06.10.2022
  210


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҰЛЫМА

Көп жыл күттім дидарыңды сағынып,
Көкте десем, жерде екен ғой жұбаныш,
Бала үйінің телефоны қағылып,
Біздің үйге алып келді қуаныш.
Құтты болсын, балаң бар, көз ашылды,
Ести сала саған келе жатырмын.
Ұлым! Ұлым! Енді құмар басылды,
Білші неше аталғанын атыңның.
Ескермедім, жатыр жұрт не десіп те,
Жеп-жеңілсің, алып үйге келдім мен.
Тесегіңді салып жұмсақ бесікке,
Ең құрметті төрді саған бердім мен.
Түн бойында мен жанында тік тұрдым,
Қимылдасаң, оңдап жөргектеріңді.
Терлеп кетсең, орамалмен сүрттім,
Маңдайыңнан бұршақтаған теріңді.
Пысылдайсың, дəнеңені білмейсің,
Жатқан жерің жұмсақ жөргек арасы,
Жұрт айтады:
– Өзің көрсең, күндейсің,
Əкесіне қалай тартқан баласы!
Кім дейсің бе, балам ғой бұл,
жаным ғой.
Болашағым, жалғасым ғой, тірегім.
Денеңдегі менің ыстық қаным ғой,
Кеудеңдегі менің ыстық жүрегім.





Пікір жазу