07.10.2022
  169


Автор: Жəлалəддин РУМИ

ҚОЛҒА ТҮСКЕН ҚҰСТЫҢ АҚЫЛЫ

Сайран салып жүрген кезде көдеде
Тұзаққа бір түсіп қапты бөдене.
Тор ішінде пыр-пыр етіп бөдене:
«Мен бəрібір аспаймын түк кəдеңе!
Ағыл-тегіл жетіп жатыр дəулетің,
Бытпылдық жеп өскен емес əулетің.
Мақтарлықтай етім дəмді, күшті емес,
Босат мені, берейін мен үш кеңес.
Біріншісін айтайын өз қолыңда,
Екіншісін анау терек жолында.
Үшіншісін қонған кезде бұтаққа,
Босат мені, бостан-босқа жұтатпа!
Құлақ қойсаң үш ақылға мен берген,
Жан боласың дүниені меңгерген.
Бірінші ақыл – «Құлағыңа құйғанда,
Дұрыс-ау деп бейпіл сөзге иланба!»
Ақыл үшін болмайды ғой тас атып,
Соны айтқан соң жіберді адам босатып.
«Қол жетпеске адам қолы жеткен бе,
Қапа болма ешқашанда өткенге!» –
деп бөдене алыс барып қоныпты, –
Бір байлыққа жолығудай жолықтың:
Бөтегемде жатыр лағыл он мысқал,
Оған саған жету үшін қол қысқа!
Бес елі екен маңдайыңның соры да,
Мұндай байлық түспес қайтып қолыңа!»
Көлденең көз сол кездегі көрсе оны,
Қала барды шашын жұлып, жер соғып.
«Айттым ғой мен, жетпеске қол жеткен бе?
Қапа болма ешқашанда өткенге!
Кеткен бе ағып құлағыңнан бұл ақыл,
Бəрі бір, дос, енді мейлі, жыла, күл!
Алдын ала өстеріңді мен сезгем,
Айтып ем ғой иланба деп жел сөзге.
Менің өзім сəл үлкенмін кенейден,
Он мысқал тас өтуші ме ед көмейден?!»
«Уһ, – деді адам, – жағдайымды түсінші,
Айтшы жылдам ақылыңды үшінші!»
«Жə, айтайын, түскен болсаң сабаңа.
Сəуле болып кірсін ол бір санаңа.
Ақымақтарға айтқан ақыл əр таңда
Дəн сепкенмен бірдей əппақ сортаңға.
Есуаспен əуре болып жатқан кім?
Жыртығына жамау жетпес ақымақтың!»





Пікір жазу