14.10.2022
  721


Автор: Қастек Баянбай

Көршілер

1


Арманның асыра сөйлейтіні бар. «Жазда саяжайға барған сайын алма бағын аралап шығып, биыл миллион шелек өнім аламыз» деп, болжам жасайтын. Кейде кешкілік «Бүгін біздің аулаға мың бала жиналды, ойынды соқтық» деп, даурығып келеді. Тағы бірде «Маған апам көп ақша берсе, жүз балмұздақ алып жер едім» деп тамсанады.


Үлкендер жағы баланың ешкімге залалы жоқ мұндай өтіріктеріне күлетін де қоятын. Ал миллион мен мыңның қайсысы көп, қайсысы аз екенін анық айыра алмайтын жора-жолдастарына оның не дегені бәрібір. Әйтеуір Арманның санға жүйріктігін, сөзге шеберлігін мойындайтын да, онымен таласқа түсуге тайсақтайтын.


Дәл бүгін достары көкелері туралы әңгімені көйітпегенде, бұл да қайдағыны қоқытып, өтірікті сонша соқпайтын еді.


Бұларды терезеден көріп, алды-артына қарамай жүгірсе керек. Жақан аулаға атылып шықты. Беті-аузы сатпақ-сатпақ, шолақ жең жейдесінің омырауы ашылып кеткен.


— Сәлем, достар!


— Сәлем, Жақан!


— Сен әлі жуынбағансың ба? — деп қалды Ораз оған жалт қарап.


— Жуынбағаны несі? Мен күнде жуынамын. Тек жаңа қатық жалап отыр едім...


— Сендер қатықты қайдан аласыңдар? Әлде ауылдан әкеле ме? Былтыр нағашы әжем бізге де бір қарын қатық жіберген.


Қатық жайындағы сұрақ Жақаның құлағына майдай жағып, тотыдай сайрады:


— Менің көкем сүт зауытында жұмыс істейді ғой. Олар сүт, айран, қаймақ, қатық дейсің бе, бәрін шығарады. Көкем күнде зауыттан қатық алып кайтады. Біз қатықты жақсы көреміз. Жалап тауыса алмасақ, апам одан құрт жасап қояды. Домалақ шарик сияқты. Кепкенде аузыңа салып, сорып жүрсең, қарның ашпайды және шөлдемейсің. Мұндай зауытта менің көкем ғана жұмыс істей алады. Білдің бе!


— Соған да мақтанасың ба, — деп Ораз тағы байланысты. — Көкелер ракета шығаратын, танк жасайтын, трактор жасайтын зауыттарда істеуі керек. Автобус шығарған да жаман емес. Немесе ғалым болсын. Менің көкем ғалым!


— Е, қойшы ғалым дегенді! Ол не істейді сонша? — деп оған енді Жақан қадалды.


— Мен қайдан білейін. Мүмкін, кешке дейін кабинетінде отырып, қапшығындағы қағаздарын оқып-оқып, ғылым жасап шығаратын шығар. Мүмкін, оңаша отырып ойланатын болар, — деді жуаси бастаған Жақан, әкесінің ғалым екенін айтқанына өкініп.


— Менің көкемнің қандай жұмыс істейтінін сендер мың жылда ойлап таппайсыңдар! Айтсам, шошып кетесіңдер! — деді манадан тымпиып тұрған Арман бір мақтанудың реті келгеніне қуанып.


— Менің көкем қаладағы ең биік кранды жүргізеді! Оның үстіне шыққанда Алматы түгел көрінеді! Көкем бір күні жан-жағына жайлап қараса, осы біздің үйдің шатыры ағарып көрініпті! Кранның биіктігі сондай, көшіп бара жатқан бұлтты қолмен сипауға болады дейді! Оған көкемнен басқа ешкім шыға алмайды екен. Шықса болды, басы айналып, жерге құлап түседі, құлап түскен соң, әрине, өліп қалады! Сондықтан, ешкім өлмесін деп, көкем өзі ғана шығады. Басқалар жерде шалқайып қарап отырады екен. Әнеки, көкелер мен ағалар осындай ең қиын жұмыста істесе, елдің бәрі таңырқар еді! деген — Арманның екі езуі көпіріп.


Жақан мен Ораздың ауыздары анқайып, бұдан көз айырмады. Шіркін, краншының өзі анандай, ұлы мынандай! Бұған қарсы бірдеңе деу мүмкін емес. Тыңдайсың да, басыңды изей бересің.


— Біраздан кейін басқа біреудің батыр көкесіне неге таңырқай берем деген қызғаныш туады екен. Бүйтіп қорланып отырғанша, үйге қарай зытқанның өзі артық.


— Мен ойнамаймын, — деді Жақан қабағын ашпай.


— Мен үйге барам, — деді Ораз оған қосылып. Арман аулада жалғыз қалды. Бірақ көңілі тасып тұр. Шынында да өзі краншының ұлына айналғандай!


2


Ораз үйіне келсе, көкесі киініп алып, айна алдында шашын тарап тұр екен. Әкесі жұмысқа ешқашан асықпайды. Кейде түске дейін диванда аунап жатып, газет оқиды. Өз білегін жастанып, бетіне оқыған газетін бүркеніп, ұйықтап кететін кездері де болады. Бүгін өйте қоятын сияқты емес, бірақ жұмысқа аса құлшынып та тұрған жоқ. Мұнысына Ораз қуанышты. Өйткені, жаңа естіген жаңалығын, көкесіне деген наразылығын кейінге қалдырмай-ақ, қазір ақтарып салуға да болады. Жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі көкесі ұлының сынық жүзіне сынай қарап, оны сөзге шақырды:


— Батыреке, орта жолдан оралғандай, жылдам келдің ғой. Аттың басын кешке бір-ақ тартушы едің. Әлде біреумен қақтығысып қалдың ба? Ештеңе етпейді. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген. Әлде маған шағым айтпақ шығарсың! Ендеше құлағым сенде. Құдайға шүкір, бос уақытым бар, — деді әкесі. Ұлына әзілдеген болып, тиісіп тұр. Соны сылтау етіп, Ораз тіке шабуылға шықты. Көкесінің шамына тимек:


— Көке, сен бекер ғалым болған екенсің. Одан гөрі қаладағы ең биік кранда істегенің жақсы еді. Алматының үстінен қарап отырасың. Көшкен бұлттарды қолыңмен сипайсың.


Жаңа ғана жайбарақат, масайрап тұрған көкесі аяқ астынан қатты ашуланып, баласының сөзін үзіп жіберді:


— Әй, надан, сен не деп кеттің?! Мен ғылым кандидаты болу үшін жиырма жыл көз майымды тауыстым. Он жыл мектепте, бес жыл университетте, екі жыл аспирантурада оқыдым. Керек десең, әлі бірнеше жыл оқуым мүмкін. Маған краншы бол дегенің қай сасқаның?! Үш айлық курсты бітірсе, кім көрінген краншы болады да шығады! Онда тұрған не бар?! Сен әкеңнің ғалым болғанына мақтанбайсың ба?


— Көке, ондай кранға көкелер мен ағалардың бәрі бірдей шыға алмайды! Шыққаңдардың басы айналып, жерге құлап түседі. Құлап түскен соң, әрине, өліп қалады. Әнеки, керек болса, — деп ұлы Арманнан естігендерін айна-қатесіз қайталап.


— Краннан құлап өлген ешкімді көргем де, естігем де жоқ. Бәрімізден төбемізден қарап отырған краншың кім сонда сенің? Көрсетші маған, ең құрығанда атын айтшы! — деді дауысын көтеріп, қызбаланып алған көкесі.


— Арманның көкесі сондай краңда жұмыс істейді екен. Бізге өзі айтты.


— Өзі дегенің кім? Әкесі ме? Арман ба?


— Арман айтты.


Айтуынан қайтуы жылдам көкесі ашуын басып, табиғи қалпына түсіп:


— Шырағым, сен бірденені шатастырып жүрген сияқтысың. Арманның әкесін мен де сырттай білемін ғой, ол кісі интеллигент адам. Жұмысшыға ұқсамайды, — деп жаймашуақтап еді, ұлы оның сөзіне жармаса кетті:


— Жұмысшы емес, краншы дедім ғой мен!


— Есіңде болсын, батыреке, краншы да, шойын құюшы да, экскаваторшы да жұмысшыға жатады. Жұмысшыға ұқсамайды дегенім сол. Арманның көкесі жақсы костюм киіп, мойнына галстук тағып жүреді, бәтеңкесін былғамайды. Жүзін жел қақпаған, қолдары аппақ. Краншы емес, әртіс сияқты. Арман сендерді алдаған шығар, шамасы. Біз осы үйге қашан қоныстандық ә? Жарты жылға жуықтаған екен. Сендер достасып та үлгердіңдер. Ал біздер көрші-қолаңмен танысып-біліспеппіз де. Бұрынғылар бірін-бірі ерулікке шақырып, араласып кетеді екен. Біз де сол салтты сақтасақ қой, қазір краншы кім, ғалым кім деп сыртынан тон пішіп, бала-шағамен дауласып отырмас едік. Масқара ғой мынау! Маңайдағы жұртпен қарым-қатынасты реттеуіміз керек, — деп әкесі өзімен-өзі күбірлеп сөйлесіп кетіп еді.


3


Жақанның көкесі жұмыстан күнделікті бір мезгілде келеді. Ерте де емес, кеш те емес. Оның қатты шаршағаны қас-қабағынан, жүріс-тұрысынан байқалады. Зауыттан әкелген қаймақ-қатықтарын апасының қолына ұстатқан соң асықпай жуынып-шайынады, жұмыс киімдерін ауыстырады. Ортасы ойылуға айналған көне диванның үстіне жантайып демалады. Шынтағын үстелге тіреген күйі терлеп-тепшіп шай ішеді. Сөйтіп, зорға дегенде терісі кеңіп, жүзі жадырайды. Осы тәртіпті бұзуға Жақанның батылы жетпейтін. «Қайдасың, Ораз?» деп өзі шақырғанша басқа бөлмеде асық үйіріп, бұқа сүзістіріп, уақыт өткізеді. Таныс дауысты құлағы шалғанда, орнынан қарғып тұрып, ойнақтай жөнеледі. Әкесінің алдына аунап, мойнына асылып, арқасына мініп, бала мысықша еркелейді. Сөйтіп отырғанда көкесі қор етіп ұйықтап кетпесе, күні бойғы аулада болған қызықты оқиғаларды баяндап береді.


Тек бүгін бұл тәртіп сақталмады. Ораз есіктен бері аттаған көкесінің алдын тосып, ішінде қайнап жатқан қорлығы мен ызасын бірден бұрқ еткізді:


— Көке, сол сүт зауыты деген саған неге керек?! Арманның әкесі сияқты ең биік кранда жұмыс істесең, шаршамас та едің, Алматыға төбесінен карап, бұлттарды қолмен сипап отырушы едің. Мен ауладағы балаларға көкем краншы деп мақтанар едім.


— Мынау не деп тұр өзі? — деді түкке түсінбеген әкесі қабағын түкситіп. — Азырақ есімді жинайын, ары бара тұршы, балам.


— Жоқ, көке, сен сүт зауытын тастап, краншы болып алуың керек, — деді ашынған ұлы, одан именбей.


— Мынау қайтеді, әй! Көкеңнің мазасын алма. Мұндай мінезді қайдан таптың сен? — деп сөзге шешесі араласса да, алған бетінен қайтар емес.


Әкесі босаға жақта бос тұрған орындыққа отыра салды. «Есін жинамай-ақ», жоқ жерде айқай көтерген баласының көңілін таппақ.


— Балам, сөзіме құлақ салшы. Мен краншы болып қайтем? Менің өз жұмысым бар. Айлығым да жаман емес. Оның сыртында сендер жалайтын қаймақ пен қатықты күнделікті тегін аламын. Шаршайтыным рас. Жұмыс істейтіндердің бәрі шаршайды.


— Иә деген! Арманның көкесі шаршамайды. Ең биік кранда жерге қарап отырған адам шаршай ма екен?!


— Арманның көкесі дедің бе? Ол кісі краншы ма екен? — деді көкесі таңырқап. — Әй, білмеймін. Сыңайы бұл жерде бір жаңсақтық бар.


— Қой әрі! — деді шешесі әкесінен гөрі сенімдірек сөйлеп. — Ол кісіні профессор десең, жөні бар. Әкімшілік қызметкері десең, жөні бар. Құрығанда, мұғалім деші, келісейін. Жұмысшыларды білеміз ғой, олардың киімдері кір, қолдары күс болады. Арман сендерді тақыр жерге отырғызған екен.


Мысы құрыған Ораз Жақанға телефон шалды. Сөзін қысқа қайырды:


— Аулаға шық. Бірдеңе айтам!


Өзі есіктің аузында төртінші қабаттан түскен Оразды күтіп алып, ілесіп тысқа шықты.


— Айтсаңшы жылдам! — деп Ораз жолдасын асықтырды. — Біз үй-ішіміз болып қазір кешкі асқа отырамыз.


— Арманның әкесі ешқандай да краншы емес екен! Менің көкем мен апам айтып отыр. Тіпті ондай краншы болмайды дейді. Ал, саған керек болса!


— Менің көкем де оның краншыға ұқсайтын түгі жоқ дейді!


Екеуі енді Арманды шақырды.


— Арман, аулаға шық! Бірдеңе айтамыз!


Үшінші қабаттың бір терезесінен Арманның басы қылт етіп көрінді де, жоқ болып кетті. Төмен қарай оқша атылса керек, селдір сары шашы желбіреп, жердегі екеудің қасына ентігіп жетті.


— Айтсаңдаршы.


— Сенің көкең краншы емес екен ғой! Сен бізді алдапсың.


— Мен көкемді краншы шығар деп едім. Мейлі, оқасы жоқ. Ол бір-ақ күнде краншы бола алады!


— Ендеше, менің көкем де бола алады!


— Менің көкем де!


— Міне, тамаша! Үшеуіміздің де көкелеріміз краншы болады! — деп қуанысты достар.





Пікір жазу