Шеберханада
Орындыққа лезде
Жан бітті де бір кезде
Кербезсініп,
Баптанып,
Сөйлеп кетті мақтанып:
– Сұлумын мен,
Əсеммін!
Айтшы кімнен бəсеңмін?!
Туа,
Құлап қалмастан,
Төрт аяқты тең басқам!
Сонда Тақтай сөйледі:
– Қой, қой, досым, қой! – деді. –
Айту мұны парызым:
Əрі қисық,
Əрі ұзын,
Меніменен тең өскен
Жаман ағаш емес пе ең!
Білесің бе,
Өзіңді
Орындық қып төзімді
Кім екенін істеген?
Міне сонда күш деген!
– Жігерлі де жүректі
Мен! – деп Балға гүр етті. –
Басып тұрып құлақтан
Шауып-шауып құлатқан,
Қисық-қисық бұтақтан
Түк қалдырмай жұтатқан,
Шынын айтсам мен саған,
Мен ғой сені жасаған! –
Шыдап тұрар кез бе еді!
Ара бұған төзбеді:
– Жап аузыңды,
Мақтаншақ!
Жүресің тек аттан сап.
Сөзге желдей есесің,
Кессең, қисық кесесің!
Түзуі жоқ ісіңнін,
Сонша неге ісіндің?!
Не қарайсың алара,
Тегіс кесер тек Ара!
Сен бір нағыз шен құмар,
Менмін істі тындырар! –
Сабырлылау еді Егеу,
– Ара досым! – деді Егеу, –
Қайрамасам тісіңді,
Тындырар ма ен ісіңді?!
– Жөн емес, – деп, – ұрысқан! –
Сүргі шықты бұрыштан. –
Мен Егеуді жақтаймын,
Ал мен өзім Тақтайдың
Желкесіне қонамын,
Жып-жылтыр ғып жонамын.
Тыным таппай көп істеп,
Шығам оны тегістеп! –
Естілді бір нəзік үн: –
Мен Бұрғының өзімін!
Асқан күш жоқ тұлғамда,
Алайда іс қылғанда,
Тиер менен көп пайда.
Тұмсығымды тақтайға
Алсам болды бір сұғып,
Қалмаймын мен тұншығып.
Бар ашуым, кəрім де,
Тесіп шығам бəрін де! –
Бұрғы солай деп еді, –
Бəрі босқа кебеді! –
Деді Желім бір шеттен, –
Мен өнерді көрсеткем.
Сендерге бұл жақпайды,
Мен жапсырған тақтайды
Көрем десең келіп көр,
Батыр болсаң беліп көр!
– Естігенбіз мұндайды,
Бірақ бұлай болмайды!
Бұл миыма қонбайды,
Менсіз Желім онбайды!
Орындықты орнықты
Ететұғын мен мықты! –
Деді Шеге қалпақты, –
Білмеймін мен жалтақты!
Инедейміз, үштіміз,
Тындыратын істі – біз!
Мен мақтансам дұрыс қой,
Тегім – темір, құрыш қой!..
– Қауқарың жоқ, Шеге, түк! –
Деді Балға кекетіп. –
Жіп-жіңішке арықсың,
Жүре алмайтын ғарыпсың!
Мен көрмесем, жатасың.
Шаң-тозаңға батасың!
Тұрғызбасам мен сені,
Көтермейсің еңсені!
Бір қоныжытсам төбеңнен,
Тік тұрасын, денеңмен!
– Қаубырғасы қайысып,
Қалса Шеге майысып,
Жоқ па менің керегім?
Мен сондайға ер едім! –
Деді Қышқаш бір уақта,
Екі езуі құлақта. –
Істе тауың шағылса,
Шегең қисық қағылса,
Жұлатын мен емес пе?
Құлағық сал кеңеске.
Олай болса – күштіміз!
Тындыратын істі – Біз! –
Дөп-дөңгелек қалбырдан,
Қажетке деп қалдырған,
Сыр еденге төгілді,
Өзі сондай көңілді.
Қарап Сүргі, Араға
Сөйледі сол арада:
– Буфет, Шкаф, Үстел мен
Орындықты істелген
Сырламайды сөзбенен,
Қажетпін ол кезде мен!
Қызыл да – Мен, сары – Мен,
Қоңыр, қара, – бəрі мен.
Олай болса, күшті – мен,
Тындыратын істі – мен! –
Сыр сөзіне таңданып,
Шеткі шықты шамданып:
– Менсіз сен де дəрменсіз,
Бояп көрші, Сыр, менсіз!
Қоп-қою бір немесің,
Неге сонша кебесің!
Былғамасам сені мен,
Жұқпайсың да жөнімен!
Қызыл, жасыл болсын деп,
Көңілдері толсын деп,
Сырлап бəрін тақтайдың,
Тіпті тыным таппаймын! –
Ақылменен,
Күшпенен
Өз қолынан істеген
Орындықты,
Столды
Əжім бетті,
Құс қолды
Шебер сонда тұрды да,
Қышқаш, Шөткі, Сырды да
Өз аузына қаратып,
Сөйлеп кетті:
– Жаратып
Тұрған жоқпын бұл дауды!
Білмеймін мен алдауды.
Адам,
Айтсақ шындықты,
Ең ақылды,
Ең мықты!
Адамда – өнер, күш деген,
Адам – бəрін істеген!