11.10.2022
  432


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Шаршағанда

Шаршадым бұл өмірдің ащысынан,


Болашақты көрейін, кетші, тұман,


Ащы дәмі аузымды ойып түсті,


Дәм татайын мен де бір тұщысынан.
Таңдайымнан зәрдің дәмі кетсе егер,


Қалықтап өн бойымнан ұшсын жыр-ән.


Мені сонша тұрғызбастай қатты шаққан,
Көре алмадым қандай мықты улы жылан.


Айтыңдаршы, бар еді қандай күнәм?
Қайран жоқ қос қолым мен қос аяқтан,


Қотыр тайдай қалғандаймын мен саяқтан.
Әркімнің көмегіне елеңдеймін,
Тағдырмен айқасатын күш қаяқтан?!


Менің алдым бұлыңғыр қалың тұман,
Өзгелердің айы туып, таңы атқан.
Несібемді құйып бермей ожаумен,
Жаратқаным қасық ұшын жалатқан.


Осы пікір ой жарасын қанатқан,
Зарымды ешкім сезбес запырандай,
Шерімді мен аламын ақ парақтан.
Өмір, маған сынақ емес, жұмбақ болдың,
Жұмбағыңа жаңылып тынбақ болдым.


Ажалдан арашалап алып қапсың,


Қайырып ап мені не қылмақ болдың?
Өз ісіме өкініп, шымдап тоңдым.
Жұмбағыңды жасырдың жер бетіне,


Баршамызға сондықтан қымбат болдың.
Өлеңіммен бір сәтке марқаямын,


Марқаямын, жұқарсам, ортаямын.
Жасарамын жас көңіл жырлағасын,
Жылағасын жас жүрек қартаямын.
Өмірім өкінумен өлшенгендей,
Көңілім күйіп барад өртенгендей.
Өзегімді өртейді өз өлшемім,
Өмірден өкінішпен өтем бе дей.


Маңдайға жазған ауыр сын,


Соққандай маған дауыл шын.


Қалайша көкке ұшамын,


Қатпастан сынды-ау қауырсын.


Қалмай ерем шуағы аз күніме,


Қанбай келем ұйқысы шала түніме.
Шаршағаным байқалмай ма жүзімнен,


Қараңдаршы, солғын тартқан түріме!
Жасырғанмен зар-мұңымды жариялар,


Ден қойыңдар шаршап шыққан үніме,


Қарап тұрсам, шөлге біткен мен гүлмін,


Солдырмаңдар, су құйыңдар түбіме!
Үш тұғырлы уайым бар бір басымда,


Ауыр боп тұр көтерер кіртасым да.


Еңбегіңді еш кетіріп құртасың ба,
Жаныңды арың үшін жыртасың ба?
Татымына тұрмайды деп қорқасың ба,


Меңіреу мәнсіз заман ортасында.


Ойым ұшқыр, тілім қысқа, айта алам ба,
Жырым желең жабусыз байқағанға.
Келесі кезеңінде жүргім келед,
Өмір өзі орала ма қайта адамға?
Жүгіртті тағдыр мені жалаңаяқ,
Тікені батып келед майтабанға.
Тоқсан тұсау салса да тоқтамаймын,
Шабыт кенет шерімді шайқағанда.


Мен ғашықсыз өмірде оңалам ба,


Ызғарына мәңгі шыдап, тоңа алам ба?
Жанымды жас сәбидей түсінбейді,
Көңілім қалды тасжүрек оңбағанға.
Жүрегімді жаралады жырымшылап,


Сүю сезім менде мүлде болмаған да!
Көрмегендей кеудеңнен кешіп өтед,
Көз қырын да салмайды сорлағанға.
Көңілімнің күш нәрін жұлып түсті,
Кім солады, мына мен солмағанда?!


Қатал тағдыр ізден қалмай қудалады,
Жүргендеймін мекен етіп қу даланы,


Болашағым бұлыңғыр сағымдай боп,


Бақыт көрем, бірақ беті буланады,


Қыздар мені сүйем деп айта алмайды,


Осыны ойлап көңілім у жалайды.
Талай дарын фәниге сыймай кетті,


Қартайтты мына жалған шимай бетті.


Бұл заман сайқалдарды сипап өтіп,
Әлсіздерді аямай қинай тепті.
Әзірге шыдап келем, құлап келем,
Жылап келем, сұрап келем,
Шумағымды құрап келем,
Жарылармын бір күні жинай кекті.
Тағдырым қиындықты жақтағасын,


Бойда барды шығартпай сақтағасын.
Көзінше мақтап, сыртынан даттағасын,
Көңілім аш, қыз еліктей қаптағасын.
Көздеп жүріп біреуін атпағасын,
Көңілім махаббатты таппағасын.
Тәттісінен татпағасын,


Бір арумен жатпағасын,


Бірге мұз болып қатпағасын...
Шаршағанда бұл өмірден жалықтым,
Өнерімді өршіл рухпен таныттым.


Бояуым бар көз тартатын қырымнан,


Барша жұртқа жырымменен қанықпын.
Шыншылдықпен шымырды да шалыппын,


Самғауды да сескенбестен алыппын.
Тілім өткір бойдан жарған қанжарым,
Тиген сәтте тасын жейді шарықтың.


Қайрат та, қуат та бар, шегіншекпін,


Айтқаным болмаса егер тебіншекпін.


Білмеймін шаршадым ба, шалдықтым ба,


Мен осы соңғы кезде көңілшекпін.





Пікір жазу