ЭГЕЙДЕН – АЛТАЙҒА ДЕЙІНГІ ТҮРІК ЖАСТАРЫНА!
І
Түріктерге жараспайды күншілдік пен надандық,
Əр қашан да биік тұрсын, қасиетің Адамдық!
Күшің сына қан майданда, даласын да ұрыстың,
Ет-жүректен жаралғанмен, сен шойынсың, құрышсың!
Ішіңнен тын қиналсаң да, қандай азап көрсең де,
Сырыңды аш па жауларыңа осы жолда өлсең де,
Жарты жолда жан тапсырып, көз жұмса да жолдасың,
Алған беттен танба, өзіңді Ұлы Мұрат қолдасын!
Қанашылар сүліктейін, сорса дағы қаныңды,
Жауларыңнан биік ұста, сорса да олар қаныңды!
Желдей зула! Ұлы Мұрат ойнап жатсын қаның да,
Отқа да жан, суға да түс, алған беттен тайынба!
Қажет болса, бас сауғалап, басың тарт па, өлімнен,
Ұлы Мұрат – күнің болып, күлімдесін көгіңнен!
Осы жолда шейіт болып, бірақ, дамыл табасың,
Сонда ғана ұрпағыңның мəңгі есінде қаласың!
ІІ
Мүмкін шөлде айрыласың жаның сүйген жарыңнан,
Мүмкін, жарың сені тастап, өзі кетер жаныңнан?
Құлай жаздап, жаман лашық қатты соққан дауылдан,
Атып тұрар күн де жетер талып жеткен Дабылдан.
Жаман-жəутік, кім көрінген, сені қорлап, басынар,
Талай рет ар-намысың, табанға сап, басылар.
Қолың – жара, табаныңнан – тілім-тілім, қан шығар,
Қанша сорлы болғаныңмен, сабырың да таусылар.
Қасиетті əр дұғаңнан тек күпірлік тапқандар,
Париж, Мəскеу сияқтыға ар-ожданын сатқандар.
Сабап қойдай, көкала етіп, бас-көзіңді ісірер,
Сенің ауыр қасіретіңді олар қайдан түсінер!
Жас достарым, мен сендермен мəңгі-бақи біргемін,
Сөгілетін күні жақын темір торлы іргенің.
Өмір, қайғы, боран, дауыл... Барлығы да өтпелі,
Аман болсын, бауырларым, Тəңір құты көктегі!
1931 жыл
ІІІ
Атадан қалған Наркескен қолға алып, қайрар күн туар,
Найзағай болып, жарқылдап, ұрандап, жауға ұмтылар!
Ішіңде жатқан жалынды – сырт көзден босқа жасырма!
Бұйқ па, Түрік, бүксиіп, отбасы, ошақ қасында!
Қанаудан көзін ашпаған – маңдайдың соры – бес елі,
Қарап та жатпай атқа қон ел болам десең көшелі!
Жетемін десең Жеңіске сілкінтіп, марғау даланы,
Есіңе ал онда, бір сəтке Сақар мен Шанаққаланы...
Саясат... Достық... – түсінсең, барлығы жалған, сұмдық-ты,
Күлтегін жазған жазудан табасың жалғыз Шындықты!
«Көсем» деп, саған дəріптер, дəлдүріш біреу – Ленинді,
Қорлаған сол ит, түсінсең, өз жерің менен еліңді.
Қараптан-қарап, бауырым, үйіңде жатып, өлмегін,
Түріктің еркін ұрпағы, намысты қолдан бермегін.
Ішіңнен күл де, білдірме, берме де оған өңіңді,
Қашан да дайын тұрсын сол серіктерің де сенімді.
Қаныңды сорған жауыңа – Жеңісті қолдан бермегін,
Есіңде ұста қашан да Түріктің батыр ерлерін.
Қанымыз бірге түсінсең, аумайды сенен тілім де,
Табысар түбі Рухым Тəңіртау жақтың түбінде...