МАҒАН ЖАР ЕМЕССІҢ
Енді ұқтым, сен маған жар емессің,
Бар болғаны, есімді алған елессің.
Қанша қара, көрінбеймін көзіңе,
Бар кінəні артам енді өзіңе.
Деп тілеймін қайнасын-шы сорың шын,
Ойсыз басың тау мен тасқа соғылсын
Аһ ұрғанда қырық қабырғаң сөгіліп,
Көркің қалсын гүл сияқты төгіліп.
Демің бітіп, күлге айналсын жүрегің,
Жауға айналсын жанып сүйген тірегің.
Белің құныс, соқыр болсын жанарың,
Қол тиместен солып қалсын анарың.
Білмедің де бұл дүниенің жалғанын,
Үлде менен бүлде болды арманың.
Енді сені қойнына алар қара жер,
Аппақ етің құм болады, бара бер.
Сенсіз мен де мына өмірде тірі өлік,
Баста қайғы, күнім өтті түнеріп.
Махшар күні алқа ортаға алғанда,
Екі қолым, біл, болады жағаңда.
Жалынарсың сұрап сонда кешірім,
Аша алмассың бірақ мейір есігін.
Өзің үшін шеккен жапа есебін,
Өзің айтшы, қалай ғана кешемін?
Кеше алмаспын, болсын жайым жаһаннан,
Сонда айығам қайғы, нала, қапамнан.
Махшар күні сын болғанда арыңа,
Азаптанғын атым түспей жадыңа.
Тозақ оты шарпығанда тəніңді,
Жалғыз сөзім құтқарса да жаныңды,
Бəрібір сол шешімімде қаламын,
Сен жоқ жерге, тозақ болсын, барамын.