05.10.2022
186
ӨЛЕҢДІ АЙТ ДЕГЕНДЕ
Домбыра тартайын деп алдым қолға,
Бәйгеде шаппасам да, салдым жолға.
Ежелден өрен жүйрік атанған соң,
Дабысым ерте шықты Орынборға.
Аспанда қара бүркіт айналады,
Бозбала той дегенде сайланады.
Өлеңді шу дегенде қоя бермей,
Жақтары жамандардың байланады.
Өлеңді айту керек жайлап қана,
Өзінің нақышымен сайлап қана.
Дариядай ағып жатқан болмаса да,
Бұлақтай көзі ашылған қайнап қана.
Өлеңді айт дегенде аңырар ма,
Той болса ақын жігіт жаңылар ма.
Өлеңді айт дегенде қоя бермей,
Мереке күнде мұндай табылар ма?
Өлеңді айт дегенде айтпай болмас,
Қас жүйрік бәйгі алатын озбай тынбас.
Домбыра қолға тиіп, уа дегенде,
Өнерін шын бозбала аяр болмас.