03.10.2022
  127


Автор: Нұржан Наушабаев

МӘШҺҮР ЖҮСІП АТЫНА НҰРЖАННАН БІР-ЕКІ СӨЗ

Кім өндір жүйеменен сөйлегенге,
Ләззат, қадірі жоқ білмегенге.
Тауыққа көзі соқыр бәрі бидай,
Мысалы, сөзді өлшеп білмегенге.
Нақылсыз, ғибратсыз өлең бе екен,
Өтірік ертегі айту өнер ме екен.
МәшҺүр Жүсіп қожа деп зорайғанға
Ойлап ек, бүтін жөнін білер ме екен?
Қалмады ертегіден жазылмаған,
Дейді деген сөздері бұзылмаған.
Болмағанды болды деп орындауы-ай,
Лайықсыз көрініп тұр әзір маған.
Болмайды ертегі айту өлеңшілік,
Бақсы, ақындар қылады тіленшілік.
Мағынасыз сөзбен өзін зорайтушы-ай,
Мұнысы қожекеннің тым ерсілік.
Таразы өлшемі бар әрбір заттың,
Мұншама зор атақты қайдан таптың?
Мәшһүрмін деп ешбірі айтылмаған,
Бұрынғы қандай да зор мәслихаттың.
Сіздің іс көрінеді былай маған,
Көңіліңіз уланып, ылайланған.
Қожеке, өткендерден ғибрат ал,
Олар да мәшһүрмін деп зораймаған.
Білгенге білімділер таласпайды,
Нақ пенде әрекеті адаспайды.
Мәшһүрдің мағынасын ойлап қара,
Қожеке, сіз бен бізге жараспайды.
Қой енді, ертегіні жаза берме,
Жоқ іске қиялыңды бұза берме.
Қанша жылғы моланы тірілтем деп,
Аузыңды жөні осы деп соза берме.
Кірленер көңіл таза бақпаған соң,
Сөз тыңдауға болмайды жақпаған соң,
Тасқа сөз бастырам деп не мағына,
Еш ғибрат пайдаланар шықпаған соң.
Оқуым қара танып, сөз жазарлық,
Дариға, білім қайда жұрт озарлық?
Хаузадай фабрикант болмасақ та,
Шамалы тұрарым бар бір базарлық.
Мәшһүр ісін шығарған Жүсіпбекке
Тұрарымды сатпаймын аз деп көпке.
Қадірін шешендіктің зайғы қылып,
Мағынасыз жауҺарыңды төкпе текке.
Не мақсат жазуыңда мұны бастап,
Төсіне кірді ме олар сені қыстап.
Молықай, мылжың дегеннен құтылып ек,
Қолына шипа қылдың қалам ұстап.
Енді сен ертегіні таста, қожа,
Білсеңіз, өсиет, уағыз баста, қожа!
Бағасы бір жерлерде көрінеді,
Әр сөзге көрінесің ұста, қожа!
Ғазалың халыққа жайылып, қадірің артар,
Онымен қалам деме, таста, қожа!
Қиссаңыз пәлен мазар, түген мазар,
Мұныңыз мағынасыз іс қиял бұзар.
Алпамыс, Құбақандай ұлтан-шолтан,
Ондайды ойыңыз жоқ сіздің жазар.
Жоқ іске ақыл-миды бітіресің,
Әуелден керек емес, бекер осың.
Өтірік хикаятты жазып-жазып,
Қалайша дұға қыл деп өтінесің?
Білмеймін, өнер керек анық толған,
Мағына жоқ сөзде бекер шалықтаған.
Нұрғожа деген біреу және шықты,
Өзі сөйлеп, сөзіне зауықтаған.
Біліп өкініш білімнен құр қалғаның,
Қошеметін айтпайық біз жалғанның.
Не айтқаны белгісіз, мәшһүрмін деп,
Біреуі осы шығар сандалғанның.
Дабысын зорайтқанға өшігем мен,
Бұлардың жалынышты несіне мен?
Білгізіп ақымақтығын уаланған,
Болмайды түсірмесем есіне мен.
Болдып тұр нендей іске мәшһүр бұлар,
Ұяттан, ойлап тұрсақ, бос та болар.
Орынбай, Тоғжан, атығай Шал, не шешендер
Ауыр сөз айтып көрген жоқ ешбір бұлар.
Сөз деген бәрі бірдей болмас түстес,
Лайықсыз сақтағанмен ішті теспес.
Бағасынша әр нәрсенің базары бар,
Қай күнде саф нәрсенің қадірі кетпес.
Арман көп бір мәжілісте болмаған соң,
Майданға сөзді қатар салмаған соң,
Жалғыз шауып болады бәрі жүйрік,
Көзбен көріп, мейірің қанбаған соң.
Таусылмас менің сөзім сарқылмаған,
Ақиық мұзбалақпын саңқылдаған.
Дайынмын қалай алып сілтеуіңе,
Қылыштай асфаһани жарқылдаған.
Абылайдың айшықты ала туындай-ақ,
Қалыбым бар нендей істе айқынданған.
Дағдармай, топтан озған жүйріктей-ақ,
Тозаңым шапқан сайын бұрқылдаған.
Бас қосып өншең жақсы келгенінде,
Жүрегі талайының солқылдаған,
Не айтсам өз қалыбыма бәрі лайық,
Мақтаншақ өлеңші емен тарқылдаған.
Жұрттан асу болмайды топтан озбақ,
Шамасын біледі әркім болмаса ақымақ.
Мағынасыз, өлшеуден тыс сөз сөйлемей,
Абзалы, жігіт данасы өзін бақпақ.
Болмайды ел аузына елек қойып,
Боласың жалғыз мәшһүр кімге қақпақ?!
Белсеніп, мықты болсаң, шық майданға,
Мақсат болса Нұржанмен сөз сынаспақ.
Сені жеңіп кетер деп сескенбеймін,
Ханнан қазық, қойсаң да биден тоқпақ.
Ана жыл біздің елге келіп кеттің,
Нұржан келсін дегенде сонда не еттің?
Ондайды қой деп мұрын шүйіріпсің,
Сандалып, ашылуын білмей көттің.
Сөз бермей отырыпсың желдей есіп,
Өздері де ойлапты мұны десіп.
Бір сөткеге жетпей-ақ сыр алдырып,
Кетіпсің жолддасыңмен төбелесіп.
Шатыпсың әр нәрсені сондай оттап,
Бүліндің өзіңді өзің неден мақтап?
Өнерің білімің мен неше мысқал,
Есептеп, әлдеқашан қойғам шоттап.
Жарасы жазылғанша бас көтермес,
Шеңгелді желкесіне салсам мықтап.
Келеді осындайда неше буын,
Мұнарлы қара бұлттай сөзім қаптап.
Сендейдер біздің елге келетұғын,
Не жақсы, не жаманды көретұғын.
Жемтікке тойған кезді уаланып,
Құспын деп қарға-дағы кебетұғын.
Дүнияда жалғыз өзің сықылданып,
Дедің бе бізді тышқан ілетұғын?
Зайғы қып жүрісіңді не қыласың,
Әр қойды жетім қозы еметұғын.
Беріде неше тазды емдегенмін,
Даруым дайын менің себетұғын,
Осыдан ғибрат алып, тоқтамасаң,
Желкеңнен сөзім дайын мінетұғын.
Мен болдым өз ойыммен дегендердің
Нешеуі ақырында бүлетұғын.
Баласы Орта жүздің жиылғанда,
Қалыбын біздің сөздің білетұғын.
Кетпейтін тегеуірінім дақ түсірмей,
Аспанда лашын құстай тебетұғын.
Айтқаным өтірік емес жала қылып,
Сөйлесең не қыламын шама қылып.
Емессің дін иесі ишан, хазірет,
Сөзді қой мәшһүр деген тоба қылып.
Ібілістің бір есімі ғазиз еді,
Екі есімді жүрмісің жора қылып?





Пікір жазу