06.10.2022
141
Жалғыз ауыз сөз
Бір-ақ сөзбен жайып салдың жаныңды,
Дүние толқып, жүрек нұрға малынды.
Қуаныштан еңіреуге бармын мен,
Осы бір сөз мың сөзден де қадірлі.
Баға жетпес сыйлық еді бұл қандай,
Бір ауыз сөз – дүние бейне думандай.
Көңілімнің көкжиегін көмкеріп,
Қызыл-жасыл кемпірқосақ туғандай.
Қайта-қайта қайталашы сөзіңді,
Айықтыршы мұң шырмаған сезімді.
Алғаш естіп тұрғасын ба, сезінем
Арманыма жолыққандай өзімді.
Жүрегім де лүпіл қағып жиі ұрды,
Ұмыт болып реніш, өкпе бұрынғы.
Түйіскенде көздеріңе көздерім,
Махаббаттың құдіретін ұғынды.
Жалғыз сөзден жасап алдым тас қамал,
Оған енді ене алмайды басқалар.
Саған ғана
Алтын кілтін тапсырам,
Бақытым да сол қамалдан басталар