07.10.2022
  128


Автор: Түрік поэзиясы

БƏРІ СЕНДЕ ЖАСЫРЫН

Қандай күшпен тартса жер, соншалықты ауырсың,
Жеңілдікке келгенде секілдісің қауырсын...
Құштарлығың өмірге дүрсілінде жүректің,
Жанарыңның отында жастық дейтін жүр екпін...
Жақсы көрсең қаншалық, сонша жақсы боласың,
Жек көргенге өзгені өзге қайтіп жоласын...
Жүзің сұлу болғанға жолым болды демегін,
Жайып салар əңгімең жандүниеңнің дерегін.
Өміріңді өткізген байлығым деп санама,
Əрбір батқан күніңмен жақындайсың шамаға;
Қанша өмір сүрсең де, аса алмайсың межеден,
Жан қапаға батады шын күлкісін тежеген.
Тағдыр қанша жылатса, тағы сонша күлесің,
Сені сонша сүйеді, өзің қанша сүйесің.
Күн шықты ма арайлап, табиғаттың сыйы де,
Суар əркез жаныңды адалдықтың күйіне.
Айтсаң егер өтірік, сендірем деп алданба,
Қанша алданғын бəрібір, өзі сеніп қалғанға.
Сүйіктіңді сағынсаң ол да сені сағынар,
Жүрегінің төрінен саған да орын табылар.
Жаңбыр жауса қаншалық, су боласың соншама,
Күнге күйсең қаншалық, ыстығың да сол шама.
Жалғызбын деп түңілсең, байлап-матар жүз арқан,
Қанша күшті сезінсең, соншалықты қызар қан.
Көріктімін дедің бе, құлпырады жүзің де,
Бостан-босқа зарығып, бостан-босқа үзілме.
Есте ұста бұларды жарық дүние қонағы,
Өмір сүру дегенің, міне, осылай болады!
Ұмыттың ба бұларды, жаңыласың шындықтан,
Құтылмайды санаң еш қасірет пен құлдықтан.
Ұмыттың ба өзгені, сен де естен шығасың,
Бейбақ болып өтесің, жуа алмаған күнəсін.
Суланса гүл қаншалық, соншалықты əдемі,
Сайрай берсе құстың да əсемденер əуені.
Жылағаны сəбидің, сəбилігі деп білгін,
Қаншалықты үйренсең, соншалықты көп білдің.
Бұның бəрін ұғып ал жүрек ояу кезінде,
Қанша сүйсең, соншалық сүйіктісің өзің де...





Пікір жазу