03.10.2022
  443


Автор: Нұржан Наушабаев

НҰРЖАН МЕН СЫРҒА ҚЫЗ АЙТЫСЫ

Нұржан:
Арқадан ұшып келген біз бидайық,
Бала деп естіп едім сөзге лайық.
Әркімнен хабарыңды естіген соң,
Келіп ем жүздесуге қанат жайып.
Мұраты ағаңыздың – сізді көрмек,
Қиын іс сүйек танып, қадір білмек.
Адамнан үшбу барған қалдырмаңыз,
Тартуға домбыраңыз болды керек.
Шығарып көңілдегі хастелерді,
Азырақ аттанайық, қылып ермек.
Өлеңші осы қыздың аты Сырға,
Теңселген төрт аяғы бірдей жорға,
Сұратқан өлеңменен домбыраны
Есіктен кіріп келді қолына ала.
Сырға:
Нұржеке, жоқ дүниеде қылмағаның,
Келді ойға мәжіліс етіп, қонбағаның.
Мені де бірге келсін деместен-ақ,
Лайық па қу ағашты бұлдағаның?
Әйелді Құдай құлы емес деп пе ең,
Көңілден кетер ме осы қорлағаның?
Нұржан:
Шырағым, келе сала шақпа мені,
Жөн білмей соқтығудың жоқ па міні?
Сағынсаң, ертіп бізді үйіңе апар,
Келер деп күтіп тұрмыз тоқтап сені.
Сырға:
Әзілмен келіп едім жанасам деп,
Ретпен кезегіме таласам деп.
Төрде төсек салулы, есік ашық,
Тоқталып, қорқамысың адасам деп?
Нұржан:
Шын көңіл табылады ашық болса,
Бұл сөзді таппас еді жасық болса.
Міндетті кетірудің жөні бар ма,
Іздеген есігіміз ашық болса?!
Сырға:
Телмірме онша маған көзін сүзіп,
Берермін сыбағаңды, тұрсаң төзіп.
Сый білмеген сиырша жармаспаңыз,
Есік пен көрінгенді өзімсініп.
Нұржан:
Болып ем сырттан ғашық есіміңе,
Тап қылды мені Құдай несібіңе,
Байқамай әуелі айтқан сықылдандың,
Лайық қандай нәрсе есігіңе?
Сырға:
Сен жүрсің жолаушылап, елің алыс,
Азырақ әзіл сөзбен қылдық жарыс.
Екі-үш ай жүргеніңді місе тұтпай,
Сөзді қой, жөнмен сөйле, шәлкем-шалыс.
Нұржан:
Екі-үш ай болып кетті біздің жүріс,
Ойлап ем болады деп қызық бір іс.
Келген соң сөз реті айтып едім,
Көңіліне тоқталайын, болса теріс.
Сырға:
Нұржеке, көрінесің көзге толық,
Сөзіме нашарланып, етпе зорлық.
Еліне жетуің де қиын болар,
Шүйкедей бір баладан көрсең қорлық.
Нұржан:
Сөзіме, жаңа білдім, көнгеніне,
Шаттанып қалдым мана-ақ келгеніне.
Ішімнен қуаныш етіп, рахаттанам,
Ағаңның толықтығын білгеніне.
Сырға:
Нұржеке, жел сөзбенен таса берме,
Ілмелеп, жоқ нәрсемен тоса берме.
«Ел іші – алтын бесік» деген қайда,
Ізіңді қайта айналып баса берме.
Нұржан:
Сөзіңнің түсінбеймін іреуіне,
Кез қылдың ылғи даудың тіреуіне.
Ізімді қайта айналып баспақ түгіл,
Бір сөзім ұқсамайды біреуіне.
Сырға:
Бұзығын ниетіңнің жаңа білдік,
Бір сөз де таба алмадық түсінерлік.
Сапасы кең іспенен жанаспайсың,
Ісіңнің бәрі-дағы өлермендік.
Нұржан:
Сырғажан, айтамысың соны сөз деп,
Кеткен жоқ оғым қате атқан көздеп.
Мен саған өлермендік етіп, жаным,
Барғам жоқ аяғымнан өзім іздеп.
Сырға:
Ағайым жаза атпайтын мерген екен,
Далада бос жатқанын көрген екен.
Алдынан сөзді кісі өткізбейді,
Қарайып көзі мұның, өлген екен.
Нұржан:
Шырағым, шынын айтып көсілді ме,
Мұрнына бұйда тағып, тесілді ме?
Иесі бар, уақыт жоқ, бос емес деп,
Манадан айтсаң, тілің кесілді ме?!





Пікір жазу