11.10.2022
  321


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Толғау

Жетіге жасым жеткенше,


Алды-артымды біліппін.
Жүру маған бір арман,
Түсімде ғана жүріппін.


Адал мен арам кездессе,


Адалды көзге іліппін.
Өмір деген сынаққа


Ерте бастан кіріппін.


Бойым науқас, ойым сау,


Мен осындай жігітпін.


Ойымды ашық білдіріп,
Түйінді жіптен шешілем.


Қашанғы тұсау саласың,


Босатсаң, тағдыр, кешірем.
Өмір атты өзенде
Өзгеше аққан
Есіл ем.
Елім-ай, мені еркелет,


Бар шығар менің несібем.


Сағама тығын тас тықса,
Тіліммен тасты тесіп ем.


Сарқырап аққан сары өзен,


Қалайша жолдан кесілем?


Сүйгенім саға ашпаса,


Бұл өмір қызық несімен?
Өмірден азар көрмесем,


Мұңлы өлең жазам ба-ай.
Әттең деген өкініш,


Алып болды мазамды-ай.


Ойнақтағым келеді


Суда жүзген сазандай.


Бес күн мына өмірде,


Құл болғаным артық ед,
Тік тұрсам өзім азанда-ай.
Көңіл шіркін тоқ болса,


Мен осынша азам ба-ай.
Өмір деген өлкеде,


Мың адамнан мен науқас,
Өкпем қара қазандай.
Тағдыр, сенде жүрек жоқ,
Жүрегі жоқ кеудеде
Намыс пенен жігер жоқ.


Олар егер болмаса,


Махаббат жоқ, тілек жоқ.


Біз сияқты ақынды


Қойдың неге шідерлеп?


Сен қимаған саулықты


Ел-жұртым бар тілер көп.
Өлмейді өршіл өлеңім,
Өзгеше менің өлшемім.
Үмітті биік көтеріп,
Күдікті терең көмемін.
Тағдырға тура төнемін,


Аллама ғана сенемін!
Жарамас жолға бос қарын,


Алдымнан шықса тосқаным.


Құлақ құрышын қандырса,


Мен өмірге қосқан үн.
Жауым да бар жалғанда,


Санаулы адал достарым.


Қысымнан қорқып қашпадым,
Төбемде ашық аспаным.


Сарғайсам да саспадым,


Жастарға сабақ болсын деп,
Өзгеше өлең тастадым.


Асықпасам қалады,
Жайқалған жалын, жас шағым.


Қамшының ғана сабындай,
Өтеді өмір қас қағым.


Адамның көрдім жарлысын,
Намыстың тердім арлысын.
Жайнаған жазды қия алмай,


Қыстың да кештім қарлысын.
Өлшеулі өмір шағында
Өлеңнің айтам зарлысын.
Ғаламат әлем бағында


Бұлбұлша сайрар бар мүсін.


Құлатар, тағдыр, жармысың?
Жетелеп өтер нармысың?


Арымнан жаным садақа,


Қайырып алсын қарғысын.


Қинасаң да көнбейді,


Қаныммен туған намысым.
Жігерді жидым етектеп,


Қорғаймын «төгіліп кетер» деп.
Тұрса да тоқсан тосқауыл,


Мен емес тоқтар «бекет» деп.
Тепсінген қара тұлпардай,
Тұсаумен тұрмын секектеп.


Қайтпаған қайсар асауды,
Әкетсін бақыт жетектеп.


Қоршадым жырлы аймақты,


Қалқыдым қалың қаймақты.


Астынан оты қашса да,


Қазаным тынбай қайнапты.


Жанымнан тәнім садақа,
Тілімді күрмеп сайратты.


Арымнан жаным садақа,
Көріңдер қайсар қайратты.


Ақылым мен қайратым,
Жүрегімді тыңдаңдар.


Ашу-айлаға жүгініп,
Жарты жолда тынбаңдар.


Адастырар маңайда
Шайтандар бар, жындар бар.


Бұрауға салып қысса да
Шағылмаңдар, сынбаңдар.
Әлі алда өтетін
Небір қиын сындар бар.


Ақылым мен қайратым,


Бетті теріс бұрмаңдар.
Көрсетейік алып күш,
Тағдырға қарсы тұрғандар.


Ақын атым құрысын,


Сөз маржанын таппасам.
Жігіт атым құрысын,
Жігерлі ойды жақпасам.
Жаратқан, маған өкпең жоқ,
Жыр ғып жапқан шапанды,
Өзіме тура шақтасам.
Жыр сандықты оюлап,
Күмістен сыртын қаптасам.
Әке еңбегін еш қылмай,


Ана сүтін ақтасам.
Тағдыр, маған не дейсің,


Арымды жанға сатпасам.


Қаңтарыңа қатпасам.
Теңізіңе тұншықпай,


Ұйығыңа батпасам.


Ерлік емей немене,
Шалғаныңа жығылып,
Төсек тартып жатпасам?


Қаруыңды неге алдым,


Құралайды атпасам.


Абай сөзін көп тыңдап,


Ақылын есте сақтасам.


Ауыздықпен алысып,


Аламанға шаппасам.


Оздырып келер шабытым,


Қоздырып алшаң аттасам.


Құлагер қияр мәрені


Ақанша, жұртым, баптасаң.
Өмір сүзіп шолғасын,
Кеудеме кірбің толғасын.
Жыр жаздым шабыт қонғасын,


Қолдасын Алла, қолдасын.
Жұпар гүл ерте солмасын,


Маңында шырмау болмасын.
Тыймақшы тағдыр арнасын,
Жанымды мейлі қорласын.


Қара бұлт төніп торласын,
Көл болып нөсер орнасын.


Қам қылдым тоңып тұрғасын,


Қазғанмын ағар жылғасын.


Балқытып күнде бес уақыт,
Көкейге құйсын қорғасын.


Қорғасын мені тоқтатпас,
Жалпақ тіл жалды орғасын.
Жығылсам жастық болатын
Жыр менің мәңгі жолдасым.
Тоқтаусыз жүрек толғасын,
Өзімді,
Алла, қолда шын.


Тәртібім қатты темірден,


Қызуым мықты көмірден.
Жыртықты тігем сөгілген,
Жырларым таза көңілден.


Мықтыларды мойындап,
Жан емеспін жеңілген.


Маңдайға жазса не шара,
Тамшыны терем төгілген.


Сұрарым саусақ санарлық,


Аларым алда өмірден.
Шығарам деп шерімді,


Сөйлей алмай тұтығам.
Тағдыр шуақ шашпаса,


Бұлттай мен де тұтылам.


Ізімнен қалмай ереді,


Қайда қашып құтылам?


Санамды берген сергек қып,


Бір шетін тағдыр шұқыған.


Халқым барда, күшім бар,


Мен қалайша ұтылам?
Келемін төзіп азапқа,
Көнбейді жаным мазаққа.


Басыңа салса көнерсің,
Үш-ақ күнде тозаққа.
Ноқтамен ғана қоя бер,


Салмасын тұсау боз атқа.
Тұсауға тоқтар мен емес,
Жетермін шауып азатқа.


Дүбірімді естіртем


Құлағы қалқан қазаққа.


Жырымды,
Алла, жолдаттың,
Ғашықтарды қолдаппын.


Адасқан сәтте орманнан,


Махаббат, сенен жол таптым.


Батырша бағып жүрсем де,
Жолыңда жалғыз қорқақпын.
Теңдеші мені, емдеші,


Дертіңді сенің мол тарттым.
Тыңдаусыз жетім сөз жатар,


Махаббат жанды маздатар.


Мергенің келсе бетпе-бет,


Құралайды көзге атар.


Екпініме шыдамай,


Қайтады кейін қаз-қатар.


Бұл өмірге назым бар,
Көңілімде саз үн бар.


Махаббатты солдырмай,
Тамырын терең қазыңдар.
Жүрегімнің жарасын,


Арулар, емдеп, жазыңдар.
Өмірім, маған сынақсың,


Сұйықсың, аққан сынапсың.
Жығылған жанды жылатпай,


Махаббат өзі жұбатсын.
Кербез де кердең керілер,
Уақытым жоқ ерігер.
Тарыдай жатқан несібе


Еңбекпен ғана терілер.


Ер басына күн туса,


Етігімен су кешіп,


Қатқан нанды кемірер.


Қайғысыз, мұңсыз қас жаман


Қара суға семірер.
Жүргеннің сәні осы деп,
Жандар бар көзсіз желігер.


Құр өткізбе өмірді,


Басыңа бір-ақ берілер.


Мазалай берсе түрткілеп,
Жақсыдан да мін шығар.


Арына тіл тигізсе,


Сабырлыдан жын шығар.
Үрейленсе жүрегі,


Мылқаудан да үн шығар.


Қиыннан соң қуаныш,


Ай артынан күн шығар.


Осы айтқаным, ағайын,


Біле білсең, шын шығар.


Сарқырап ақсам су болып,


Ағысыма кім шыдар?
Теңіздей толқып туласам,
Түбінде жатқан құм шығар.


Атты адам бойламай,
Толқыныма тұншығар.
Шырмауы шалды тағдырдың,
Шырмауға неге қалдырдың?
Өзекті жарып талдырдың,


Ізімнен ермей қал, мұңым.
Үмітті үрлеп жандырдым,


Қырағымын, алғырмын.
Жүрмесем де жер басып,


Ізімді елге қалдырдым.


Қаламын әр сәт қинала,


Ұлыңды, Алла, қинама.


Қиыстан өзің құраған
Тағдырды қайта қидала.


Маңдайға жазған жазуды
Өшіріп,
Алла, шимала.
Тілегендей жасашы,
Керемет бір сый ғана.


Сыйымды алып қалайын,


Базарды менсіз жинама.
Шабытым, бір сәт тоқтама,
Жүректе әлсіз шоқ қана.


Сезімнің шоғын үрлейін,


Лапылдап жансын оттана.


Құралайды көзге атар


Қаруым жатыр оқтала.
Өмір өзен өрлеуде,
Тоқтауға менде жоқ шама.
Шаршама, жаным, шаршама,
Зарыңды айтып жар салма.


Мықты ғып Аллам жаратқан,
Көрсетер күшті бар шама.


Қуатым шексіз екенін


Дәлелдеп берем баршаңа.
Тағдыр салған тұсаумен
Тізерлеп шапқан тұлпармын.
Тағдыр қиған қанатпен


Қырындап ұшқан сұңқармын.
Жас шағымда жығып ап,
Тағдыр, мені қаңтардың.


Ұрымтал сәті түскенде,
Уатып сені ұнтармын!!!


Айқастан көпті ұта алдым,
Насихаттан құт алдым,
Шындап шықсам айтысқа,
Жырын салам
Бұқардың.
Алданбадым қуға да,


Құламадым уға да.


Мықты адам өз ізін,


Қалдырады суға да.





Пікір жазу