07.10.2022
  189


Автор: Түрік поэзиясы

Заман азды, жұрт азды...

1
Заман азды, жұрт азды,
Болмас қайрат етпесек.
Шаңға көміп тұлпарды,
Күлге аунаған кетті есек.
Жаурыны жерге тимеген,
Мұртына балта батпаған,
Борсықты атты ерлерім,
Маралдың өзін атпаған.
Аққу мен қаз көлдегі,
Қалғаны ма кетіп-ақ.
Айбар шекті серкеге,
Кеше туған теке лақ.
Гевһериден ес кетті,
Атқа шапты айғырым.
Əке тұрып, сөйледі ұл,
Айтам енді қай бірін.
2
Қара көз, ай қабақтым,
Бұлбұл боп маған жыр арна.
Мен ақылдан адастым,
Сұлусыз көңіл тынар ма?!
Мұз жастанып, қар кештім,
Көлдей болды көз жасым.
Мендей сүймес мəңгі ешкім,
Құрбан етіп өз басын.
Фархат болып тау бұздым,
Түскім келіп көзіңе.
Көңлін жығып сан қыздың,
Сендім жылы сөзіңе.
Гевһеридің сертіне,
Шек келтірме мұлде бұл.
Көз тойғанмен көркіңе,
Тояр емес қу көңіл.
3
Мен кетем енді, сұлуым, келгенімше,
Бұрымыңды елге ұстата көрме.
Көзіңе басқа ел көрінсе,
Ешқашан маған ұқсата көрме.
Келмеске кетті екен деп,
Үміт гүліңді үзіп, солдыра көрме.
Көз жасың күні бойы текке селдеп,
Ажарыңды сарғайтып, оңдыра көрме.
Сен менің енді ашылған дала гүлімсің,
Жапырағыңды салқынға тоңдыра көрме.
Қайта келгенде айтатын жаңа жырымсың,
Бақшаңа басқа бұлбұл қондыра көрме.
Гевһери айтты жан сырын тасып,
Сен енді ешқашан бүлк ете көрме.
Басқалардың жанында көкірегіңді ашып,
Өзіңді елге күлкі ете көрме.
4
Көрсем дейді сені кеп құл ағыла,
Сені көрген шам да еріп жылады ма?
Тағын, жаным, тағатын заманың ғой,
Жақұт сырға тағайын құлағыңа.
Қыз жыласа, мұз қатты жүрегіме,
Баурым сыздап, қақ тұрды реңіме.
Тағын, жаным, тағатын заманың ғой,
Алтын білезік тағайын білегіңе.
Жаным менің, періштем, ханышайым,
Сен жұмсасаң, желмен де жарысайын.
Қайғы шексін Гевһери, шіріп өлсін,
Тек өмірде өзіңмен табысайын!
5
Сұлуым, елді қаратқан,
Сен жүрген жол мақтансын.
Аллам өзі сені əдейі жаратқан,
Беліңді құшқан қол мақтансын.
Қараңғылықты тіліп,
Сен үшін атқан таң мақтансын.
Қап-қара түнде қойныңа кіріп,
Аймалап жатқан жан мақтансын.
Періште қанды сұлуды сүйген,
Мен секілді сал мақтансын.
Мамыр айында Күніңді күйген,
Көлеңке боп тосқан тал мақтансын.
Гевһери жары аппақ гүлдей деп,
Перде жауып бетіңе, ел мақтансын.
Мен жоқ кезде білмей кеп,
Бұрымыңнан ескен жел мақтансын.
6
Сенің бір тал шашыңа мен байландым,
Көз алмаймын енді сенен, қарындас.
Мендей құлға Мəжнүніңе айналған,
Сен секілді мөлдір жанар табылмас.
Жоламасын ешкім менің қасыма,
Болсын ел де зар-мұңымды тыңдамас.
Ғашықтықты салды Құдай басыма,
Көз жасым да енді сірə құрғамас.
Түстім отқа, жанып барам лапылдап,
Жазылмайтын махаббатқа кездестім.
Ұлылардан тұрармын тек ақылды ап,
Басқа ештеңе мен өмірден сезбеспін.
Қасіретіңнен іші-бауырым езілді,
Ақылымнан күні бұрын алжастым.
Қатерлі боп жолдың бəрі сезілді,
Енді ешқайда аттың ізін салмаспын.
Шара жоқ-ау Гевһеридың дертіне,
Жазылмайды оңайлыққа бұл жара.
Баяғыдай аңға шығып желпіне,
Оқ атпаймын арқарға да, құлжаға.
7
Сұлулық пен тазалықтың үлгісі,
Аққулардың серкесі сен, аққуым!
Жаратқанның ай маңдайлы нұр құсы,
Аққулардың еркесі сен, аққуым!
Сұлулығың теңдесі жоқ сəн құрып,
Басқалардың таласы жоқ соны ұқтым.
Сен де маған бұйырмассың мəңгілік,
Аққулардың аққуы сен, көріктім.
Сен бір гүлсің жапырағы жайқалар,
Мойыныма қолыңды арттың сен талай.
Атыңды айтсам тілім, тіпті байланар,
Аққулардың аққуы сен, еркем-ай!
Сүйіктім-ау, кім азғырды үгіттеп,
Сені сүйіп көңілім көкте, бал жүзім.
Қара өзің, мендей сүйген жігіт жоқ,
Аққулардың аққуы сен, жалғызым!
8
Ешкім бұзбас сертімді,
Көңілімді алған келсін.
Дəрігер білмес дертімді,
Күйікке салған келсін.
Бір міні жоқ бойында,
Періште боп ұшатын келсін.
Жалаңаш кіріп қойынға,
Құшатын келсін.
Кірпігі – жебе, қастары – садақ,
Көп жанның қолы жетпеген келсін.
Жаһанда өзін теңдессіз санап,
Қасынан сүрме кетпеген келсін.
Гевһерида күй жоқ күлетін,
Көтертпей қойды бір еңсе дертім.
Есімін өзім білетін,
Пəленнің қызы, түгенше келсін





Пікір жазу