05.10.2022
  120


Автор: Түрікмен поэзиясы

ЖАС АРУ

Періште ме, пері ме едің, кім едің!
Көңліме нұр көктем боп түнедің.
Тəңіріден бір өзіңді тіледім,
Тіл қатпайсың, неге маған жас ару?
Жұпар иіс, анар төсті ғашығым.
Құрсауында қалдым қолаң шашыңнын,
Сенің жылан бұрымыңа бас ұрдым,
Жүрегімді бердім саған жас ару?
Қайғылымын, күнім қараң, бұлыңғыр.
Басыбайлы мен өзіңнің құлың бір.
Тілерсекке түскен қара бұрымды,
Көремін де мас боламын, жас ару!
Қадама сен маған қатал көзіңді,
Естиінші дертке шипа сөзіңді.
Ұмыттың ба уəде айтқан кезіңді?
Сөзді жерге тастамашы жас ару!
Өз қолыңа тағдырымды тапсырғам,
Жаза алмаспын құшағымды қапсырған,
Рахатым, райыңнан қайт жылдам!
Бақыттыңды тастай көрме, жас ару!
Сен бір ханша шаң тимеген көркіңе,
Сəуле болып қам көңліме кел, түне!
Алла мені берді сенің еркіңе,
Атың аян бұл əлемге жас ару.
Непесің бұл сені ғана жыр еткен,
Алып таста дертті шерлі жүректен!
Мен байғұстың аһ ұрумен күні өткен.
Рақат бер, азап берме, жас ару!





Пікір жазу