07.10.2022
  121


Автор: Назым ХИКМЕТ

ҚОРҒАСЫН

Мұнда ауа зілдей бейне қорғасын.
Айқай салам,
шақырамын,
шақырам:
Кел,
Қорғасын, кел, кел бері,
Сендерді
Мен –
балқуға шақырам,
Қорғасын да сөз білетін болғасын.
– Сен өзіңнің үніңмен
өзіңді өртеп, айналасың көк күлге,
Керім құсап жана-жана кеттің не?!
«Қасіретті өртеу үшін мың ескі –
жағам жаңа,
ашам жаңа күресті».
Дір еттім:
құлағы бітті жүректің.
Мұнда ауа ауыр бейне қорғасын.
Қорғасынға былай деймін:
– Мен-дағы
Мейлі, мейлі Керім құсап
жана-жана күлге айналсам болғаны.
Мен жанбасам,
сен жанбасаң,
біз жанбасақ –
мына біз
түн-түнекті қалай түріп шығамыз!..
Ауа ауыр қара жердей,
Қайда қоям, Жер, сені?
Ауа ауыр қорғасындай,
езіп барады еңсені.
Айқай салам,
ышқынамын, шақырам:
Кел, Қорғасын, кел, кел бермен,
сендерді
мен –
балқуға шақырам!





Пікір жазу