06.10.2022
  162


Автор: Түрікмен поэзиясы

ТҮРІКМЕН КІЛЕМІ

Түрлі-түрлі таң шапағы
тоғысқандай осында,
Бау гүлінін, баршалары
табысқандай осында,
Кемпірқосақ – қызыл-жасыл
өрілгендей осында,
Шеберлердің еңбегі асыл
Көрінгендей осында...
Түрлі-түрлі таң шапағы
тоғысқандай осында.
Қандай ою, мəнер қандай
көркемдігі тамаша,
Қарай берсең жаңарғандай,
жанарды алдай жаңаша!
Назданғандай ақындарға:
«жырыңменен сұлу ма,
Əрсіз болса ғапыл қалма,
Сырыңменен сұлула!...»
Жасалған ба жақұттан иə
мəнерленіп маржаннан,
Əрбір жібі ақықтан ба,
Қалай шебер жалғанған?
Өрнегінде – гүлдерінде:
батыр шауып барады,
Сұлу сурет мүлде-мүлде
Көздің жауын алады...
Жасалған ба жақұттан иə
мəнерленіп маржаннан?
Түрікменнің еркін қызы,
алғысымды қабылда,
Тоқыдың сен кілемді осы
шабыт шалқып жанында.
Саусақтардың алтын сүйрік
жалықпасын, талмасын,
Оза берсін өнер-жүйрік
Еліне сый арнасын...
Түрікменнің еркін қызы,
Алғысымды қабылда!





Пікір жазу