11.10.2022
  334


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Өзімнің өмірбаяным

Қыр арқама қамшы-тағдыр тиіпті,


Сынақты мол таусылмастай жиыпты.


Алты жасқа енді толған шағымда
Тұла бойым самаурынға күйіпті!
Көп көрсетті өмір қызық қылықты,
Тағдыр маған салды тағы былықты.
Жүрмесем де жұрт секілді секіріп,


Он жасымда оң аяғым сыныпты.
Өмір сынақ екендігін жай ұқтым,
Жүргендеймін толқынында Жайықтың.
Үстіндемін асты тесік қайықтың,


Айтыңдаршы неге бұған лайықпын?!
Жеті батпан жанымдағы жарадан
Шыдам менен шүкір айтып айықтым.
Тұла бойда жараның іздері бар,
Жан жараның жүректе жүз шері бар.
Жанымды төрт мезгілге теңер болсам,
Жазы жайсаң, күңіренген күздері зар.


Қыс келгенде қабақтан қар жауады,
Көктем туса құлпыратын кездері бар.


Міне, осылай айқаспенен ер жеттім,
Тағдырға мен жолды қалай бермекпін.


Махаббат кеп тұла бойға енгенде,
Шөлім қанбай сахараша шөлдеппін.


Махаббаттың бал дәмінен дәм татпай,


Сүтсіз құйған қара шайға терлеппін.


Қашан-қашан, айтыңдаршы бал қосқан


Сүтті шайдың дәмін татып көрмекпін?
Кереметті бойымдағы көрсін деп,
Зарлы өлеңді көп алдында көлдеттім.


Айбарлыға алынбайтын қамал жоқ,


Арыстандай айға қолды сермеппін.


Болар ма екен мен аңсаған тойым-ай,


Бітер емес өмір айқас ойын-ай.
Тағдырымның қолында тұр сойыл-ай,


Мен келемін сойылына мойымай.
Тағдыр маған шырмауықша оралды,


Бірақ менің жете алмайды бойыма-ай!


Аяушылық болмайды екен соғыста,
Көңіл шіркін көк майсадай жоңышқа.
Тағдыр менің шыға алмайды басыма,
Өйткені ол әлі мына қонышта.





Пікір жазу