АШҒАБАТ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ
Ерте заман. Теңселтіп көк тұғырын,
Зұлымдықтың құдайы төкті уын.
Тыйым салды ол жердегі махаббатқа,
Сол заматта сұрапыл жетті бір үн:
«Төрткүл дүние, құлақ сал жарлығыма!
Төрткүл дүние, құлақ сал жарлығыма!
Ғашықтықпен дерттенген пенделердің
Қайғы-қақпан құрамын тағдырына,
Ел ішінен қуылсын барлығы да!»
Түрікмен жері. Жетіпті хабар мұнда,
Енді мұңын ғашықтар шағар құмға.
Ертіп алып Гюль-Оглан Айперісін,
Тастап шықты ауылды таң алдында.
Шөлдесе де басады нық қадамды,
Шөл жеңеді кез келген мықты адамды.
Бір қорқыныш анталап айналадан,
Қадам сайын сұм ажал күтті оларды.
Құмы бар да суы жоқ құладүзде,
Келе жатыр қос бейбақ бұлақ іздеп.
Ми қайнатар ыстық пен мидай жазық.
Тұрғандайын: «Жоқ біздің кінəміз!» – деп.
Талай-талай құм басқан құмай белді,
Қалдырды артта, азапқа шыдайды енді.
Бұлақ көзін ашпақ боп келе жатқан
Қос ғашықты Зұлымдық-құдай көрді.
Жинады да бойына тамам күшті,
Көрген бетте шақырды ол жаналғышты:
«Қалай ғана мен үнсіз тұра алармын,
Қарсылығын көрмедім бір адамның.
Қарғыс атқыр мəңгілік махаббаттың
Көзін құрт та, төк қанын мыналардың!
Қос күнəһар жанын ал, жет те қазір,
Таңдайына тамызбай су олардың!»
Тыңдай салып жаналғыш ұшты демде,
Белдескен ол талай бір күштімен де.
Көкейіне жасырып жауыз ойын,
Əзірейіл əулие түсті жерге.
Көрген талай аруды таңнан нұрлы,
Үзген талай албырап жанған гүлді.
...Батар күннің боянған арайына
Айперінің ай жүзі таң қалдырды.
Сұлулықтың алдында Əзірейіл
Дəрменсіздей сезініп нақ бір өзін,
тұрып қалды. Сол бір сəт екі ғашық
Тұнық судың мөп-мөлдір тапты көзін.
Құралақан жаналғыш көкке оралды,
Əсемдіктің алдында оққа оранды.
Орындалды жастардың аңсағаны,
Содан бері Махаббат жар салады:
«Құдіретті падиша – СҰЛУЛЫҚ!» – деп.
Содан бері бір бұлақ таныс бізге,
Махаббатты шықпаймыз алысқа іздеп,
Қиығын сап сол бұлақ пəк көзінің
Жастар көрсе жымиып тартты езуін.
Сол бұлақтың кімде-кім суын ішсе,
Дүниеден ғашығын тапты өзінің.
Бұлақ шырқап ғажайып айтады əнді,
Бір келген жан бұл жерге қайта оралды.
Қолдан келер кəсібін шыңдады əркім,
Өтті ғашықтықпенен мұндағы əр күн.
Бар адамның бақыты, бағы ашыла,
Қоныстанды бұлақтың жағасына.
Дəл осы жер айналды таңғажайып
Ашғабаттай – махаббат қаласына.