07.10.2022
  116


Автор: Түрік поэзиясы

ЗЕЙНЕП, КҮТШІ МЕНІ

Ағаштарға тамшылаған ақ жаңбыр боп жетем саған,
Күткін мені, жаным Зейнеп, арманымсың мен аңсаған.
Шаштарыңнан сипар жапырақ жаймен ғана сүйіп көріп,
Жалғыздығың ғайып болып, отырарсың күліп, толып.
Өткен күзің, шер мен мұңың сол бір сəтте ұмыт болып.
Күткін мені, Зейнеп жаным, мен өзіңе ораламын,
Айтшы маған, сондай шақта кімдер бөгет бола алады.
Қап-қараңғы түн басқанда айналармын сырлас жанға,
Жыр кітабым-нұрлы таң, жарайды ол мұңдасқанға.
Сол бір кітап түсіңде де тербетеді əлдиімен,
Теңіз желі толқытқандай тебіренер жан дүниең.
Жел емес, мен ысқырдым ғой, елең ете қалдың, білем.
Кешкі ымырт үйірілгенде жүрем ылғи мен іргеңде,
Қоңыраумын сыңғыр қаққан, басқаға еш көңіл бөлме.
Күтші мені, Зейнеп жаным, мен өзіңе ораламын,
Махаббатпыз біз екеуміз бөле алмайтын араларын.
Күйтабақта күй ойнаса, би билейді бүкіл маңай,
Ойын қуған балалардың жүзі шаттық, түсінде арай.
Мен жоқпын ғой арасында, өмір-өзен барады ағып,
Тірлік маған берсін кезек, жаным тұр-ау жараланып.
Нұрлы бейнең жүрегімде, тек өзіңсің тілегім де,
Хаттарыңды ақтарғанда нұр ойнайды реңімде.
Бірер күнде кездесеміз, сағынбасқа жоқ амалым,
Күтші мені, Зейнеп жаным, мен өзіңе ораламын.
Ертегідей болсақ деймін орындалар тек тілегі,
Жазығым сол, сөкпе, ағайын, ессіз сезім ертті мені.





Пікір жазу