07.10.2022
  172


Автор: Түрік поэзиясы

МАҒЖАНҒА ЖАУАП

Алыстан азабымды білген бауырым,
Жұбатып, көздің жасын жүрген, бауырым.
Отырып өзі жаудың ортасында,
Көңілін мұң-зарыма бөлген, бауырым.
Тұмшанып қайғы-мұңға қалдым, бауырым.
Қуарып бəйшешектей солдым, бауырым.
Сен дұшпанды бұрыннан білуші едің,
Мен соған енді куə болдым, бауырым.
Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай,
Ол бір тұлпар болғанда, біз бір-бір тай.
Бауырында ойнақ салып біз жүргенде,
Тап біздей жайнамайтын Күн менен Ай,
Алалы алтын сақа атқан едік,
Тебісіп бір төсекте жатқан едік.
Алтайдай анамыздың ақ сүтін де,
Бірге еміп, бірге дəмін татқан едік.
Сылдырап біздер үшін бұлақ ақты,
Шатырлап найзағайлар ойнап жатты.
Даяр боп ұшқан құс пен соққан құйын,
Біз мінген аттар тұлпар һəм пырақ-ты.
Бір күні бұл дəуреннің соңы жетіп,
Тəңірдің жазуымен сапар шектік.
Ақ теңіз, Қара теңіз ассақ-тағы,
Жүректі сол Алтайға тастап кеттік.
Білемін ұшам дедің ұша алмадың,
Дəрменсіз, көкке қанат қаға алмадың.
Жөн сілтеп жол көрсетер ешкімің жоқ,
Дұшпанның тырнағынан қаша алмадың.
Саған атқан оқ маған өтіп жатты,
Күнəсіз қанымызды төгіп жатты.
Егерде қан төгілсе мына біздін,
Түбімізге бөліну жетіп жатты.
Мен де аңсаймын кешегі қыр мен сайды,
Күндіз Күн, түнде күміс нұрлы Айды.
Бізді жібек құндаққа орап алып,
Бауырында əлпештеген ана – Алтайды.
Айрылып бір-бірімізден отқа түстік,
Тарихтың қазанында қайнап, пістік.
Тайсалып, қайтпайтұғын жауған оқтан,
Жігіттік, батырлықтың антын іштік.
Ұмтылған бостандыққа түрік жаны,
Ауырып, көрген емес бітіп хəлі.
Жүректің жалын оты сөнген емес,
Соғып тұр тамырында ата қаны.
Бауырым, сен ол жақта, мен бұл жақта,
Не таптық, шашырағанда шартарапқа?
Барлығын күш-қайраттың жинау керек,
Атадан мирас болған ұлы Отанда!





Пікір жазу