06.10.2022
  127


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЖАҒАДА

Мінеки, тағы бүгін де
Сол əйел келді жағаға.
Тосады құлақ бір үнге,
Сарыла қарап далаға.
Сол қара көйлек үстінде,
Тұрады солай таныс жан.
Боз қырау тартып түс мүлде,
Қайғымен үнсіз табысқан.
Аша алмай қайғы түңлігін
Алдамшы үміт, құр далбас,
Осыдан жиырма жыл бұрын,
Жағада өстіп тұрды алғаш...
Отыр ед құшып бесікті,
Емізіп ана сəбиін;
Ашты да біреу есікті,
Үзіліп кетті əлди үн.
Мұңайып кірді бөлмеге,
Почташы бала, күс табан.
Əйеншек бүгін ол неге,
Қағаз не қолға ұстаған?
Шошына ұшып тұрады ана,
Ақ сүті кетті жерге ағып.
Сұп-суық сөзден бір ғана
Еңіреп қалды, зар қағып.
Теңселіп кетті қара жер,
Бұлдырап кетті көз алды.
Құламай үйі тұр əзер,
Нəзік жан қайтіп төзе алды?
Қоймай да қоймай еңіреп,
Өз бетін өзі жырытты.
Қарауытып кетті төңірек,
Сөндіріп жарық үмітті.
От болып қағаз қолдағы,
Күйдіріп қолын барады.
Алдады үміт, алданды,
Ет жүрек енді жаралы,
Еңіреп талып егілді,
Дəл көздеп тағдыр тас атты.
Ақ сүті жерге төгілді,
Көзінен жаңбыр жас ақты.
Сағына күтіп жүргенде,
Сұмдықты мұндай есітті.
Талықсып кетті, құр кеуде
Құлады құшып бесікті.
Жиырма жыл бұрын осыдан
Жесірлік солай жеткен-ді.
Айрылып жардан, досынан,
Жоғалтты ол сол бір көктемді.
Жиырма жыл іздеп көктемін,
Жағада өстіп тұрады.
Оралсын қайдан өткен күн,
Жанар ма сөнген шырағы.
Еркелеп толқын о күнде,
Екеуін бірдей құшатын.
Қызыға қарап көгінде
Көк ала үйрек ұшатын.
Мургабтың суы мөлдіреп,
Со күндей ағып жатады.
Жағада жесір елжіреп,
Ойларға небір батады.
Алыстан бір от жылтылдап,
Əйтеуір əсте сөнбейді.
Толқыннан жайлы сыр тыңдап,
Сенеді жесір, сенбейді.
Сөнер де сөнбес тосумен
Өтті ғой жылдар, өтті күн.
Айта да берем несін мен,
Əйтеуір жары жоқ бүгін.
Мінеки, тағы бүгін де
Сол əйел тұр кеп жағаға.
Тосады құлақ бір үнге,
Сарыла қарап далаға.
Булығып Мұрғаб ағады,
Кезеді байтақ даласын.
Сол əйел сол бір жағада
Тосады қазір баласын.
Жиырма жыл өстіп тұр ана,
Батыстан көзін бір алмай.
Жиырма жыл өстіп тұр ана,
Жағада өскен шынардай.





Пікір жазу