АУЛАҚ!
Маған, жаным, жолама!
Тəнім мəңгі молада.
Көкірегі жұртымның
Көз жасымен тола ма?
Көңіл неге шерменде?
Ақырзаман келген бе?
Жерді тұман тұмшалап,
Көкті мұнар көмген бе?
Түрік үйі шұрқ тесік,
Ашылмай тұр сыртқы есік.
Жығып алып лашығын,
Бара жатыр жұрт көшіп.
Қайда дана, қайда ана?
Ұрыс-керіс айнала.
Ащы-тұщы айтқан сөз
Аспай жатыр пайдаға.
Бала кетті қаңғырып,
Дала қалды мəңгіріп.
Ұлыған ит дауысы –
Жанға жақпас жаңғырық.
Ойлағаны – бас қамы,
Қарын қамы, ас қамы.
Үрген шардай домалап,
Қайта оралмас қашқаны.
Жалған намыс жанға сеп,
Өрттей өршіп жанды өсек.
Адамға да, хайуанға
Əн үйретер əңгі есек.
Əсіре қызыл, əлеміш
Адам – көлгір көкөніс.
Ел байлығы тоналды,
Жан байлығы жоғалды.
Өрт шалып тұр өңірді,
Дерт шалып тұр көңілді.
Өрт сөндіргіш адамдар
Отпен ойнап не білді?
Көздейтіні – тыныш жер,
Пенде пысық, тым іскер
Жүз елу жыл болғалы
Маймыл – қара жұмыскер.
Иə, осылай хал біздің,
Жанындамыз жар, құздың.
Шырақ ұстап майданға
Шыға алады жалғыз кім?
Түрік жолы қандай жол?
Жақын ба, əлде шалғай ма ол?
Бітіп тұр ма деміміз,
Күтіп тұр ма қан майдан?
Үй сыртында сирағым,
Жау олжасы жиғаным.
Жат қолында қаруым,
Хақ жолында иманым.
Сөзімді жоқ ұғар жұрт,
Солдық, семдік, суалдық...
«Рахым етті» ұмыттық,
«Рахманды» естен шығардық.
Тағдыр толы сұмдыққа,
Тарих қарсы шындыққа.
Бостандықтың жолы тар,
Бодан болған мұңлыққа.
Болсаң, халқым, Қаһарман,
Қайрат көрсет, қаһарлан.
Қалып қойсаң – хас өлім
Қалың көштен, қатардан.
Жазыла ма жан құсам?
Қашанғы мен қан құсам?
Ең алдымен, ей, оғылан,
Саған күнə, қалғысаң!
...Таң атады қылаулап,
Құс келеді тыраулап...
Тыңдамасаң сөзімді,
Онда менен жүр аулақ!
Аулақ!
Аулақ!