07.10.2022
134
ЕГЕР ДЕ
Басыңды да бас деуге əсте келер ме,
Басың миын істетпесе егер де.
Түбі тесік қауға да бір, ол да бір,
Мың жасасаң бір де пайда берер ме?
Жеріңді де жер деуге əсте келер ме,
Жерім деп жан қия алмасаң егер де.
Жерің де бір қазулы үңгір, көр де бір,
Жараса тек өлгеніңде көмерге.
Туыңды да ту деуге əсте келер ме,
Желбіреткің келмесе егер төбеңде.
Көргеніңде жігер, қайрат бермесе,
Жарамаса астында жау жеңерге.
Халқыңды да халық деуге келер ме,
Аттанбаса еркіндігі дегенде.
Бəріне де көне берсе бас иіп,
Үнің шықпас, сенім кетер сенен де.
Төзімді де төзім деуге келер ме,
Түбінде бір жарылмаса егер де.
Ондай төзім су тиген оқ-дəрідей,
Кəдеге аспас қапыда жау төнерде.