13.10.2022
  118


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Күмән

Жарлының жеп табысын,


Байларым қайдан дамысын.


Бірімен-бірі жарысып,
Шонжарлар байқар шабысын.


Адалдық алда жүреді,


Байқасам пенде шабысын.


Ағады өмір өзендей,


Білмейді байлар ағысын.


Арзанға алып, мәз болар
Кедейдің орған қамысын.


Осылай ашып жаз деді
Шабытым менен намысым.


Елім менің жарар ма
Ғасырдан соң ел деуге.


Әскерім ертең жарар ма


Семсерін жауға сермеуге.


Ұрпағың өрен даяр ма
Несібе-нанын қорғаштап,
Шетелге шашып бермеуге.


Қазынам қалды ашылып,


Дұшпандар кетті басынып,


Арам ас кетті ернеуде.


Ел-жұртым бұны көргенмен,
Жаласқан ауыз көрмеуде.
Жайындар жұтып жатқанда,
Шабақтар қалды тергеуде.


Сәбидей алдап жұбатып,


Бесікті жалған тербеуде.


Елі үшін оққа ұшты


Ер намысты, ер кеуде.


Бекежандай жауыздар


Арулап өзі жерлеуде.


Болашаққа көз салсам,
Көкейді күмән кернеуде...
Жарлылар жоқ деп жекірер,


Байсымақ тоқ боп кекірер.


Аш жұртым тоңып секірсе,


Ал байың тойып секірер.
Тоқ қарын ашты танымас,


Беделін өстіп кетірер.
Көзі тоймайтын надандар
Көрінде жатып өкірер.


Ағалар ұлы жолды бастамайды,


Іштен тынып, қорқады, қақсамайды,
Өтірік өрмегімен өрлегенше,


Ақиқаттан ол неге ақсамайды?


Сол ағалар талайды сырғанатар,
Түлкідей тіліндегі жақса майды.
Сөзімен көркем кесте тоқығанымен,
Жығылсаң жыртық жастық жастамайды.


Бұл өмірдің ләззатын сезбейтіндер,


Бес күндік байлықты да бақ санайды,


Біздің қазақ өзін-өзі мақтайды,


Дара шапсаң мына жұртқа жақпайды,
Шалыс бассаң сырттан мықтап даттайды,
Кір кебінді ойша пішіп шақтайды,
Шақтағанмен келіп өзі шаппайды,
Жалған достық мұз секілді қатпайды,
Тәуір құрақ мақтасыз ұзақ жатпайды,


Қыз пәктігі ару арын ақтайды,


Денсаулықты бағалай біл, сатпайды.


Біреулерге байлық уайым жегізіп,


Ал біреуге бағаланбас бақ қайғы.


Кедейлер кейде суға жарымайды,


Соқыр бай сорлы жанды танымайды.


Байлар бар бескүндігін білетұғын,
Жақындасаң сөзі жылы, жаны жайлы.


Арам дос аш досына күліп қарар,


Болса егер орны жұмсақ, қарны майлы.
Тәкаппар танылымнан арылмасақ,


Еліміз еш уақытта дамымайды.


Қалтылдатпай орныма қойшы орнықтырып,


Басымды тарт, бос жіберме, құнықтырып.
Не берсең де, я
Алла, артық етпе,
Бойымызға жібер шайнап, қорыттырып.
Найзадай өз сөзімді қадап айтсам,


Арамызда толып жатыр былық қылық.


Ақиқатты айтқанда жарып өтем,
Тосқауыл бола алмас қырық құлып.


Кінәсі бастан емес, шаштан көптер,


Құранды өзіне жүр қорық қылып.


Қысылғанда сөз дұрыс шықпайды екен,
Тыңдаған жан тіліңді ұқпайды екен.


Бәріне айтқанымды ұқтырам деп,


Ақындар сөз мәнісін нықтайды екен.
Өмірде айқас та көп, күрес те көп,


Қорқып шыққан күресте жықпайды екен.


Айлакерлер көп қазір бұл заманда,


Алла бірақ қулықтарын тықпайды екен.


Адамның аласын да, қарасын да,


Дарасын да, жаласын да, шаласын да,
Жаратқан өзі теңдеп сыптайды екен...





Пікір жазу