11.10.2022
  149


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Торы бие тарихы

(Қаз ССР-нің 20 жылдығы бәйгесінен үзік сыр)


Балапанын бүркіт те қымтап өтер,


Құз басынан құлатып, сұңқар етер.
Талантқа талап тура кездескенде,
Көріпкел қотыр тайды тұлпар етер.
Тарихы өзгермейді, жылдар өтер,


Мен ақынмын болғанды жырлап өтер.


Ат қорқады сейістің қарасынан,
Жылқыны ажыратар шамасынан.
Жанары түсті міне шағылысып,


Құрықты алды қасындағы баласынан.
Торының қыл мойнына арқан түсті,
Шыңғырған топ жылқының арасынан.
– Жылқыларды асығыс аңдадыңыз,


Құрықты тым ертерек қамдадыңыз,


– Баласы әкесіне сауал қойды:
– Неліктен бұл торыны таңдадыңыз?


–Бұл жолы алды-артын аңлымадым,
Байқауымша, мен бүгін жаңылмадым.
Тым бөлек қасиетін көзім шалды,


Бірақ сен сол бір тұсын танымадың.


Мұндайды алғашқы рет байқап тұрмын,
Жүрісі мысық тектес жануардың.
Әрең қамап, бір істі тындырады,


Қора аузын тас жауып, сым бұрады.


Қарғитын, қарайтұғын саңылау жоқ,


Ызаланып асау торы шын құлады.


Қара айғыр торыны іздеп кісінеуде,


Елеңдеп тұрар емес тың құлағы.


Дүбірін естігенде үйірінің,
Шарасыз шыға алмай шыңғырады.


Сол мезгілде құйғандай отқа майды,
Үйірі кете берді, тоқтамайды.


Қамауда қалғанына қапаланып,


Сұлу торы бір апта оттамайды.


Сегіз ай біледі бала суытқанын,


Артық еттен арылды қуық, қарын.
Үйірде жүргенінде байқамайды,


Қара айғырды қасына жуытқанын.


Дәлелдеп жүргенінде мықтылығын,


Биенің жатырына бітті құлын,


Қарақасқа сейісі қолын ұрды,


Байқай салып биенің жүктілігін.
Тұлпарының келеріне сенімді боп,


Аламанның асыға күтті күнін.
Дүбірлі ұлы тойға шақ қалады,
Торы бие қасқамыздан арт қалады.


Егесі тұлпарының терін жалап,


«Бұл бәйге біздікі!» – деп мақтанады.


Сол кезде торы бие шабандозы,


Құлағы елең етіп, жалт қарады.


Сейіске естігенін айтты келіп,


Ойланды сейіс қиын жайтты көріп,


Буаз бие не қылмақ аламанда,
Шешім тауып жеті түнде қайтты берік.


Қара қасқа қосылады аламанға,


Қуаттырақ биемізге қарағанда,


Бітімін ту сыртынан байқап едім,


Қабырғасы артық шықты санағанда.


Ертесіне таң ата тоқайласып,


Қос жігіт ұзақ тұрды ақылдасып,
«Жолы бар ма бәйгенің алдын бермес?»


«Бар, әрине, бірақ мен сотталамын.


Айт десең, құлағыңды жақындатқын,


Құлынын тастатуға тоқталамын».
Жабуын қалың жауып, ұзақ шауып,


Суарды суымастан от тамағын.


Құлын түсті сылқ етіп күні жақын,
Шарасыз шыр айналып, «көм» дегендей,
Көреді қара жерді шоттағанын.


Құлынды жеті түнде көрместей ғып,


Арасына өреді боққаланың.
Тыпырлап тұрар емес арғымақтар,
Торы бие ортасында топ қараның,


Қара қасқа сейісіне сауал қойды:


«Неліктен ол биеге көп қарадың?»
«Жануар биелігін жасапты»,– деп,
Көрсетті төмен қарап, жоқты амалын.


Ат үстінен еңкейіп жүзік ала,


Ынтасымен баптады төзіп бала,


Алтынқожа шабандозға ақыл айтты:
«Тұлпарды жібітіп алып, сүзіп тара.


Қара арғымақтың екпінін аңдып отыр,


Басқа аттың шабысын қызықтама.
Үш айналым қалғанда қоя берсең,
Торымыз кете берер үзіп қара».
Жалғыз жүйрік келеді дара шауып,
Шабандозы көрінбейді, туды қауіп.
Жел қайырған жануардың қалың жалы
Келе жатты баланың басын жауып.
Көпшілік өз орнында тұра алмайды,
Жал астынан қара бала қылаңдайды.


Қуанышты дауыспен шырылдаған


Балақай: «Қожахмет!» деп ұрандайды.


Байқалмайды баланың шаршағаны,


Ұранын қайта-қайта жар салады.


Бәйгеге топ боп барған ауылдастар
Торыны жылап тұрып қарсы алады.
Тұлпарының шабысына тоғаттайды,


Арғымақ абыройын жоғалтпайды,
Өткір көз бір пәлені білмесін деп,


Сәйгүлікке ешкімді жолатпайды.


Арам іс болғандығын түсінеді,


Сәйгүлікті қораға әкеп түсіреді,
Жер сүзіп, тұмсығымен иісін сезіп,


«Құлыным, қайдасың?» деп кісінеді.
Жасырдың, жануар-ай, тұлымыңды,
Танылар тұлпар деген жығып мыңды.
Жарықтық, затың неткен асыл еді,


Бәйгеде іздемедің құлыныңды.


Бәйгеден келгенінде бағы ашылып,


Құлынын енді іздеді аласұрып,


Осқырды пыр-пыр етіп, ыңыранып,
Тыншымай тулай берді таң асырып.


Егесі жылап тұрып, «кешірші» деп,
Ноқтасыз кең далаға қоя берді.


Екеуі айдалада жеке қалды,
Торы сонда иесіне мойын бұрды,


Басын тақап алдына, кешіргендей,


Қара айғырға қайтадан кете барды.





Пікір жазу