03.10.2022
  1141


Автор: Нұржан Наушабаев

САПАРҒАЛИ МЕН НҰРЖАН АЙТЫСЫ

Сапарғали:
Құрметті, көп-көп сәлем, мырза Нұржан,
Жаралған бір жігітсің рухың нұрдан.
Көп күн боп көрмегелі келіп едім,
Сіздерді таба алмадым мекеніңнан.
Жөнінен сағынғандық жаздым дахи,
Жиһанда жігіт болмас сіздей сахи.
Екі-үш күн қонақ болып Меңзелікте,
Көрмекке нәсіп етті сізді, дахи
Жеткізсін Хақ-Тағала есендікке,
Есендік қажет жарлы Сұлтанбекке.
Ғизатың хасталанса ағайынды
Жатады ынтызар боп бір көрмекке.
Мен көрдім сырқауланып, көп ғаламат,
Жатқаным төсек тартып отыз күн нақ.
Аға-іні, жос-жарлардың дұғасында
Көп шүкір, бас көтердім сау-сәламат.
Пенденің бәрі алынбас ілтифатқа,
Жетеді қолмен істеп кім мұратқа?
Әр жерден риздығымызды құстай теріп,
Дахида келіп жеттім сіздің жаққа.
Қош енді, жолыққанша сау болыңыз,
Көре алмай кеттік сізді бұл жолы біз.
Һәмишә мұрат, тілек, ізгілікте
Жазушы Сапарғали – дос-жарыңыз.
Нұржан:
Жолықтым хатыңызға бізге жазған,
Өнерде адам бар ма сізден озған.
Есітіп, қапаланып хастеңізді,
Көңіл қорқып, суынып еді мұздан.
......................................................
Дахида халыңды естіп бір қуандық,
Есен-сау хастесінен жазылды деп,
Ахметжан атаңыздан хабарландық.
Сәламат көрерлікке күн бар ма деп,
Қуанып, қапа тартқан бек шатландық.
Бек қорықтым өзіме тап болған істей,
Опаны таппас пенде жапа шекпей.
Сапеке, жазды Құдай көрерлікке,
Келіпсің несібеңді терерлікке.
Денсаулық қанша байлық екендігін
Мүбада бір ғибрат дүр білулік те.
Тағы да бір сөз жаздым бұлайынша,
Бұрыңғы жүрген қалып бар ойымша.
Ойланып жүруші едім кез болса деп,
Сөз ашып, соқтығам деп қалайынша.
Сапеке, болса уақыт, жұмбақ жазшы,
Азырақ мәжіліс құрып, көңілді ашшы.
Шұқынып ізіңізге мен түсейін,
Болыңыз алға түсіп, бізге басшы.
Сапарғали:
Мен көрдім неше жүйрік даналарды,
Байқауға ойладың ба шамаларды.
Жұмбағыма қайтарса дұрыс жауап,
Біз де сынап қарайық балаларды.
Нұржаным, білдірейін сізге тағы,
Құс көрдім өзі жансыз, бір аяғы.
Теңізде салған жолы сайрап жатыр.
Байыппен ойлап тапшы мұны-дағы.
Нұржан:
Сапеке, айтқаныңды қазір табам,
Жансыз құс бір аяқты, мұның – қалам.
Теңіз, мысал, қағаз ғой, жолың – жазу,
Жұмбағың осыменен болсын тәмәм.
Сапарғали:
Бір нәрсе көруге көп, ұстарға жоқ,
Жазды күні көп болар, қыстауға жоқ.
Тұрмайды бір мекенде қарар айтып,
Қаншама Хаққа нала қылсаң да жоқ.
Нұржан:
Бұл сағым көріп, қолға ұстауға жоқ,
Жаз күні шілдеде мол, қыстауда жоқ.
Көшіп жүрген бір нәрсе мұнарланып,
Мекенін еш орынға нұсқауға жоқ.
Сапарғали:
Бір үй бар әйнегі жоқ һәм есігі,
Ішінде Құдай берген бар несібі.
Болады бірде жанды, бірде жансыз,
Білмесе Хақ-Тағала, жоқ кәсібі.
Нұржан:
Демеймін бұл сөзіңді бос болады,
Жұмбақты шешсем, көңілім қош болады.
Жұмыртқа әйнегі жоқ һәм есігі,
Әуелі жансыз, ақырда құс болады.
Сапарғали:
Мен көрдім бір теңізде темір қайық,
Әр пенде пайдаланар көріп лайық.
Үстіне түндігі жоқ үйді тігіп,
Кетеді ризықтанып барша халық.
Нұржан:
Дастарқан – теңіз, мысал, қайық – поднос,
Бұл күнде әмбе халық қойған ықылас.
Шыныаяқ – түндігі жоқ үй дегенің,
Әр пенде ризықтанып ішпей ме ас.
Сапарғали:
Бір нәрсе жансыз көрдім ғажап, қайран,
Табылар іздесеңіз жарлы, байдан,
Түрліше ішіп-жейтін азығы бар,
Отырып көп ішінде құрар майдан.
Басына бір қалпақты киіп алып,
Ән салар топ ішінде алуан-алуан.
Ағызған судан майын ұрттасаңыз,
Ләззаты артығырақ шекер, балдан.
Көргендер ғажаптанар қайран болып,
Отырар бір бұрышта сайран қылып.
Оларға шөлдегенде су бермесең,
Бүлінер бір сағатта ойран болып.
Нұржан:
Мысалы, ұқсатамын самауырынға,
Самауыр қажеті бар жарлы, байға.
Су мен шай, көмір мен от болар азық,
Қуаты айдаһарға ұқсамай ма?
Лаззаты бал, шекердей ішсеңіз шай,
Бұзылар суды құймай қайнағанда.
Сапарғали:
Бір нәрсе өзі жансыз, аяғы жоқ.
Су менен шөптен басқа тамағы жоқ.
Ішін ашып қарасаң бір мезгілде,
Тұрады жеген жемі жабағы боп.
Нұржан:
Шәйнектің ұқсатамын сияғына,
Су мен шай мысал қылды тамағына.
Ішіп шайды, қақпағын алғаннан соң,
Шамбасы ұқсамай ма жабағыға.
Сапарғали:
Айтайын мен бір жұмбақ ойлаңқырап,
Қарны бір, қанаты екі, сансыз құлақ.
Күндіз жүріп адамға көрінбейді,
Кеш шығып апанынан жатар сұлап.
Сөзіне еш адамның қарамайды,
Рақымсыз, суық жерді паналайды.
Хақ-Тағала фазылымен пәрмен етсе,
Тоқтаусыз әрбір күнде балалайды.
Нұржан:
Сүзгі бұл балықшылар қылған талап,
Қоржын бір, қанаты екі, сансыз құлақ.
Мұз астында жүргенде көрінбейді,
Кешке ойықтан шығарсаң, жатар сұлап.
Балалайды дегенің – балық түссе,
Көңілі иесінің болмай ма шат?!
Сапарғали:
Бір нәрсе етегі кең, найзасы бар,
Қосылған адамзаттың айласы бар.
Өзінің жерде-көкте мекені жоқ.
Пендеге мезгілімен пайдасы бар.
Нұржан:
Мұныңыз – ау, тоқыған айламенен,
Осыны балықшылар пайда білген.
Тигізбей жерге етегін, көкке басын,
Қояды суға салып найзаменен.
Сапарғали:
Бар екен бір айдаһар, жалғыз тілі,
Ұқсамас еш сипатқа оның түрі.
Өзі жансыз айдаһар жандыны алған,
Бойы нәзік, аулаған жәндігі ірі.
Нұржан:
Әуелде қорықсам саған жанаспан-ды,
Шамамнан келмегенге таласпан-ды.
Жансызың жандыны алған қармақ шығар,
Жұмбақтың шешуінен адаспан-ды.
Сапарғали:
Төрт құлақ, екі сырға, төрт табанды,
Екі қол қып істеген бір амалды.
Екі жанбас, төрт жілік, елу төрт омыртқа,
Адамға қызмет еткен әр заманда.
Нұржан:
Арбаның екі тәжі – ол сырғасы,
Екі жетек, төрт құлақ – бұрандасы.
Екі жанбас, төрт жілік – белағашы,
Қырық сегіз шабақ – омыртқа екі арасы.
Сапарғали:
Мен көрдім жансыз нәрсе үш сабағы,
Тұрмайтын дастарханда бар табағы.
Өзінің шоқпар басты бұйымы бар,
Асайтын қырық кесек бар тамағы.
Нұржан:
Бұл сөзді шығардыңыз көңіліңізден,
Көріп жұмбақ қыласыз көзіңізден.
Қырық кесек тамағы – қырық қадағы,
Өлшеп алып беруге қажет безбен.
Сапарғали:
Бір құс бар қанат жайса дөп-дөңгелек,
Адамнан еш уақыт жүрмес бөлек.
Ұшырса, қондырса да еркі адамда,
Шықпайды маңайынан көлеңкелеп.
Нұржан:
Мысалы, жайса зонтик құс секілді,
Тетігі қолда тұрған іс секілді.
Жауса панаң, күн шықса көлеңкесі,
Достығы бейне біз бен сіз секілді.
Сапарғали:
Бір нәрсе керегесі дөп-дөңгелек,
Ғажайып хисабы жоқ, көзің көрет.
Өзіне керек асын тастай берсең,
Қояды ірілі, уақты екі бөлек.
Нұржан:
Мұныңыз жұмбақ қылған елек еді,
Ұсағы – ұн, ірісі – кебек еді.
Қалды ма шешілмеген бір жұмбағың,
Сапеке, енді тоқтау керек еді.
Сапарғали:
Бір жансыз жолбарыс бар, екі тілі,
Байлаған екі шынжыр бекем мұны.
Жүрісі бір шарбақта әм тұрысы,
Дауыстап уақытымен шығады үні.
Алты пар шаян, отыз пар шегірткесі,
Шырылдар дамыл таппай күні-түні.
Нұржан:
Сапеке, «асулы тұр» сағат мұның,
Тұрады шынжырлары қабат мұның.
Он екі сағат – шаяның, алпыс минут –
Уақытпен соғып тұрған әдәт мұның.
Сапарғали:
Сұрайын мұны тағы Нұржан бектен,
Ұсталар халі емес істемектен.
Сырғалы, жалғыз құлақ, екі жақты,
Зәһәрді қорықпайды тістемектен.
Нұржан:
Сапеке, бұл айтқаның мосы темір,
Қорықпай ол тістеуге болған жебір.
Оңай-ақ шешуіме көрінеді,
Таппасаң Қазан барып, бөтен өнер.
Сапарғали:
Сапекең олай десең мұны жазған,
Алдырдым Қазандағы өнерпаздан.
Ерні бар дөп-дөңгелдек, өзі жұқа,
Сұйықты мұз қылады құйсаң аздан.
Нұржан:
Деп тұрмыз мұңынызды біз – шам, қалып,
Сұйығың – май, мұзың – шам болмай ма анық?
Шешуге мұнан оңай жұмбақ бар ма,
Тұтатып, пайдаланған әмма халық.
Сапарғали:
Шарықты, төрт аяқты, жалғыз тісті,
Жиһанда көре алмадым мұнан күшті.
Икемді әрбір іске шебер қолдай,
Шығарған мұны-дағы адам іскер.
Нұржан:
Адамдар мұны алып жүр қолы жеткен,
Өзінің хабары бар шеберліктен.
Шарықты, төрт аяқты, жалғыз тісті,
Ойлаймыз машина деп киім тіккен.
Сапарғали:
Бір нәрсе заты тастан, іші қуыс,
Ұсталар істеуіне құнды жұмыс.
Өтпейді балға, пышақ, өткір қылыш,
Қатеден күл болады қылсаң жұмыс.
Нұржан:
Шыныға басқа алмастан темір өтпес,
Ұсталар балға, төспен істеп жетпес.
Сынса егер іші қуыс бөтелкелер,
Бірігіп, еш уақытта қайта бітпес.
Сапарғали:
Бір нәрсе екі түрлі заттан болған,
Адамзат шығарады істеп қолдан.
Жұмсаймыз тазалыққа уақытымен,
Ғұмыры ақырында бітер судан.
Нұржан:
Сабын деп ойлап білдім мұның түрін,
Екі зат қып қойыпсың май мен күлін.
Ғұмыры су дегенде зая болған,
Пәк қылып тазартады тәннің кірін.
Сапарғали:
Мен көрдім патша елінің елі-жұртын,
Қаралар бірдей қылып бауыр, сыртын.
Шілде ауып, жаз ортасы болған кезде,
Қоймайды төбе шашын, сақал-мұртын.
Нұржан:
Соқамен жер жыртамыз егін салсақ,
Еңбексіз егін болмас, қарап тұрсақ.
Уақытылы егін пісіп жеткеннен соң
Жұлғаны сақал-мұртын – орып алсақ.
Сапарғали:
Бір нәрсе бас бойында тиегі бар,
Темірден салбыраған иегі бар.
Сабағы бірі қолда, бірі белде,
Адамға әр уақытта керегі бар.
Нұржан:
Бұл жүген, кигізеді әркім атқа,
Керегі бар емес пе адамзатқа?
Болғанда тізгін қолда, шылбыр белде,
Ауыздық салбыраған иек жақта.
Сапарғали:
Аты бар, серке жансыз, он екі қозы,
Жүрмейді рұқсатсыз ешбір өзі.
Осыған екі қасқыр көп таласып,
Ақылмен қамар бір күн келсе кезі.
Нұржан:
Сапардың шатыраш қой ойлағаны,
Тас тігіп, он екіден ойнағаны.
Бәрін де көрінгеннің жұмбақ қылдың,
Көңілге бар ма өнердің қонбағаны.
Сапарғали:
Тоқсан алты түгерек
Теңселеді бекініп.
Қырық тасы қосылса,
Алады біреу күтініп.
Дөңгелексіз белағаш,
Бір кіндікте тұр екен,
Жерге тимей сілкініп.
Ғажап, қайран бір нәрсе,
Елге барып, Нұржан-дос,
Осыны келдім мен көріп.
Нұржан:
Тоқсан алты мысқалың
Қадақты пұтқа қосқаның.
Белағашың гір шығар,
Осы ма сенің тосқаның?
Сапарғали:
Бір жәндік көрдім, өзі аласа,
Бөтен мақұлықтай емес тамаша,
Ешбір жанға қосылмай,
Жүреді өзі оңаша.
Бірі батып алмайды
Қасқыр, аю, жолбарыс,
Бәрі келіп қамаса.
Ұялып және қысылар
Тіктеніп біреу қараса,
Не баран, не қара емес,
Өзінің түсі тамаша.
Нұржан:
Үшбу жәндік – кірпі-дүр,
Сипаты оның түрлі-дүр,
Өзі ұялшақ дегенің,
Кісі көрсе, жүрмейді,
Домаланып жатқанда
Арыстан,аю, жолбарыс,
Аларын қалай білмейді.
Түгі оның инедей,
Ұстауға қолға көнбейді.
Сапарғали:
Тәңірінің бар бір құсы,
Қанаты алты, түгі жоқ.
Жерде де жоқ мекені,
Көкте десем, міні жоқ,
Мекенінен шықса өледі,
Оған қылар емі жоқ.
Нұржан:
Бұл сөзіңіз анық-ты,
Үйір қылдың жұмбақпен
Бұл жердегі халықты.
Қанаты алты, түгі жоқ,
Суда да жүзіп жүреді,
Далаға шықса өледі,
Сапеке, мұның балық-ты.
Сапарғали:
Бұлт бар мекенінде күрілдеген,
Қуаты іші-сыртында көрінбеген.
Адамзаттың қолында ықтияры,
Өзі жансыз, қызметке ерінбеген.
Өзінің жалғыз ауызы бар,
Алдында алтын жайнайды.
Бөлектеп туған бір сымды
Қуатымен байлайды.
Өзіне өзін жайнатып,
Ықтиярыңа қоймайды.
Қаһарланып тұрғанда,
Тиіп кетсе бір жерге,
Ешбір рақым қылмайды.
Екі кісі басында,
Бірісі тұрар қуанып,
Бірісі тұрар қуарып,
Үлестіріп береді
Шөлдегенін суарып.
Нұржан, енді шеше бер,
Осымен қойдым доғарып.
Нұржан:
Мұныңыз көрік екен күрілдесе,
Ішінде желі, қуаты көрінбесе.
Алтының шоқ қысқыш қой жайнайтұғын,
Бола ма әр қызметке бөлінбесе.
Екеудің бірі – ұста қуаратын,
Иесі соғып берсе қуанатын.
Балта, пышақ, кесетін нәрселерді,
Жақсылап, бабын тауып суаратын.
Сапарғали:
Тау көрдім теңізі бар, үш есік-дүр,
Алланың оған берген көп нәсіп-дүр.
Жоғары тауда біткен алты үй бар,
Алланың бұйрығымен тау көшіп тұр.
Екі үй екі мезгіл жабылады,
Ашық тұрса көп нәрсе табылады.
Егер де шыныменен жабылып қалса,
Жөн таппай таудың өзі қаңғырады.
.......................................................
Және де екі үй бар хабар күткен,
Ол-дағы жаратылған құдіретпен.
Алтыншы, бұл екі үйі бір орында,
Керекті хабарларын бергізетін.
..........................................................
Ол тауда жаратылған екі дарақ,
Әуелде Хақ-Тағала пәрменімен,
Өсіпті он бұтақты екі терек.
Жеріне түрлі-түрлі шөп бітеді,
Кей жерге аз, кей жерге көп бітеді.
Жаралған құдіретпен бұлай қылып,
Жаңбырсыз ия сусыз, тек бітеді.
Теңізде үш есігім салған үш жол,
Дегенде бір сәтті күн жаратылды ол.
Теңіздің ортасында төрт арал бар,
Төрт мезет сол мекенде айтты қарар.
Айдахар жолда, ол гаухар нұр тұтады,
Осыған жан иесі, бәрі барар.
Хабарын осылардың паш қылатын,
Алдында сайрап тұрған бұлбұлы бар.
Нұржан:
Адамзат – тау дегенің, теңіз іші,
Шешуге қиын болсын мұның несі?
Алты үйді ретпенен айтайын мен,
Алланың бұйрығымен жүрген кісі.
Екі көз бірге ашылып, жабылады,
Ашқанда әрбір нәрсе табылады.
Егер де соқыр болып қалса біреу,
Пенденің шарасы жоқ, қаңғырады.
Екі үйің – екі құлақ баста тұрған,
Хабар алып білуге жарап тұрған.
Егер де саңырау болып қалса біреу,
Қор болып, сәні кетіп, жылап тұрған.
Шығарып келесіңіз сөздің зорын,
Жұқалап жүруші едің мұнан бұрын.
Хошты, хошсыз иісті білгізетін,
Сапеке, бұл екі үйің – екі мұрын.
Екі терек дегенің – екі таяғы,
Халелде момын деген – ол – тамағы.
Құдіретпен мұның бәрі жаратылған,
Он саусақ, екі терек – қол баяғы.
Адамның денесіне түк бітеді,
Кей жерге аз, кей жерге көп бітеді.
Жаңбырсыз ия тұқымсыз өсіп шығар,
Үш жолдың біреуін біз ауыз десек,
Әрқайсысы өзінің орныменен,
Төменгі екі жолдан шығар несеп.
Нәпсі – айдахар болғанда, гаухар – ақыл,
Нәпсі бұзып кетпей бе болса ғафіл.
Тұрмай ма бұл төртеуі бар жерде ақыл,
Хабарын осылардың паш қылатын,
Сайраған бұлбұлыңыз – бұл қызыл тіл.





Пікір жазу