03.10.2022
  456


Автор: Нұржан Наушабаев

НҰРЖАН МЕН БИБІСАРА

Нұржанның бірінші жазған хаты:
Темір қалам, жорғалашы сүрінбей,
Оң қолыммен мен жазайын ерінбей.
Жансыз барып мақсатымды орында,
Басқан ізің қалсын жұртқа білінбей.
Махаббатым сізге шексіз ауып тұр,
Күн бұлттанып, басқа тұман жауып тұр.
Жамалыңа ынтық болып ауырдым,
Тап дауасын, бұл дертімнен сауықтыр.
Бойымды алды бетке тиген лебің,
Жанып отыр көрсем тоймай жүрегім,
Арманда боп өтем енді қайғымен,
Басқа жанға ауып кетсе тілегің.
Жанды жүрек жалғыз рет көргенде,
Ғашықтықтан болдым, сәулем,шерменде.
Аз сөзімді елеусіз қып тастама,
Дос болайық айырылмастай мәңгіге.
Қайтар жауап кешіктірмей осыған,
Жерің болса айт қолайсыз, шошыған.
Қатты айтсам, кешіре көр, қарғашым,
Арман болмас жас жүректе қосылған.
Сөз айтушы көп секілді өтініп,
Сіз дегенде беттің арын кетіріп.
Көптің бірі деп ойласаң, өзің біл,
Ұрсатұғын мұрсатым жоқ жекіріп.
Не қылсаң да, өзің білші, ықтияр,
Жүрек сөзін айтпасын деп кім тияр?!
Көптің бірі болып жаздым бұл хатты,
Дабыра етпе, ішіңізге сыр сияр.
Бибісара хатқа жауап қайтармай, біраз уақыт өтеді.
Нұржанның екінші жазған хаты:
Екінші жаздым сәлем етпей сабыр,
Болар деп қылсам тілек, көбі қабыл.
Тілегім жүзді салған тыңдалмаса,
Қайырымсыз құрбы болдың, еттің жәбір.
Сыртыңнан ынтықтырып жас жүректі,
Естіліп алыс жерден сіздің дабыл.
Аңғарар қатар теңді қалпымыз бар,
Арасын жақсы-жаман білген кәміл.
Бибісара бұдан кейін де жауап қайтармайды.
Нұржанның үшінші жазған хаты:
Талаптың талаптанып таттық дәмін,
Ойлайды, рас, әркім жастық қамын.
Өтініш сізге салған тыңдалмаса,
Кетірдің онда, қалқам, құрбың сәнін.
Ағзамнан алпыс екі билік кетіп,
Сізбенен жараспаққа мен іңкәрмін.
Тоқтатып сөз аяғын, тез сүйіндір,
Қапамын жолыққанша, мүшкіл халім.
Пайда жоқ көп кезуде көзге түсіп,
Аз сөйле көңіл сүйсе қолды қысып.
Ішінде істегенің кетсін, өлсең,
Және де жүрмеу керек қорқып-пысып.
Жас жүрек тез қосылсын алас ұрған,
Аз емес дұшпандарың аңдып тұрған.
Дос болсаң, жаныңды бер, әкел қолың,
Досыңа қалдырмай айт ішкі сырдан.
Үшінші, ең ақырғы сізден тілек,
Басылар қай уақытта жанған жүрек?!
Басыңды біреуіне тез бұрмасаң,
Кетпей ме әрқайсысы сойып-іреп...
Бибісараның жауабы:
Мәселен, ойнап-күлсең, алаңдама,
Кісідей ақылы жоқ жамандама.
Кісімен екі бірдей жақын болып,
Басыңды қыздан құнды арамдама.
Ойнасаң әр пендемен кетер құның,
Халыққа сынап тұрған болар мінің.
Жақын бол, өлсең-дағы бір кісімен,
Әркіммен жүрсең ұят, жаным, мұның!
Даярмын, жеке жүрсең, тайынбаймын,
Сескеніп еш адамнан тыйылмаймын.
Көңілің екіншіге ауып жүрсе,
Ұлықсат, бетіңізден қайырмаймын.
Жол беріп, сол досыңа тоқталамын,
Тартуға өз басымды оқталамын.
Өлуге жеке болсаң жанды қиям,
Екеудің біреуіне жоқ талабым.
Басқаға сізден бөтен көңілім кетпес,
Қосылған жас жүрекке нәрсе жетпес.
Мен дайын қай уақытта кел десең де,
Тағдырсыз дұшпан аңдып ештеңе етпес.
Сен үшін кетсе разымын беттен арым,
Өкінбен таза жүрсең, шықса жаным.
Сенің де көңілің болса мен секілді,
Ықыласпен қарсы алуға ризамын.
Осымен үш хат жаздың өлеңменен,
Алмаймын алдап сені өнерменен.
Тобықтай түйінін айт тоқсан сөздің,
Дос болсаң, қызмет қыл төбеңменен...
Нұржанның жауабы:
Бастан өтіп бара жатыр балалық,
Өтпей тұрып сауық-сайран құралық.
Жарылмаған жаңа қауын, балапан,
Жанабыңа хатты жазып, сыналық.
Сіз балапан темір қанат ұядан,
Біз бір тұйғын келіп жүрген қиядан.
Жазған сөздер қаперіңде қалыпты,
Кір қалмасын айтылмаған арадан.
Ілтипатпен мына сөзге қараңыз,
Келмес іске, сынамаймыз, шамаңыз.
Асыл көңілін құрбыңыздың қабыл деп,
Түсінетін бар, баласың, санаңыз.
Көрген сағат мас қылады жамалың,
Паш болмаған жұртыңызға амалың.
Қараңғылық қапасында жүргенде,
Бастан өтер үшбу тұрған заманың.
Бұл заманың дайын тұрмас басыңда,
Зейнеттелген ділдә жақсы жасыңда.
Соның үшін ғашық болдым мен сізге,
Аз-кем өмір болайын деп қасыңда.
Отыз тісің гаухарындай садақтың,
Парқын білдің неше түрлі әдаптың.
Айдай нұрлы, балдай тәтті шаһизадам,
Қалпы өзіңе белгілі ғой ғадаттың.
Қасың қара Мәскеудегі құндыздай,
Екі көзің өмірзая жұлдыздай.
Дүнияда жоқсыз ғайып өтетін,
Жігіттікке жетсек әгәр бір қызбай.
Еш адамға ұқсамайды затыңыз,
Шәрбатынан махаббаттың татыңыз.
Ғашықтықтың қапасына шыдамай,
Соның үшін жазылып тұр хатымыз.
Талабым жоқ өлмей жерге қонатын,
Талса-дағы сенің үшін қанатым.
Дидарыңды бір көрсем деп аз уақыт,
Ах, дариға, ойымда жоқ тағатым.
Жапандағы сайрап тұрған сіз бұлбұл,
Орын берші мекеніңнен, қызыл гүл.
Махаббатты теріс алмай көңілге,
Уа, шаһизадам, ендігісін өзің біл!
Мұны жазған Наушабайдың баласы,
Заманында шешен, ердің данасы.
Наушабайдың Нұржаны ақын атанып,
Бола алмаған еш адамның таласы.
Нұржан ақынның жары Бибісара Нұржан қайтыс болғаннан
кейін айтты деген кейбір шумақтар ел аузында жүр. Сексен
жасқа келіп қайтыс болған Битеннің Орынбайы деген кісі
айтқан әңгіме соның бірі.
Бибісара Уақтың қызы екен. Сауда жасамақ болып, қазүйрек алып, Қостанайға базарға келе жатқанда айтқаны екен.
Бибісараның мұңы:
Келгенде қырық жасқа жесір болдым,
Жесірлік, қашаннан-ақ кесір болдың.
Басыңнан бақ-дәулетің кеткеннен соң,
Қаз бенен балапанға көшір болдым.
Тағы бірде кедейлік тауқыметін тартқанда былай депті:
Қорғанкөл, Тобыл менен Ара қайда,
Жер түгіл сұлтаны мен бала қайда?
Айырылып бар жылқымнан қалдым жаяу,
Көретін ағайынды шама қайда?





Пікір жазу