05.10.2022
  268


Автор: Нұржан Наушабаев

ТҮЛКІ МЕН ӘТЕШТІҢ ХИКАЯСЫ

Ей, Нұржан, мынау да бір жазар сөзің,
Тәмсәлін ұмыттың ба сенің өзің?
Қаламды жазып таста жортақтатып,
Отырар асықпасаң болар кезің.
Тауықтың бір әтеші тамға мініп,
Отырды қышқырмаққа көңіл бөліп.
Бір түлкі келе жатыр жеп кетпекке,
Жапанда отырғанда иттей ұлып.
Түлкі келді: «Амансың ба, әтешім!» – деп,
«Бұл жерде не қызметпен жатасың?» – деп.
«Патша ағзам кеше бір бұйрық шашты,
Біреуге біреу зорлық қылмасын деп.
Бірге жүрсін қой мен қасқыр, түлкі, тазы,
Болмай кетпес өміріне ешкім разы.
Қаршыға көгершінмен бір ұяда
Ғұмырын бірге өткізсін қысы-жазы.
Қылмаймыз деп бір біріне зиян талап,
Әр мақұлық уағадамен кетті тарап.
Тыныштықпен мұнан былай күн өткізбек,
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап.
Бұрылдым айтайын деп көріп сені,
Болып ек күштілердің бұрын жемі.
Осы жерде мәжіліс етіп отырайық,
Теңелер нашардың да болды кезі».
Әтеш тұрды дұрыс-ақ деп басын шұлғып,
Түлкі де заулатып тұр бұған сыр қып.
Ауызына салып кетпек мойнын үзіп,
Тамнан егер түсе қалса жерге ырғып.
Түлкі жерде, әтеш тамның төбесінде,
Бір хайла мұның-дағы тұр есінде.
Мойнын бұрып түлкіге әтеш айтты:
«Ана бір келе жатқанды көресің бе?»
Түлкі айтты: «Мен ештеңе білгенім жоқ,
Сіздей жоғары орынға мінгенім жоқ.
Баяндап, түрі-түсін білдіріңіз,
Мен жерде өзімнен басқа көргенім жоқ».
«Сабау құйрық, төрт аяқ, шашақ құлақ,
Жүрісі көрінеді тым қаттырақ.
Жортысы жем іздеген ит секілді,
Тұп-тура келе жатыр бізге қарап!»
Түлкіге қорқу кірді, сасқалақтап,
Білмей тұр не қыларын қипалақтап.
Әтеш айтты түлкіге: «Сен тұра тұр!
Патша әмірін естісін ол да анықтап!»
«Бұл сөзің рас шығар кешікпеген,
Ежелден жауым емес өшікпеген.
Көрінсем, қызығып мені қуып кетер,
Патшаның шығар әмірін есітпеген!»
Көрінбей түлкі қашты тасаменен,
Мәз болып әтеш қалды осы амалмен.
Әтешке құрған хайла босқа қалып,
Жөнелді, жан тәтті ғой, басы аманмен.
Түлкі еді алдап жүрген жай халықты,
Әтеш қалай қулығына айла тапты.
Қор қылам деп қор болу қиын емес,
Муафиқ іске іс келсе лайықты.





Пікір жазу