АҚ ХАЛАТТЫ ҚЫЗ
Жараланып, жапа шегіп жатқанда,
Сен келдің де сəуле септің жас жанға.
Қуат берді жылы жүзің, ажарың,
Қанат берді ыстық лебің, назарың,
Жігер құйды майда, жұмсақ қолдарың,
Сенен нəр ап, ажалға да болмадым.
Келгеніңде халат киіп қасыма,
Көктегі күн орнағандай басыма.
Тапқаныңда кілтін кірлі көңілдің,
Сонда білдім сұлулығын өмірдің.
Оңымнан ай, солдан туған күн болдың,
Өне бойың толған өмір, нұр болдың.
Тең көрмеймін саған соның бірін де,
Сипаттауға жетпей жатыр тілім де.
Мөлдір көзің кірпіктерін қадаса,
Бəріміз де мəз болыстық балаша.
Жалғаны жоқ, кіршіксіз жас жүрегің,
Жауыңды да жайратады, білемін.
Нəзік үнің болса егер сайрайтын,
Магниттей бəрімізді баурайтын.
Сөйлеп кетсең, ауызды ашып тұрғанбыз,
Бұлбұл ма деп, басты еріксіз бұрғанбыз.
Шығып кетсең, көңілді кір басатын,
Күліп кетсең, түн ұйқымыз қашатын.
Сен сияқты сұлу жанды сыйлаймын,
Сұлу даңқын мəңгі-бақи жырлаймын,
Өзіңе лайық жар табуды тілеймін,
Тағдыры ұқсас пар табуды тілеймін.
Мен тілеймін: таң жыршысы – бұлбұлдың
Дəл табуын ашылғанын бұл гүлдің.
Еткен емің маған өмір сыйлады,
Тек жанарың жас жүректі қинады.
Жан да берген, қан да берген – бір өзің,
Қанша айтсам да жетпей жатыр бұл сезім.
Хат жазамын өзіңе арнап өлеңмен,
Аз да болса мəз көруге сенем мен.
Дүниеге əкелсе алғаш мені анам,
Екінші рет өмір берген – сен маған.
Туыс емес, ендеше, сен анасың,
Мені қайта сапқа қосып барасың.
Алғыс айтам, жыр жазамын өзің деп,
Жүрегің – жаз, көктегі күн – көзің деп.
Бірақ қандай алғыс айтса жүрегім,
Саған аздық ететінін білемін.
Мен білмеймін жасарымды қанша жас,
Ұмытпаспын, бірақ сені, қарындас!