07.10.2022
  105


Автор: Һусейін НиҺал АТСЫЗ

ӨТКЕН КҮН МЕН ҚАРА ЖЕР ТУРАЛЫ ЖЫР

– Келші, досым, мұңдасайық, бүккен сырды ашайық,
Өткен күннен бір белгіні – бүгін қашап, жасайық.
Жүректегі ескі жара аузын тырнап, ашайық.
– Қалай қидым, қара жердің қойынына аруды,
Періштедей қайран сұлу – суық көрді жамылды.
Қылықты еді, сұлу еді, сүйікті еді, көрікті,
Маған тағдыр сол қызбенен бір болмауды беріпті.
Қапы қалдым, армандаған, орындалмай тілегім,
Сыздап, сыздап, сағыныштан қан жылайды жүрегім.
Қалың қайғы, албастыдай, басып келіп, көрінбей,
Өткен күндер – аза тұтып, орап алды кебіндей,
Мен өлсемші, сүйіктімнің махаббаты көмілмей.
– Ей, жан досым! Есіңді жи, өзіңді-өзің қолыңа ал,
Сүйген жанды өлім жеңбес, бақыт тағы жолығар.
Сүйгеніңді жер алды ма? Алам десе, қарамас,
Көн бəріне! Қара жерге өкпелеген жарамас!
Білсең, бізді жаратқан да, өсірген де – Жер ғана,
Бесігіңде əлдиімен тербеткен де сол ғана.
Судың салқын тамшылары тəнімізге жан берер,
Көк орманда жарқыл қағар қызыл, жасыл сəулелер.
Ей, жан досым! Нысап керек, сезім керек мұндай да,
Тағдырымыз қара Жердің өз қолында тұрмай ма!
Бір қыз деген, не тəйірі, алам десе, Ол алады.
Ұлт та туар, ұлт та өлер... Бір сəт шешер бəрін де,
Бұл Қара Жер – бесігіміз жəне бізге қабір де.
Біле білсек, бұл Жер біздің бəріміздің Анамыз,
Қарғыс айтып Анамызға қалай қарсы барамыз.
Шындық деген – немене өзі? Оны қалай бағалар?
Ақын жырлар сұлулардың суықтығын да болар?
Аристотель жазған ғажап толғауда да Шындық жоқ!
Пифагор мен Платондық ойларда да шындық жоқ!
Ұлы ойлардың əлемінде бола қалса тапшылық,
Онда күтпе адамдардан тырнақтай да жақсылық.
Бір есуас: «Қанау атты болмайды!» – деп бақырар,
Бірі итше үріп: «Пролетар!» тобырларын шақырар.
Бір айуанда үстем болар тек, жыныстық қабілет,
Фреидке тəнін берер, үстін басқан əбілет.
Ленин деген сайқымазақ, нысабы жоқ, көсемсіп,
Қараңғы елді астырар – құр мылжыңмен, шешенсіп.
Шындық деген пəлсəпа емес, керек десең, Дін де емес,
Қара Жердің тереңінде. Ал, тереңдер үндемес.
Ешқашан да биіктерден іздемейді Шындықты,
Тек, тереңнен таба алады, болса нағыз, кім мықты!
Көкке өңмеңдеп ұмтылғандар, бəрі бір күн жалығар,
Нағыз Шындық Жер қойнынан, тереңдерден табылар.
Біздер көмген денелерден – қажетінше нəр алған,
Жұмыр басты пенде дейін, Жер де жұмыр жаралған.
Өмір... Өлім... Тарихың да, осы Жерден жаралар,
«Өтміш» атты көне кітап бəрін, бəрін, саралар.
«Өтміш» атты өткен күндер – нəсіл селі тасқынды,
«Өтміш» – біздің басымызды талай рет тасқа ұрды,
Қара түннің жанарына мөлдіреген жас тұнды.
Ойлап тұрсақ, өткен күндер – аумалы екен ғажабы,
Қатар екен, бұл өмірдің қуанышы, азабы,
Еске алайық, сол бір шақты тарқамаған базары.
Ер Түріктің ұрпағымын! Түрік – жаным, арым да,
Атилланың ыстық қаны – лыпыл қаққан тамырда.
Еуропаның бар нəсілін – бір ыдысқа жинаған,
Ғалияның ойпатында, күш – мұхит боп тулаған.
Тарамыстай қара күшпін, ширатылған ылайым,
Мете қандай!? Түрік елі үшін – жауға қиған жұбайын.
Еш қашан да шағылмасын тілеп жаудан тауының,
Шыңғыс қандай!? Заң жолында – өзі өлтірген бауырын.
Тарихтың тар жолында ауыздықпен алысып,
Қанша ма ерлер өтіп кетті, құйын желмен жарысып.
Кейбіреуін біз білгенмен, белгісіз Ер қанша ма?
Сол Ерлердің құдіреті бөлер бізді даңққа,
Əлде қашан сүйектері жоқ боп, қурап қалса да.
Топыраққа айналса да ол Ерлердің сүйегі,
Түрік халқы марапаттап, даңқына бас иеді.
Ортақ санап бір мекеннің, бір нəсілдің тағдырын,
Тең көреміз, алаламай бөліп, жарып, барлығын.
Тоныкөктің даналығы – Ұлы қанмен аралас,
Бисмарк пе, оның атын ұстауға да жарамас.
Даңқты ұлдар: Алып Арыстан жəне Қылыш Арыстан,
Еуропаны табанға сап, Найзағаймен жарысқан!
Жұлып кеткен Анкара да Найзағайдың өмірін,
Мақтанардай, соншалықты – мықты ма еді Темірің?..
Оның бəрін, тізіп қайтем, мына жəйді байқашы?
Кім біледі? Не істеп қойды, Катерин мен Балташы?..
Анафарта майданын да, кім ерлікпен шайқасқан?
Наполеонның шағылды екен, тауы білсең, қай тастан?
...Иə, досым! Сүйген қызың – Қара Жерді жастанды,
Сол бір сəтте, мөлдір көзден ең соңғы рет жас тамды...
Бақыт сана тірі жүріп, Қара Жерді басқанды!
Бұл Өмірде сүю бақыт уылжыған аруды,
Аялау да – азаматтық, жаның сүйген жарыңды.
Бірақ, бұның барлығынан биік тұрар Мақсат бар,
Ұлы Мақсат жолын алсаң, онда тұлғаң асқақтар!
Қыз да өлер... Махаббат та шексіз емес, өлшеулі,
Шаттық өшіп, өмір солып, қайғы басар еңсеңді.
Тек, мəңгілік – таңдап алған, алға қойған Мақсатың,
Жəй нəрсе де, Біле білсең, Мақсатыңнан басқасын.
«Жерді Тажал, Өткен күнді – Түнге» теңеп, оңбайсың,
Жерсіз, Тексіз шын бақытты, нағыз адам болмайсың.
Өтті екен деп, күл шашпағын, басып кеткен – Өткенге,
Мастанбағын – болып, толып, аз нəрсеге жеткенге.
Əдет-ғұрып, жол-жоралғы – Қара Жерден жаралған,
Біздің текті нəсіліміз – Қара Жерден нəр алған.
«Өтміш» атты өткен күндер – біздің Ата-Бабамыз,
Қанша суық болғанымен, бұл Жұмыр Жер – Анамыз!
Жер қойнында жатыр біздің небір Ұлы Бабалар,
Қай жетесіз, өнген Жерін «суық көр» – деп, табалар?
Жат елдіктер Атажұртқа тұтқиылдан шапқан да,
Жау қолынан адам қаны өзен болып, аққан да,
Қызық, думан, ыстық құшақ, есің ауып, дамылдап,
Бақытты ойлар тұлпарлардай, алға шабар арындап.
«Жер алды, – деп, – сүйіктімді» қайысқаннан қабырғаң,
Жар төсегін тастар едің, атып тұрып Дабылдан!
Айналайын, қасиетті Қара Жерді қарға ма?
Бір-ақ сəттік сезім жеңіп, өзіңді-өзің алда ма?
Жер бетінде шапқыншылық, қанды қырғын болса да,
Тіл тигізіп, күпір болып, өз Анаңды қарға ма?!
Берілме, дос, бостан-босқа уайым, қайғы, күйікке,
Біздің Текті нəсіліміз өзгелерден биікте!
Уайымды жең! Қасқайып тұр, қайғы менен дауылға,
Өткен күн мен Қара Жерде болған емес, айырма!
Бұл екеуі – мəңгі жасар, бір-бірінсіз күні жоқ,
Бұны ұқпаған тексіздердің – көк тиындық құы жоқ!!!





Пікір жазу