06.10.2022
121
ЕГЕР СЕН КЕТСЕҢ...
Егер сен кетсең – ауырып жүрек,
Тордағы құстай торығып қалам.
Егер сен кетсең – басады түнек,
Күн күлімдемес, тарылып ғалам.
Өте де шықты аптығып апта,
Күн күліп, жұлдыз жамырап.
Жұмыстан шаршап жетемін шаққа,
Тартады сұрғылт шаңырақ.
Сен жоқ боп едің – өзегім жалын,
Шамым да өлеусірепті.
Терезедегі гүлдерге таңмын,
Жапырағы солып жүдепті.
Кінəлі өзім қалсам мұңайып,
Сыбағам – уайым, сыйым – мұң.
Отырмын жалғыз жаным құлазып,
Шараптан сілтеп, күйіндім.
Ұмытсам дедім, келмеді қолдан,
Шу көше көңіл ауламай.
Аттасам болды өз босағамнан
Жалғыздық аңдып қалмады-ай!
Бағым бар екен,
оралдың қайта,
Өз көзіме өзім сенем бе?
Кешірші мені
ренжітіп қойсам
Артық, кем кетіп егер де.