АМАНЖОЛОВТЫ ОҚЫҒАНДА
Ей, Ақын,
Сарыарқаның сен ерке тұлпарысың,
Ең асау тұлпарысың,
Шабытын Тоныкөктен шалған,
Дəдем Қорқыттан алған – шырқау үшін,
Қылышын қалам,
Қаламын қылыш еткен ұрпақ үшін,
Алтайдың ақиық сұңқарысың.
Қасым атың өзіңе қандай жарасымды:
Кей заманда дауылды, борасынды,
Жараланған жүрегің аласұрды,
Бір жағың қыс, бір жағың көктем болып,
Күлесің де жылайсың бала сынды,
Қасым айы– қараша – нар ашулы.
Абай ата –
Шөлге біткен қызғалдақ жалаудайын,
Шəкəрім, Мағжан, Шоқай – талай дарын
Қараңғыға сəуле шашқан алаудайын.
Біз бір Айдың келеміз жарығымен,
Бір ұлы Айдың жарығымен – Абайдайын.
Қараңғылық қалды артта, қамалмайын,
Анық басып алды-артты абайлайын.
Жырларыңда мың жылдық қобыздың мұң үні бар,
Қанатты тұлпарлардың дүбірі бар.
Көроғлы, Алпамыстың сыйысың сен, асыл атың,
Құрманғазының күйісің сен, Қасым ақын!