05.10.2022
  288


Автор: Түрікмен поэзиясы

ТҮРІКМЕН ТАҒДЫРЫ

Жейхун-Əму,
Атырау-Хазар арасы,
Əлі оңынан тұрар желі түрікменнің.
Ашылған гүл –
Нəркес көздің қарасы,
Қара таудан құлар селі түрікменнің.
Əділ мекен,
Байтақ оның саясы,
Жайылады шөлінде нар, маясы.
Кеңи түсер жайлауының аясы,
Қарық болар гүлге шөлі түрікменнің.
Үлде менен бүлде киер серісі,
Жұпар шашар жидегі мен жемісі.
Жайсаңдар мен жақсылар кіл ел іші,
Жер жұмағы болар елі түрікменнің.
Мəрттің ұлы,
Мəрт мінезді бабасы,
Сертке берік,
Гөроғлы – ағасы,
Жармасқанда жыртылмайды жағасы,
Жолбарыстай жүректі
Ұлы түрікменнің.
Дос келетін болса достың қасына,
Тебіренеді топырағы,
Тасы да.
Жұрт жиналса бір дастарқан басына,
Бағы жанып,
Тасар нұры түрікменнің,
Қуанасың олар атқа қонғанда,
Кездессе егер –
Қопарылар қорған да.
Дарияның суы балдай болғанда,
Өткел бермес тасқын үні түрікменнің.
Қапы қалмас, қантөгісте қор болмас,
Қасірет шекпес, кең көңілі тар болмас.
Бағы солып, бұлбұлынан зар болмас,
Дайым жұпар шашар гүлі түрікменнің.
Тайпа тату, рулардың аузы бір,
Бағы жанып, ұзарады аз ғұмыр.
Мəрт аттанса,
Арғымақтың алды кіл
Қанды майдан – жүрер жолы түрікменнің.
Шабыт шалқыр, қайрат-жігер мұқалмас,
Тасты үгітер, оны ешкім тұта алмас.
Көкірек қазы,
Көз таразы, құдды алмас –
Мақтымқұлы – сөйлер тілі түрікменнің.





Пікір жазу