06.10.2022
  212


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЖОЛБАРЫС ПЕН ТҮЛКІ

Бір аш түлкі ертеде арып-талған,
Жемтік іздеп орманға қаңғып барған.
Жолбарысты жол тосқан жолықтырып,
Қорықса да «тақсырлап» қолқа салған.
«Қайрат қайтты, қажыдым достым барыс,
Іздеп шықтым əдейі жолдас-таныс.
Өлтірмесең көмек бер, түрім мынау,
Алып едің əлсізден талай алғыс»...
Бір жомарттық жасауға жолбарыс та,
Түкеңді ертіп жөнелді ну қамысқа.
Суға келер құланның жолын тосып,
Қарақшыдай бас салмақ қалтарыста.
Шаңқай түсте құланның бір үйірі,
Судан шықты, томпайып қос бүйірі.
Екі көзі қанталап, түгін жығып,
Секіруге жолбарыс жиырылды.
Қас қаққанша біреуін алып ұрды,
Барыс оны көрмеді тоқты құрлы,
Жылы қанға тұмсығын еркін тығып,
Оңай əдіс екен деп Түкең тұрды...
Батыр-түлкі төзбеді көп жатуға,
Мұршасы жоқ терін де құрғатуға.
Жер бауырлай жөнелді топ құланға,
Қапылыста біреуін құлатуға.
Еттің дəмі сіңген бе таңдайына,
Салды тісті құланның шаужайына,
Жалт бұрылып, ышқына сермегенде
Болат тұяқ сарт етті маңдайына.
Батыр-түлкі осылай батып қанға,
Бас көтермей тұншығып қалды шаңда.
Тіршіліктің ақырғы тынысындай,
Дірілдейді денесі анда-санда.
Кім тұмсығын көтерсе, көкірек керіп,
Əлін білмей сенделсе нəпсіге еріп,
Батыр-түлкі секілді ол да бір күн,
Құламай ма аяғы көктен келіп.





Пікір жазу