03.10.2022
  153


Автор: Нұржан Наушабаев

ҚАТТЫ АУЫРЫП ЖАТҚАНДА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Бір жаста ана қарнынан
Жерге түстім жан болып.
Шырылдап арман қалмады.
Бесікте жаттым іңгәлап,
Көзімді аштым тырналап,
Емшек емдім аймалап,
Көрдім, арман қалмады.
Бір жасымда өлді анам,
Жетімдік дерті бек жаман.
Талпынтып, мені сүйе алмай,
Он сегізде қаза боп,
Анамда кетті көп арман.
Анам марқұм қуатпен,
Тәңір берген ермек деп,
Дүниені шарқ ұрдым,
Екі қол мен аяқты
Қары су қып еңбектеп,
Талпындым, арман қалмады.
Сол кездерде тіл шығып,
Келіп қалдым беске де.
Ойыннан басқа бір нәрсе
Кірсе менің есіме,
Мойынынан құшақтап,
Секірдім әке төсіне,
Еркелеп, арман қалмады.
Жетіде оқи бастадым,
Үйреткенін молданың
Екі айттырмай ұстадым.
Төрт-бес жылдың ішінде
Қағаз танып, һәм жазып,
Ойынды мына қызық деп,
Сол шамада тастадым.
Тайды мініп жайладым,
Түйе болса, ойнадым.
Тентек болдым шамасыз,
Қой десе де қоймадым.
Жігіттіктің қызыл жел
Лебі тиіп, сол кезде
Талпынып, талай ойладым,
Мұнан да арман қалмады.
Мұнан соң келдім он беске,
Баспадым аяқ оңды іске.
Бұраң бел, үкілі шоқтарды
Қол салып, құштым, дәл төске.
Жастыққа біткен мастанып,
Бел шешіп түстім күреске,
Мұнан да арман қалмады.
Жиырма деген келді жас,
Қызығына жігіттік
Һауаланып, болдым мас.
Дүниені сапырдым,
Асты-үстіне аралас.
Көңілге алған ісімді
Істемей арман қалған жоқ,
Өтірік емес, бәрі рас!
Жігіттікке арман қалмады.
Жігіттік дерті жүректе
Жиырма бесте қанбады.
Сол кездерде істедім
Көңілге алған керекті.
Бере көр деп тіледім
Бір Құдайдан тілекті.
Лайықтымен табыстым,
Әр топтан іздеп көмекті,
Жолдасқа арман қалмады.
Уа, дариға, сол кезде
Қымбат аға, құрбым-ай,
Арқасында ерлердің
Ойға алғаным қылдым-ай!
Ойран салып отызда,
Тұр деген жерге тұрдым-ай,
Істелмей қалған бір іс жоқ,
Не бол десең, болдым-ай!
Төрде отырып жайнадым,
Бұлбұл құстай сайрадым.
Жастықтың мастық ауасы,
Қастыққа болат қайрадым.
Қырықта қайттым райдан,
Тіледім тілек Құдайдан.
Үлгілі неше шешендер,
Ғибрат алдым талайдан,
Білдім, арман қалмады.
Әр нәрсені ойлантқан,
Қайтейін, өттің, елу-ай!
Әділдік, байлық, тыныштық,
Толықсып тұрған елім-ай!
Әр қиядан бас қосып,
Пар, тройка ат жегіп,
Салдым неше жорықты-ай!
Аз өмірдің ішінде
Сол сабаздар азайып,
Не қызықтың құруы-ай!
Не екені белгісіз,
Ісінің бәрі үлгісіз,
Заманның бұлай болуы-ай!
Неше қымбат ағаның
Бәрін қолдан өткіздім.
Деп айтады сол ерлер,
Өзім сүйреп жеткіздім.
Тіршіліктің мақсатын
Қадари-хал өткіздім.
Ыңғайсыз келдің, елу бес,
Қайтейін, болды еңбек еш.
Әр пендеге тап келер
Тағдырында болған іс.
Қуат бер, Алла, бір өзің,
Қайғыменен қайнады іш.
Алпыстан асып жасымыз,
Қолға алдым таяқты.
Шөңгеріліп тұра алмай,
Еңкейе бастым аяқты.
Бетімнен қызыл нұр кетіп,
Көзімнен де сор ақты.
Қараңғыда отырмын,
Сөндіріп жанған шырақты.
Ұстап тұрмын қолыма
Екі түрлі екі тал,
Қызығын соның көрсетіп,
Ашқайсың, Алла, қабақты.
Толғатпа, көңілім, толғатпа!
Әр нәрсені ойлатып,
Қапалы көңіл қозғалтпа.
Ішке сақтап, дерт тілеп,
Лебізің шығар, құр жатпа.
Сен де сонан ғибрат ал,
Тұлпарлар да қалатын
Бірде озып, бірде артта.
Жалғыз туар жақсы бол,
Алланың өзі теңгерер.
Бергеніне қыл шүкір,
Көзіңнің жасын кім көрер?
Бір күнде керек болар деп,
Нешеулерді бақтық-ай.
Ағайын болса, шет болсын,
Бәрін қалай таптық-ай?
Шара бар ма өмірдің
Осы болса ақтығы-ай?!
Ер жеткен бала тұрған жоқ,
Мен жатырмын ыңыранып,
Жұмсауға адам таба алмай,
Жанашырдың жоқтығы-ай!
Бұл сөзді айтқан Нұржан ер,
Кімді алмаған қара жер?
Озып туған қатардан
Ақылға диқан еді шер.
Бұл ерлермен жүрмеген,
Мәжілісіне кірмеген,
Бұлар да пәлен-түген дер.
Адамзатқа лайық,
Нендей жөнге сай еді,
Ақылға диқан кемеңгер.
Нұржанның сөзін қолға алып,
Әрбіреулер оқысын,
Балаларға жазып бер!
Ұлғайсам да болмайды,
Сөйлемеске біздің тіл.
Орынсыз босқа төгілді
Інжу-маржан, қызыл гүл.
Кемітті хал-бағамды
Кешегі тауық өткен жыл.
Сөз бағасын білгенге
Өзім – арзан, сөзім – пұл.
Сөз иесі азайып,
Әйелдей жесір қалдым тұл.
Тыңдаушы мұны азамат,
Дұғагөйі қалмады,
Иманы нәсіп болсын деп,
Нұржан ерге дұға қыл!





Пікір жазу