АЙТШЫ, АНА
Менің еккен гүлімді
Тұрсың қысып төсіңе.
Менің тұңғыш үнімді
Қалдың сақтап есіңе.
Сен мəңгілік жас гүлсің
Өмір бойы солмайтын.
Кеудемдегі тасқынсың
Арнасы кең толмайтын.
Уа, туған жер, жан анам,
Бердің қуат бойыма.
Уа, туған жер, жан анам,
Құйдың сəуле ойыма.
Сенсің менің тірегім,
Сен өсірген бір мені.
Сені сүйген жүрегім
Махаббатпен гүлдеді.
Саған деген махаббат
Мəңгі-бақи сөнбейді.
Күзің де сенің мархабат
Ешбір гүлің сембейді.
Қысты күні тым-тырыс
Көп ұйқыға батасың.
Ал көктемде құлпырып,
Нұр уыстап жатасың.
Айтшы, айтшы, туған жер,
Кімді сүйдің күлімдеп.
Айтшы, айтшы, туған жер,
Кімді сүйдің ұлым деп.
Сүйесің сен гүл ексе,
Өңіріңе қанша адам.
Түнересің түнекше,
Өр төсіңе тамса қан.
Салынса зор құрылыс
Қуанышқа батасың.
Құласа үйлер апаттан
Жер бүркеніп жатасың.
Əн шырқаса ер елің,
Көңілдісің тым аса,
Қамығады жүрегің,
Ел қайғырып жыласа.
Уа, туған жер, өр демді
Сүйетінің ер еңбек.
Тосып бізге кеудеңді
Тұрсың бəрін берем деп.
Уа, туған жер, туған жер,
Мен сендікпін қайда да.
Сен жұмсасаң, туған жер,
Ұшамын мен айға да.
Гүл керек пе, туған жер,
Күндіз-түні егейін.
Нұр керек пе, туған жер,
Ақ төсіңе себейін.
Əр дайымда ер еңбек
Шынықтырсын ұлыңды.
Өссін ұрпақ терем деп
Сенің қызыл гүліңді.