06.10.2022
  142


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЖҮЗІМ ШОҒЫ

Алтын ұям – Ашғабатта
Күн көзінен нұр алып,
Мəуелеген жасыл бағым
Өстің бойлап бұралып.
Саяңда өткен шат күндерім,
О сүйікті, астанам,
Бейне дастан секілді бір
Ақын жырлап тастаған.
Сенен еңбек аямадым,
Солмасын деп үзімің!
Аулама сəн көрік беріп,
Өскен бір шоқ жүзімім.
Бал шырынды түйірімді
Топыраққа қимадым.
Сараңсымай сен де күзде
Жемісті мол сыйладың.
Сонау бір түн келерінде
Бар қаһарын жинапты.
Жел үйіріп асықтайын,
Мекенімді қиратты.
Мəуелі бақ, зəулім үйді
Аждаһаша түн жұтты.
Ерке желі ескен алқап
Қас қаққанша тұншықты.
Жүзім ескен жасыл бақша
Саз балшықты болды алап.
Жер қойнына мөлдір шырын
Көз жасындай сорғалап.
Жөңкіген бір қара бұлттай
Қаза түні өтті де,
Атты жаңа арайлы таң
Нұр шапағын төкті де.
Шайдай ашық торғын көктен
Сəуле шашып қалаға,
Күн күлімдеп құйды нұрын
Шипа етіп жараға.
Жарқыраған көк аспанға
Үміттене қарадым.
Көп самолет көктемдегі
Гуіліндей араның...
Келе жатыр қанат байлап,
Келе жатыр достарым!
Баку, Ташкент, Москвадан
Бауырларым – тосқаным...
Майлы киім ұзақ күнге
Кім үстінен тастаған!
Жаңа құрлыс кеште əзір
Таңмен бірге бастаған.
Нұрлы еңбек құшағында
Бой түзеді жас қалам.
Гүлдей түлеп, шешек атып,
Қайта туды астанам!
Тереземнің нақ түбінен
Қайта жүзім көктеді.
Паш еткендей сəн-сəулетті
Осы жер мен көктегі.
Жасыл торғын жамылды да,
Жайды бақшам жас қанат.
Гүл демінен тыныс алып
Жайнай түсті Ашғабат!





Пікір жазу