АТ – ЕРДІҢ ҚАНАТЫ
Ат-дүр – ердің жолдасы,
Ұл-дүр дәулеттің басы.
Қыз һәм болса көңіл хошы,
Зүрият керек жігітке.
Ат-дүр – ердің қорғаны,
Мінсе бітер арманы.
Естен шығармағын Алланы,
Кішілік керек жігітке.
Ат-дүр – ердің қанаты,
Сөзімнің жоқ-ты ағаты.
Малсыз болмас еш қуат
Саясатлы мәрт жігітке.
Ат-дүр – ердің сәулеті,
Болса серік дәулеті.
Артар көңіл қымбаты
Тәңірі берген жігітке.
Ат-дүр ерге лайық,
Көре алмай күндер халайық.
Жаратпай мұрнын жиырар
Берекелі істерді.
Айтса-дағы тынарлық
Еңбегі зайғы жігітке.
Ер серігі ат болар,
Мінсе көңілі шат болар.
Жоқтығына қарамай,
Кейбір көкжал мәрт болар.
Шатылып дұшпан сөз айтса,
Лайық көрмей істерін
Қапалықпен дерт болар.
Бір Алла, өзің жеткіз деп,
Бермек, алмақ шарт болар
Біртүрлі сахи жігітке.
Атсыз еш ер жүре алмас,
Наз бедеуді майданда
Жалқы жігіт міне алмас.
Қанат, құйрық – сүйеніш,
Ағайын, дос-жар көп болса,
Маңына дұшпан келе алмас.
Өзінің теңі болмаса,
Алтыннан қылған тұғырға
Сауысқан, қарға қона алмас.
Ұқсағанмен сипаты,
Мінез-құлық істері
Муафиқ болып келе алмас.
Бағзы адамның қалыбы –
Күншілдік етіп көре алмай,
Жақсы атақ бере алмас.