алмайды. Оған қысылатын Дарқан жоқ. Дәуреннің оқу үлгерімі жаман көрінбейді. Өзі қызыл сөзге құмарлау. Шашы білте-білте. Жуынғанды жаратпайды. Ұсақ секпіл басқан мұрны торғайдың жұмыртқасынан айныса не дерсің. Ондай жұмыртқаны Қамбарға биыл алғаш көрсеткен де осылар. Адал достар осыңдай-ақ болатын шығар?! Қаланың шыбық тисе шыңқ етерлерінше «мен сенімен дос болмаймын», «мен енді сенімен ешқашан ойнамаймын» деп бәлденгенді білмейді. Әлдеқалай өкпелесіп қалса, көп ұзамай қайта татуласады. Өйткені, тұрғындарының көбі көшіп кеткен бұл ауылда шұбырған көп бала жоқ. Демек, дос таңдаймын деп дәмеленбей-ақ қой. Ал үлкен қаладан арнайы демалысқа келген Қамбардың орны бөлек, беделі зор. Оны достарының ата-аналары да жақсы біледі. Жаздың басында фермер Алматыдан немересін алып келіпті деген хабар жетісімен, олар ертелі-кеш осында соғып, баланың бетінен иіскесіп қайтқан. «Таңертең бір, кеште бір жуынатын шаһар баласының иісі біздің қара сирақтардікінен гөрі ұнамдырақ сияқты» деп күліскен. Содан бері оңашада ұлдарына «қонақ бала ғой, көңілін аулаңдар, қабағына қараңдар, ол сендерге қаланың тәртібін үйретер» дейді екен. Ал Қамбардың үйреткені сол, айналасы бірер аптаның шамасында қаланың барша салтын ұмытып, Дарқан мен Дәуреннен еш айырмасы жоқ ауыл баласына айналған. Тіпті оған осы жаңа «статус» қатты ұнаған.


Үшеуі қырға шығып, егіс жиегінен сағыз жинауға құмар. Бірінен бір озып, кім көбірек жинар екен деп, іштей бәсекелесе іске кіріскенде, сағыз сүтінің қолдарына, беттеріне жұққанын, киімдеріне шашырағанын елемейді. Тапқандарын ауыздарына салып, шайнай береді.


Біраздан кейін шашыраған сағыз сүті қоңырайып кебе бастайды, оның үстіне топырақ шашырап, баттаса түседі. Сонда ғана олар өздерінің шахтадан шыққан кеншілердей екенін көріп, ауылға аздап тазарып барудың жолын қарастырады. Өзен бойына түсіп, жуынып-шайынып, киімдерін қағып-сілкеді.


Егер шөл қысып, қарындары ашпаса, әрі қарай асық ойнап кетуге де болады. Неге екені белгісіз, қала балалары көктемде ғана битін салатын бұл ойынға Қамбар да қырсыз емес.


Оның үстіне мұнда келгелі қалтасына біраз жаңа асықтар түсіп, баланың делбесін қоздырды. Әжесі ет асқанда атасы асықты жіліктен ажыратып алып, пышақтың ұшымен жылтыратып тазалап береді. Мынау оңқай, мынау солақай, мынау алшылауық, мынау бүкшіл деп сұрыптап отырады. Камбар алшылауығын оң қалтасына салады. Қалтадағы салмақтың теңсіздігінен шалбарының сол жақ мықыны төмен қарай түсіңкіреп, балағы сүйретіліп жүреді.


— Сен асықтарыңды екі қалтаңа тең бөліп сал. Ал алшылауық сақаңды құрметтеп, төс қалтаңда жеке сақта. Белдігіңді қысыңқырап буын. Сонда бір балағың сүйретілмейді, — деп ақыл айтты достары.


Өстіп олар күнді батыруға айналады. Үйлеріне жау түсіргендей болып, алқынып жетеді.


— Құдайға тәуба. Әйтеуір жатағыңа оралдың ба? — деп қарсы алады мал қоралап жүрген атасы.


— Сағыз тердік. Асық ойнадық, — дейді бала күні бойы бос сенделіп қайтпағанын білдіріп.


— Қамбаржан-ау, сағыздан сарай соғасың ба? — дейді әжесі білегіндегі бос шелегін жерге қойып, баланың басынан сипап, тамағынан иіскеп.


— Күн иісі аңқыған қарғам сол. Көлеңкеде кепкен шөптей бозарып келіп еді... Қамбар, тауық қораның есігін жаба салшы. Ашық қалса, қасқыр ма, түлкі ме, бірдеңе кіріп, құсты қырып салар...


Бала әуелі мойнын созып, қораның ішін шолады. Қалың құс ағаштарға қонақтап, қалғып отырады. Бастарын бауыр жүндерінің арасына тыққан. Кейбір сақтары аяқ дыбысын естіп, «қоқ», «қоқ» деген дыбыс шығарады. Біз әлі ояу отырмыз дегені сияқты. Қамбар есікті жайлап қана жауып, сыртына көлденең ағашты тіреп бекітеді.


Құс атаулының құзғын сәріден оянатын әдеті. Мына тауықтар да сөйтеді. Таңертең бұл тұрғанда аулада ақ жаңқадай тауықтар жыртылып айырылып, тұмсықтарымен жер шұқылап, аяқтарымен қорданы тырналап, мойнын созып науадан су ішіп жатады. Түске таман айналаны тауық қаңқылы кернеп кетеді. Бұл олардың жұмыртқалай бастағанының белгісі. Мекиендердің көпшілігі бұта түбіне, шөптің арасына, тіпті тақырға да жұмыртқа тастайды.


Осындайда қол астында тұрса, әжесі Қамбарға жұмыртқа жинатады. Еңкею бойы ауырлаған егде адамдарға қиындау да шығар, ал қолдыаяқты балаға бұдан қызық жұмыс табылмас, сірә. Аппақ-аппақ болып шашылып жатқан жып-жылы жұмыртқаларды қолындағы шыбықтан тоқылған шелекшеге абайлап сала береді. Кейде байқаусызда бірер жұмартқаны басып кетіп, езіп тастайды. Мұндай жайсыз оқиғаны әжесінен жасырмайды. Бәрібір әжесі сынған бір жұмыртқаға бола тарылып жатқан жоқ.


— Әже, бүгін тағы бір жұмыртқаны езіп кеттім, — дейді Қамбар түк қысылмай.


— Оқасы жоқ, қарағым. Жұмыртқадан жер қайысып жатқан жоқ па? Қалғаны да жетер. Сенің садағаң кетсін, — деп әжесі шын ниетімен немересінің мына қылығына қуанған адамша мейірлене күліп.


— Сіздер жұмыртқаны жерден теріп аласыздар. Біз дүкеннен сатып аламыз.


— Ой, ақылыңнан айналайын сенің! Осыны біліп жүргенін қарашы!


Енді Қамбар өзінің бұдан да гөрі ақылды екенін көрсеткісі келіп:


— Бізге сүтті аулаға әкеліп сатады. Өздері «молоко», «молоко» деп айқайлаудан танбайды.


Барған сайын қымбаттатып барады дейді тағы да. Ал сіздер қанша керек болса, соншаны сиырдан сауып аласыздар. Рахат! — деп білгішсіне түседі. Атасы мен әжесі одан әрмен сүйсініп, баланы қолпаштайды. Кілең осылай. Әңгіменің бәрі Қамбарды мақтаумен аяқталады.


Тек бір рет қана атасы мен әжесін қатты қобалжытқаны бар. Шілденің орта шені болса керек. Қамбар достарына кеткен. Таң атқалы тұнжыраған күн бесін кезінде әуелі дауылдатып, ізінше қара түн нөсер жауды. Найзағай жарқылы жиілеп күн күркіреді. Әр жерде кәрі ағаштар опырылып, жас теректер қоғадай жапырылды. Үйде қамалған қайрансыз әже «Бісіміллә», «Бісміллә», «Құдай, өзін сақтай гөр!» деп күбірлеп, есіктен төрге, төрден есікке жүгіріп, безек қақты. Осы сәтте ауа райын күні бұрын болжай білетін шалы малды қуалап ауылға түскен екен, үсті-басы малмаңдай, үйге кіріп келе жатты. Әншейінде жер қозғалса бүлк етпейтін бәйбішісінде өң-түс жоқ. Шалына қарсы ұмтылды:


— Жөнел әрі қайтадан! Баланы ізде, баланы ізде! Достарының үйінде болса, Құдайдың жарылқағаны! Болмаса білмеймін! — деп байбаламдады.


Шал тілге келместен, атына ырғып мініп, қамшымен бауырға осып-осып жіберді. Қанша тілеп барғанымен, немересі де, достары да үйлерінде жоқ екен. Демек, үшеуі бірге. Шал «Қамбар!», «Қамбар!» деп айқайлап жүріп, төңіректі түгел ақтап шықты. Шоқ ағаштардың арасын, бұта түптерін, қалың қурайлардың ішін тінткіледі. Не дыбыс, не бала жоқ. Өзектегі өзенге таман түсіп, қара қошқыл лайға айналып, құтырынып жатқан судың сұрқынан қатты шошынып, қайдағы сұмдық ойлар басын шырмап, «Құдай-ай, сақтай гөр мына кінәсіз періштелерді», — деп күбірледі. Атын қатты-қатты тебініп, әйтеуір ары-бері шапқылайды.


Өстіп қанша уақыт күйгелектенгені белгісіз. Әйтеуір бір мезетте аттың басын тежеп, батыс жаққа шалқая қарағанда, аспанның бозара бастағанын байқады. Дауылдың екпіні басылып, жаңбыр да бәсеңдегендей. Дарқан мен Дәуренді іздеушілердің де сұлбалары көрінді. Олар асып-сасатын емес. «Бәлем, аман болсаң, қолыма түсерсің, жотаңнан таспа тіліп алармын!» деп баласына тісін қайрап қояды. Осы сәтте аяқ астынан «Ата, ата, біз мұндамыз!» деген дауыс естілді. Өз құлағына өзі сенбеген қарт қай жаққа шабарын білмей, тізгінді сыңар езулей тартып, бір орнында шыр айналды. Баланы көзімен көргенше байыз табатын емес.


Шаштары үрпиген, жейделері денесіне жабысқан үшеу лезде бұларға таянды.


— Ата, біз анау қалың талдың түбінде сені көріп отырдық! Біздің қасымыздан екі рет шауып өттің. Бірақ бізді таппадың. Таба алмайтыныңды білген соң, өзіміз шықтық, міне! — деп бір ерлік жасағаңдай дабырлай сөйлеп келеді.


Жүрегі енді орныққан шал аттың бауырына жақындаған немересін шалт еңкейіп, іліп алды да, бауырына қысып, үйіне қарай шапты. Жеткенше аузы да жабылған жоқ:


— Тәрбие көрген қаланың баласы өсте ме екен! Жаңағы жерге жай түсіп, жанып кетсеңдер, біздің күніміз не болады! Әкең мен шешеңе не бетімізді айтамыз? «Қара басты», балаға қарай алмадық дейміз бе? Біздің жаман жүрегіміз жарылып кетсе ше! Сені жігіт болып қалды деп жүрсек... сенің істегенің мынау! Енді сені кемпір қасынан қарыс жерге шығармайды. Өз обалың өзіңе!


Әжесі үстінен су сорғалап кірген Қамбарды көргенде, бір жылап, бір күлді. Баланы бауырына мықтап қысып, суық бетінен сүйе берді, сүйе берді. Тілі байланып қалғандай. Әрекеті бар да, үні жоқ. Тек есіктен шалының қарасы көлбең еткенде тілі шешілді:


— Ақсарбас! Ақсарбас! Періштесі қаққан екен қарағымды! Атасы, құрбаңдық шал! Бір қора малың бір баладан садағасы кетсін!


Күннің көзі жылт етіп ашылғанда, атасы тайыншадай бір қойды бауыздап терісін сыпырды да, етін пышақ үстінен елге үлестіріп жіберді.


Кеше ойыннан күндегісінен ертерек қайтқан Қамбар ауладағы қарағаш көлеңкесінде демалып отырған анасын көргенде әрі қуанып, әрі таңданды. Жүгіріп барып, анасының мойнына асылды. Шешесі де сағынған екен, асты-үстіне түсіп, айналып-толғанып әлек.


Мауқы басылған соң, баласының бас-аяғына көз жүгіртіп, шаң сіңген қоңырқай шашына, күнге күйіп күреңіткен өңіне, бұта тырнаған жалаңаш білегі мен балтырына ұзағырақ көзін тоқтатып, білдірмей ғана жеңіл күрсініп қойды. Енді ұлы шешесінің алдын ала хабарласпай, ойда жоқта жетіп келуінен күдіктенді.


— Ертең қайтамыз, Қамбартай, — деді шешесі бір уақытта жайбарақат қана.


Баланың өңі бұзылып кетті. Бәсе, бекер күдіктенбепті. Жүрегі бірдеңені сезіпті. Шынымен-ақ жазғы демалыс аяқталыпты. Бұл қалаға қайтуға тиіс. Осыны қалай ойламаған? Атасы мен әжесі неге есіне салмаған? Еркін өмір шолтаң етіп өте шығыпты ғой. Соңы пышақпен кесіп түскендей. «Ертең қайтамыздан» басталған салқын өмір «Қамбар, сабағыңа кіріс», «Қамбар, тамағыңды іш», «Қамбар, жарты сағат үй шаруасымен айналыс», «Қамбар, дүкеннен нан әкел», «Қамбар, түймелереңді сал», «Қамбар, мектебіңе жөнел», «Қамбар, тісіңді тазала», «Қамбар, төсекке жатар алдында қол-аяғыңды сабындап жу» деген таусылмайтын тапсырмаға ұласады. Қамбар! Қамбар!...


Автобус бірқалыпты зулап келеді. Қамбар әлі де ой шырмауынан шыға алар емес. Аузында жағына жабысып келген манағы сағыз. Көзінде бір тамшы жас мөлдірейді.





Пікір жазу