07.10.2022
  108


Автор: Октай РИФАТ

Соңғы сөз

Тамағыңнан бүлкіл қағып жұтылар
қара суда құдіреттің құты бар.
Аспан неге керек деме иесіз,
зат болмайды киесіз.
Қасиетте ұлы аспанды, бағың бар
Көкті əйнектен көріп тұрған шағыңда.
Жапырақтың қадірін біл, пұлын біл,
Мөлдір шықтың, ылайдың да бұлыңғыр.
Қызыл, қара, ақ пен күрең, сары-ала, –
түс біткеннің бəрін, бəрін бағала.
Қуаныш боп аяқталса бір ісің,
Демек, сен де тірісің.
Жасыл емен жапырағын бүркеніп,
саған үміт сəулелерін тұр төгіп.
Бағалай гөр, мұның бəрін бағала, –
жалғыз тамшы құлап түссе жағаңа.
Халық үшін күресе алсаң ту алып,
ол – тірлікті бағалаудан туады.
Қастерлей гөр қуанышты, қайғыны,
қайғы-мұңсыз сəнді болған қай ғұмыр?!
Ашуды да бұлдап үйрен,
шын егер
өмір сүйсең – бұлдануды біле гөр!
Бағалай гөр жас бұтаның дірілін.
Күннің өзі жылытады тіріні!





Пікір жазу