Сапарғали:
Қоржынды тұрақ қылған безер өзі,
Жалықпай бұл әлемді кезер өзі.
Байға да, кедейге де бірдей болмай
Кінәсін мойнындағы сезе ме өзі ?!
Нұржан:
Ақшаны жұмбақ қылдың, ноғайым-ай,
Шешуге жұмбағыңның оңайын-ай.
Байға да, кедейге де бірдей болмай,
Ақшаның кедейге еткен обалын-ай!
Сапарғали: «Енді жұмбақты сен айт, мен шешейін» , –
дейді.
Нұржан:
Қазанда мен бір нар көрдім,
Жалпақ емес өкшесі,
Құнан қойдай бөкесі .
Піскен алма секілді
Жануардың екі өркеші.
Алма мойын, аршын төс,
Әркімдердің еркесі.
Бұл жұмбақтың шешуін Сапарғали білсе де айтқысы келмейді. Қазандағы татар қызы десе, өзінің ұлты татар, бірақ
қазақ арасына сіңіп кеткен өзіне сөз келеді деп қауіптенеді.
Нұржан тағы жұмбақ айтады:
Бар екен бір тұғырда ұзын құрық,
Бұрасаң, орынынан кетер шығып.
Бір жансызы бір жандыға мініп алып,
Апырмай, өлтіре ме қылқындырып?!
Сапарғали жұмбақтың шешуін таппайды. Нұржан тымақты жұмбақ қылған екен. Бүған намыстанған Сапарғали:
«Ер кезегі үшке дейін, тағы жұмбақ айт!» дегенде Нұржанның
айтқаны:
Аты бар, адамы жоқ шанасында,
Жетегі жоқ дегенге нанасың ба?
Аңқиып ол ит-шанаң әне жатыр,
Шеше алмайтын осыны баласың ба?
Жұмбақтың шешуі босағада жатқан кебіс екен.