07.10.2022
162
ОТЫЗ БЕС ЖАСТАМЫН
Отыз бес жастамын.
Өмір қас қағым.
Үлкендік аулына
Жол бастадым.
Айнада – шимай жүз.
Бұл адам мен емес, иланғыз.
Ақ шашым көбейген,
Достарым азайған,
Мен – жалғыз!
Күн сайын ескірдім,
Тастың сырын да кеш білдім.
Дауыл есіріп, нөсер құйғандай
Жүрегім – алапат көшкінмін.
Өртті күндерім! Айқайлы!
Мені адамдар енді байқайды.
Орда бұзар отыз бес жасым
Жүзімнен əр тайды.
Сол – қайғы.
Өткен жыл парағын тапсам,
Қуаныш сосын мұңым бар.
Таңдайда қалса шырын-бал
Ащы -тəттімді ұғыңдар,
Құлаққа дауыс келгендей сірə,
Жаназа үні. Өлген кім?
Арманы менен қайғысы жоқ деп
Айта алмас едім өлгеннің.
Өлім де – əжімдей бетке қонған,
Қашарсың қайда қаңғырып.
Шағынып едім тауға барып
Дауысым жатты жаңғырып.